Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ұрпаққа өнеге, ұлтқа қорған аналар

0 352

«Әйел бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді дана қазақ. Ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын, ел мен елді жақындастырып, табыстыратын – жаны нәзік қыз баласы.

Халқымыздың ұғымында қыз – қонақ. Уақыты келгенде бауыр етін, жүрегінің бір бөлігін қиып, жат жұртқа жіберетін әр қазақтың қалауы – қызының өзге отбасының, шаңырағының түтінін түзу түтетіп, саналы ұрпақ тәрбиелеуі. Сондықтан қызын барынша аялай, мәпелей отырып, ұлттық тәрбиені бойына сіңірген. Себебі, мұның атүсті қарауға болмайтын үрдіс, бір ғана қыздың емес, күллі ұлттың тәрбиесі екенін жете түсінген. Осындай ұлағатты тәрбиенің арқасында тарихтың терең қойнауынан жалғасып, бүгінгі бақытты күнге дейінгі сан қатпарлы қиын күндерде ерге серік, елге қорған болып, жер тұтастығы мен ұлт азаттығы үшін күресіп өткен аналарымыз көп болған. Ел мұңын айтқан ақын, жаудың бетін қайтарған батыр, халықты билеген хан да алтын құрсақты анадан туғаны ақиқат.
Ғасырлар қойнауынан аңыз болып айтылып, тұлпар мініп, ту ұстаған аналарымыз туралы сөз етсек, ең әуелі Парсы империясының патшасы Кирмен шайқасқан сақ патшайымы Томирис еске оралады. Сондай-ақ Үнді Дели сұлтандығының басын біріктірген қыпшақтан шыққан Разия анамыздың абыройы ұрпаққа мәңгі мақтан болса, атағы Алаш аспанында мәңгі жанып тұратын жарық жұлдыздар Гауһар, Назым, Бопай сынды батыр аналарымыз да бар. Аймағымыздың атын аспандатып тұрған атақты Сүлеймен Бақырғанидің қызы, Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның сүйіктісі Айша бибі, ұрпағына ұран болған Домалақ ана, Қызай ана, Қағаз ана сияқты қасиетті аналарымыз да аз емес. Ал мәңгілік махаббаттың символына айналып кеткен Қыз Жібек, Баян сұлу, Еңлік, Мамыр сынды арулар бүгінгі бұрымдыларға үлгі-өнеге.
Алдыңғы толқын аналар салған ізді кейінгі қыздарымыз да жалғай білді. Мәселен, 1941-1945 жылдардағы соғыс кезінде аруларымыз майдан алаңынан табылып, сұм соғысқа 1 571 қаракөзіміз қатысты. Берлин түбінде ерлікпен қаза тапқан Баян Байғожина, гвардия лейтенанты Хиуаз Доспанова, қан майдандағы хирург Рәпия Мақашева, пулеметші Мәншүк Мәметова, ұшақ механигі Дәмелі Жәкеева, мерген Әлия Молдағұлова Отан алдындағы міндетін мінсіз орындады. Сол батырлық, тектілік қыздарымыздың бойынан 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде қайта оянды. «Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!» – деген Ләззат Асанованың сөзі алаңдағы талай жүрекке от сыйлады. Сонымен бірге Сәбира Мұхамеджанова, Мархаба Ыбырайымова сынды қыздарымыз – біз үшін ардақты есімдер.

Сонымен бірге Алашқа аты мақтан перзенттерді өмірге алып келген аналардың да есімдері тарихта алтын әріппен қалды. Мәселен, қазақтың біртуар тұлғасы Кенен Әзірбаевтың анасы – Ұлдар, даңқты батыр Бауыржан Момышұлының анасы – Рәзия, әйгілі жазушы Шерхан Мұртазаның анасы – Айша Есейқызы, аңыз адам Асанәлі Әшімовтің анасы – Тәжіхан, қазақ ұлтынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің анасы Күнтөре Әмірәлиева сияқты аналарымыздың ұлт алдында абыройы асқақ.
Қазақ аруы – тек сұлулық пен нәзіктіктің символы ғана емес, ол – ұлттың тірегі, рухани байлығы. Қай ғасырда болсын, қазақтың намысын қорғаған, білімге ұмтылған, ұлттық құндылықтарды сақтаған, ертеңгі ұрпаққа тәрбие берген қыздарымыз елдің көркі болып қала бермек. Соның ішінде Жамбыл облысынан шыққан арулар – қазақ қыздарының қайсарлығы мен даналығының жарқын көрінісі. Топырағынан талай талант түлеген бұл өңірдің арулары сан саланың көшбасшысы атанып, елдің мақтанышына айналған.
Алашқа текті ұл берген ақынның атындағы аймақта жырдан маржан сүзген ақын аналарымыз да аз болмаған. Өткен ғасырдағы қазақтың әйгілі ақын қызы, жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы Ұлбике Жанкелдіқызының бүгінгі жалғасы Айша Көпжасарова, Шырын Мамасеріковалардың қазақ поэзиясында өзіндік орны бар. Күләш Ахметова сияқты ақын әпкелерінің ізін басқан Үміт Битенова, Ғайни Әлімбекқызы сынды ақындар қазақ әдебиеті мен мәдениетінің келешегі үшін тер төгіп келеді. Осы әпкелердің сара жолын жалғастырған Жұлдыз Бейсек, Арайлы Жақсылық, Ғайникен Маралатайқызы сынды нәзікжанды ақындардан елдің күтері көп.
Сонымен бірге ақындардың өлеңіне жан беріп, жалпақ қазақ даласын әнмен тербеген эстрадамыздың жарық жұлдыздары да жұрт жадында. Мысалы, Меркіде туып, халықтың құрметіне бөленген «Құрмет» орденінің иегері Бағдат Сәмединова, қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші, актриса, қордайлық Айгүл Иманбаева, Құланда туып, қазаққа үні жеткен Тахмина Әшімбекова, елге белгілі Бейбіт Сейдуалиева сынды жезтаңдай әншілердің есімін ерекше атауға болады.
Сонымен қатар өңірден шыққан қайраткер аналарға келсек, егістікте жүріп Кеңес Одағына атағы жайылған Қанымқыз Тортаеваның ерлігі ел есінде. Ол 1945-1947 жылдары қызылшадан рекордтық өнім алып, «Социалистік Еңбек Ері» атанған. Ал өңірімізге ғана емес, ұлтымызға мақтан қазақтан шыққан тұңғыш дипломат әйел Балжан Бөлтірікованың да есімі елге жақсы таныс. Ол 1921 жылы 15 қарашада Қордай ауданында дүниеге келген. Балжан анамыз небәрі 21 жасында мектеп директоры болып, Қазақ КСР-інің Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары және Сыртқы істер министрі қызметін атқарған. БҰҰ Бас Ассамблеясының XXI және XXV сессияларына Кеңес Одағының ресми делегациясын бастап барып, ел атынан БҰҰ мінберінде сөз сөйлеген. Алматы қаласының Құрметті азаматы атанған Аягүл Миразова да – Тараздың тумасы. Аймағымызда Оразкүл Асанғазы, Гүлмира Исімбаева, Зәуреш Аманжолова бастаған билік пен халықтың ортасына алтын көпір болған азаматшаларымыз да баршылық.
Сондай-ақ әлемдік ареналарда көк байрағымызды желбіретіп жүрген боксшы қызымыз Фируза Шарипова мен 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Әйгерім Сәттібаева тек жамбылдықтар ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды. Сонымен қатар Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаның еңбегі мен ерлігі ұшан-теңіз.
Қалам ізін сала берсек, ақ қағазға сыймайтын аруларымыз, аналарымыз аз емес. Біз баян еткен бір қолымен әлемді, бір қолымен бесікті тербеген батыр аруларымыздың бір парасы ғана.
Ақ жаулықтыларымыз аман болса, Алаштың арманын асқарға көтеретін талай тұлғаларды дүниеге әкелетініне бек сенімдіміз.
Мереке құтты болсын, арулар!

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.