Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өрттің алдын алу – маңызды міндет

0 278

Қыс мезгілінің басталуына санаулы күндер қалды. Ал жылыту кезеңінде тұрғын үй секторларында өрт қаупі күшейетіні анық. Өрт салдарынан болатын оқиғалардың алдын алу мақсатында тараздық төтеншеліктер түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, оқу-жаттығуын өткізіп, сала мамандары мамандар шаһар тұрғындарына күнделікті өмірдегі өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндіріп келеді.

Осыған орай күні кеше облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Өрт сөндіру кезекшілік қызметінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Жамбыл» қонақ үйінде өрт-тактикалық оқу-жаттығуы өтті. Түнгі мезгілде қонақүйлерде адамдарды құтқару және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жоспар-кестесіне сәйкес өткен шараға Өрт сөндіру қызметі, Жедел-құтқару жасағы, Апаттар медицинасы орталығы мен Тараз қаласы ТЖ басқармасынан барлығы 13 бірлік техника мен 45 адам қатысты.
Шартты өрт қонақүй нөмірлерінің біріндегі электр сымдарының қысқа тұйықталуынан туындаған. Қонақүй персоналы құтқарушылар жеткенше қолда бар құралдарымен өрт сөндіру және адамдарды қауіпсіз орынға көшіру жұмыстарын атқарды. Одан әрі шақырту орнына жедел жеткен құтқарушылар автосаты және альпинистік құралдардың көмегімен авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 7 адам құтқарылып, 45 адам қауіпсіз орынға көшірілді. Жарақат алған адамдарға дәрігерге дейінгі көмек көрсетіліп, жедел жәрдем қызметіне тапсырылды.
Шара аясында қалалық ТЖ басқармасының қызметкерлері қонақүй персоналына өрт сөндіргіш құралын дұрыс пайдалану бойынша нұсқама берді. Олардың айтуынша, өрт көбіне электр сымдарының қысқа тұйықталуынан туындайды екен. Заманауи электр сымдарының көп жағдайда сапасы төмен болады, сондықтан кабель немесе сымның бүлінуін көзбен анықтау мүмкін емес. Электр қондырғыларының беріктігі мен үздіксіз жұмысының апатты жағдайларға жетуі, бірқатар міндетті шарттарды орындалмауына тікелей байланысты. Кейде кабельдердің өнім өндірушіден тұтынушыға, одан қоймаға, жеткізушіден делдалға, сатушыдан сатып алушыға тасымалдауының салдарынан механикалық және физикалық әсерлерге жиі ұшырайды. Көп жағдайда кабельдің зақымдалуы істен шығу мен қысқа тұйықталу сияқты салдарларға әкеледі.
Сондықтан электрмен жабдықтарынан туындайтын оқиғалар мен апаттарға жол бермеу үшін кабельдік желілерді мезгіл-мезгіл тексеру қажет. Осындай іс-шаралардың уақытылы жүргізуінен зақымдалған кабель желісін анықтап, адамдардың токтан зардап шегуіне және қаза болуы мен өрттің пайда болуын алдын алуға болады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.