Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қалада газ құбырлары толығымен жаңартылды

0 186

Бүгінде газ құбыры желілері заман талабына сай жаңа полиэтилен құбырларға ауыстырылған. Бұрын газ құбыры көше бойымен үй жағалай тартылып келсе, оның барлығы жер астымен жүргізіліпті. 2011 жылы басталған жұмыстар толығымен аяқталып, жаңғырған жүйенің жемісін тұрғындар көріп отыр.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Жалпы облыстағы газ құбырының ұзындығы 4780 километрді құрайды. Оның Тараз қаласына тиесілісі – 1510 километр. Сондай-ақ өңіріміздегі 10 ауданның 8-іне табиғи отын кіргізілген. Қазіргі таңда облыста көгілдір отынмен қамтылған аула саны 190541-ді құрап отыр. Бұдан бөлек, табиғи отынды 314 өнеркәсіп ошағы мен 5411 коммуналдық кәсіпорын тұтынуда.
Атқарылып жатқан жұмыстармен таныстыру барысында ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның Жамбыл өндірістік филиалы қызметкерлері БАҚ өкілдерімен нысандарды аралап, рейд жүргізді. Алдымен іске асқан жұмыстар жайын баяндап берген «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы Жамбыл өндірістік филиалы директорының бірінші орынбасары Асфат Олжабаев жаңа жобаларды да тілге тиек етті.
– Қалада бағдарлама аясында атқарылып жатқан жұмыстар екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде 2012-2016 жылдар аралығында 712 шаршы шақырым газ құбыры тартылса, 14660 жеке шкафтық пункт орнатылып, 23233 абонент жаңартылған жүйеге қосылды. Ал 2017 жылы басталған екінші кезеңде 1-ші газ қуатты кешені іске қосылды. 1-ші және 5-ші газ нысандары толық салынып бітті. 82 км газ құбыры тартылып, 2596 жеке шкафтық пункт орнатылып, оған 3518 тұтынушы тартылды, – деді Асфат Елубайұлы.
Жерүсті ескі болат газ құбырларын едәуір ұзақ мерзімге жарайтын жерасты полиэтилен құбырларға ауыстыру желілердің бүтіндігін және қауіпсіздігін арттырып қана қоймай, қаланың бірегей архитектуралық келбетін сақтап қалуға мүмкіндік беруде. Жоба «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ы қарыздық және өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Және газбен жабдықтау сызбасын газ берудің үш сатылы жүйесінен қос сатылыға өзгерту, автоматтандырылған басқару жүйесін енгізу жоспарлы түрде жүзеге асуда. Мамандардың айтуынша, жаңа полиэтилен құбырлары табиғи-сейсмикалық апаттарға айтарлықтай төзімді екен. Жаңа жүйе тұтынушыларға да, сала мамандарына да тиімді. Газ құбырларының жарамдылық мерзімі 50 жылдан аса уақытты қамтитын көрінеді. Дегенмен қала тұрғындары газ құбырларын ауыстыру жұмыстарынан кейін қазылған күйі қалып кеткен көшелердің жайын айтып шағымданады. Сала мамандары мұндай мәселемен күнделікті кездесіп отыр екен.
– Біз шаһардағы газ желісін тартуда көптеген қиындықтарға кездестік. Басқа коммуналдық мекемелер сияқты жолдың ортасымен жүргізе алмаймыз. Өйткені онда жылу желісі жатыр. Жаяу жүргінші жолын бүлдіруге тағы болмайды. Оның қасында талай жылдан бері өсіп тұрған ағаштар бар. Сонымен газдың жаңа желісін жолдың жиегімен салуды ұйғардық. Сөйтіп, бұл жұмысты «ДС-Тас» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Біз бұл жұмысты 8 учаскеге бөліп атқардық. Ендігі жерде біздің абоненттер бұрынғыдай газ жетіспеушілігінен арылды. Енді газ тұрғындарға кедергісіз берілетін болады. Жобаны іске асыру барысында шаһарда жеке сектордағы 899 километрді құрайтын газ құбыры ауыстырылды. Тұтынушыларға газ жаңа салынған орташа қысымды газ құбырлары арқылы шкафты тарату пункттері және ШРП арқылы жалғанып жеткізілуде. Бұл жобаны іске асыру барысында газбен жабдықтау жүйесінің өткізу қабілеттілігін 1,5 есеге арттыру мүмкін болып отыр. Соның арқасында бүгінде газ қысымының жеткіліксіздігі шешілген. Қазылған көшелер мен газ құбырлары тартылған орындарды жұмыс жасаған мекеме толығымен қайта қалпына келтіріп береді. Сондай-ақ мердігер компания 3 жыл бойына өз жауапкершілігінен босатылмайды. Олардың жұмыстары зерттеліп, арнайы мамандармен тексерілді. Тұрғындар біздерге қатысы жоқ жолдар мен нысандардың алдын асфальттап беруді сұрап шағымданады. Ал біздер тек өзіміз қазған орындарды ғана қайта қалпына келтіреміз, – дейді өндірістік техника бөлімінің бастығы Абыл Юсупов.
Атап айтар болсақ, өткен жылы 1-ші іске қосу кешенінің 2-ші, 3 және 4-ші нысандарында жұмыстар жалғасып, 68 шақырым газ құбыры төселген. 2289 жеке шкаф орнатылып, 3143 абонент қайта қосылған. Биыл 2-ші кезеңнің 2-ші іске қосу кешенінде 34 километр газ құбыры төселген. Жұмыстарды таяу күндері аяқтау көзделіп отыр. Бүгінгі таңда 30 мың жеке, 45 мың коммуналдық сектор қайта қосылған абоненттер жаңа жүйе арқылы газды кедергісіз алуда. Газ жабдықтаудың бұл құрылымы 300 мыңнан астам тұрғынға үздіксіз және тәулік бойы газ қысымымен қамтамасыз етуге қауқарлы. Жалпы осы жобаларды жүзеге асыруға барлығы 21 миллиард теңге жұмсалған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.