Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәселелер шешімін табады

0 188

Нұр Отан» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі «Мемлекеттік қызмет көрсету» бағыты бойынша комиссия мүшелері қалалық «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының» жұмыс сапасымен танысты.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Бақылау комиссиясының төрағасы Абай Нұржанов бастаған топ мүшелері әуелі автокөліктерді тіркейтін және жүргізуші куәліктерін рәсімдейтін операциялық зал, емтихан сыныбы, дайын құжаттарды беретін сектор, әкімшілік полиция басқармасы қызметкерлерінің кабинеттерінде болды. Елімізде мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын арттырып, қағазбастылықтан арылту мақсатында электрондық қызметтер енгізілуде. Партиялық рейд барысында аталмыш орталық қызметінің біршама электронды жүйеге ауысқандығын аңғардық.


– Қазіргі уақытта мамандандырылған бөлім жүргізуші куәлігін беру және көлік құралдарын шығару және қайта тіркеу бойынша қызмет көрсетеді.
Соңғы жаңашылдыққа сай көлік құралдарын тіркеу мемлекеттік қызметі 2 сағаттан 1жарым сағатқа қысқарса, жүргізуші куәлігін ауыстыру 90 минуттан 1 сағатқа ықшамдалды. Ал қағаз жүзінде ауыстыратындар үшін 2 сағатқа созылады. Үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап көлік құралдарын тіркеу куәлігі жаңа үлгіде шығарылып жатыр. Бұл жаңа куәлікте барлық мәліметтер сақталады. Көлік құралының төлқұжаты – темір тұлпар жайлы барлық ақпарат жазылатын көліктің туу туралы куәлігі іспеттес құжат, – дейді Тараз қаласы «Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының» бөлім басшысының орынбасары Нұрдәулет Темірбеков.


Ал жоғарыда аталған екі қызмет түрі бөлімнің өзіне-өзі қызмет көрсету секторы арқылы 2018 жылдың шілде айынан бастап жолға қойылған.
– Былтырғы жылмен салыстырғанда өзгерістер бар. Мәселен, өткен жылы ғимараттың 1 қабатында халыққа қызмет көрсету орталығымен қатар ІІД қызметкерлері бірге отыратын. Қазір тек қана орталық қызметкерлері жұмыс істейді. Алайда орталықтан қызмет алушылар саны күн санап артуда. Сол себепті бұл қабаттың өзі қазір тарлық етуде. Бұл мәселе алдағы уақытта шешімін табады. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету барысында тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер арасында делдалдар жүреді екен. Жасыратыны жоқ, осы мәселе әлі күнге дейін бар. Мұндай әрекеттің жемқорлыққа апаратыны даусыз. Орталық мамандарының айтуынша, аталған мәселенің саны азайыпты. Себебі қазір халықтың да жаңа инновацияға деген сауаты ашылып келеді. Қазір кез келген тұрғын онлайн портал арқылы өзіне-өзі қызмет көрсете алады, – дейді комиссия төрағасы Абай Құралбекұлы. Партиялық бақылау барысында комиссия мүшелері халыққа қызмет көрсету бағытына аса көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.