Қалалық қоғамдық-саяси газет

Аялдамаңнан адаспашы, Адам!

0 165

Олар алқалы жиында аталы сөз айтпайды. Олардан ешкім ақыл сұрамайды. Оларды қоғам кейде тіпті адам деп қабылдамайды, елемейді де. Себебі олар өздерін жоғалтып алған. Өйткені олар өмір сүруге икемсіз, қабілетсіз. Дәлірек айтқанда, олар – өз жолынан адасқандар. Өлексе жеп күнелткен өлмес күннің жетегінде жүрген қаңғыбастар – боямасыз өмірдің мәнін таппағандар.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Бірі кезінде сүрініп кетіп тағдырын бүлдіріп алып, еңсесін қайта тіктей алмай қалса, енді бірі ащы судың жетегіне ергендер. Бірін біреу алдап соғып, барынан айырса, енді бірі өз еркімен тентіреп жүріп тағдырын талқандап алған. «Бомж» атанып кеткендерге көбі «қоғамның қалдығы» деп жиркенішпен қараған күнде де олардың адам екенін ұмытпағанымыз жөн. Олар – тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздар. Не десек те, олар мына бүгінгі тұтас қоғамның бір бөлігі екені хақ.

Тағдыр тәлкегіне түскен қорғансыздарды әлеуметтік дерт деп қарасақ, кез келген ауру сияқты емдеп, жазып, қоғамға бейімдеу керек. Міне, осы мәселемен Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендіруге арналған орталығы айналысады. Бұл мекеме қызметінің негізгі мақсаты – тұрғындардың санитарлық-эпидемиологиялық жағдайын қамтамасыз ету, тұрақты емдеуді қажет етпейтін азаматтарға әлеуметтік, медициналық және басқа да көмек көрсету. Мекеменің штаттық саны 60 қызметкерден құралған. 2019 жылы орталыққа жүгінген белгілі тұрағы жоқ азаматтардың саны 230 адамды құраған. Олардың ішінде 201 ер адам болса, 29-ы әйел.

– Біздің орталыққа осы жылы денсаулық сақтау ұйымдарынан – 21, өз еркімен келгендер – 60 және мобильді әлеуметтік патруль қызметі арқылы – 65, ішкі істер бөлімінен – 84, оның ішінде бас бостандығынан айыру мекемесінен арнайы жолдама хатпен 56 адам қабылданды. Орталық тарапынан бұл азаматтарға барлық әлеуметтік көмек түрлері көрсетілуде. Сонымен қатар 53 азаматтың 13-і тұрақты жұмысқа және 3 азамат «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС мекемесіне орналастырылды. Яғни 16 қызмет алушы жұмыспен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар бұл 56 азаматтың бүгінгі таңға дейін 33-і әртүрлі себептермен орталықтан шығарылған. Мобильді әлеуметтік патруль қызметі бойынша 2019 жылы қала тұрғындарынан орталыққа 58 қоңырау келіп түсті. Жалпы қоңырау түскен жол бағыттары және рейд бағыты бойынша 64 азаматқа алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, 60 адам орталыққа орналастырылды. 3 азамат ауруханаға орналастырылса, 1-і көмектен бас тартты. Ағымдағы жылы қала көшелеріне арнайы 20 рет рейд ұйымдастырылып, арнайы рейд кезінде 41 азамат кездесіп, олардың 33-і көмекке мұқтаж еместігін айтып көмектен бас тартса, 6-ына көмек көрсетіліп, орталыққа орналастырылды. Ал 2 азамат мас күйінде болғандықтан, учаскелік полицияға тапсырылды, – деді осы орталық басшысының орынбасары Бекайдар Қырықбаев.

Орталықта дәрігерлік, медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Сондай-ақ құжат даярлап, жұмыспен қамтуға және қалған ғұмырында далада қалмауына да атсалысады. Ағымдағы жылы 23 қызмет алушыны Арнаулы әлеуметтік қызметтер ұсыну орталықтарына орналастырса, 6 қызмет алушы мүгедектік тобына шығарылып, 3 қызмет алушыны мүгедектік тобына шығару мақсатында құжаттары өткізіліп, жұмыс жүргізілуде.

Сонымен қатар «Тазалық – денсаулық кепілі» екені ескеріліп, мемлекет қамқорлығындағы азаматтарды төсек жабдықтары, киімдері уақытылы ауыстырылып, залалсыздандырылады. Сондай-ақ тұрғындарға санитарлық нормаларға сәйкес гигиенасына қажетті заттар беріледі. Орталық тұрғындарына айына 1 рет жиналыс өткізіліп, онда оларды техникалық қауіпсіздік ережелерімен таныстырып, тәртіптері туралы ескертулер айтылады. Жатар орын, ішер аспен қамтылғандар үшін жайлы мекемеде тағамды да дәмді әрі сапалы тағайындалуы күнделікті қадағаланады екен. Сонымен қатар мұнда мереке күндеріне орай мерекелік тағам әзірленеді.
Адам жаны қашанда жылылықты, қамқорлықты аңсап тұрады. Осы орталықты паналап келген жандар да сол асыл қасиеттерге зәру. Олардың әрқайсысының іздемейтін туыс, керек етпейтін бауыр, құшпайтын жар, тартпайтын балалары бар. Осы мекемені паналап жүрген Болат та бір кездері ана құшағындағы ерке бала, сүйікті жар, мейірбан әке болған. Жиһазға толы өз үйі, көлігі де бар еді. Бірақ бір кездері ғана… Бар бақытынан қалай, қайда көз жазып қалғанын есіне де түсіре алмады. Оның бар ғұмыры 2006 жылы тоқтап қалған сияқты. Себебі ол сол жылы бәрін жоғалтты.

– 47 жастамын. Есімім – Болат. Тараз қаласында туып-өсіп, балалығым да осы қалада өтті. Әкем болмағандықтан, анам көп жұмыс істеді. Бәлкім, мені асыраймын деп күн құрғатпай еңбек етіп жүріп тәрбиемнен көз жазып қалды ма, білмеймін. Бар білерім, анам мені оқытып, жұмысқа тұрғызып, баспанамен де қамтамасыз еткен. Үйлендім, екі сәби сүйдім. Бірақ мен басқа, көңілді ессіз өмірді таңдадым. Себебі басында бәрі қызық болатын. Ащы судың буына еліткен сәтте өмір түрлі түске боялып, айналаң ғажап, тамаша көрінеді. Ең сорақысы да сол, мен өзімнің ішімдікке салынып бара жатқанымды мойындамадым. Емделіп, ішкілікті қойып, бұрынғы өмірге қайта оралғым келген сәтте арада көп жылдарымды желге ұшырып алғанымды ұқтым. Қасымда ешкім қалмағанын түсіндім. Бәріне өзім кінәлі екенімді мойындадым. Бірақ бәрі кеш еді. Мен ешкімді таппай, адасып қалдым. Кері қайтуға жол жабық. Бәрі өзгерген. Бірақ ішуге құлқым соқпады. Сол есімді жиғаннан бері татып алмадым. Бірақ көше кезіп, қаңғып жүріп көз ілдім. Жұрт тастаған қалдықты қорек еттім. Әлдекім осындай форталықтың бар екенін айтып, жол сілтеді. Енді осында келіп, жұмысқа тұруға ниет етіп жүрмін. Жанұя құрып, жар сүйсем деймін. Керек ететін адамның аялы алақаны болса дейсің. Өткен уақытты кері қайтара алмайтынымыз қандай өкінішті, – дейді Болат.

Біреулер тағдырдың басқа салған тауқыметіне көнеді, көндігеді. Сөйтіп қайғы жұтады. Енді біреулер сол қайғыны қолдан жасап, өзі жұтып, өзгені де өз қайғысымен тұншықтырады. Өмір көлігінің доңғалағы дамылсыз айналып, тоқтаусыз жүріп жатыр. Өз аялдамаңыздың қай тұста екенін ұмытып кетпесеңіз болғаны…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.