Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әрбір қатысушы – жеңімпаз!

0 244

Жастардың кітапқа құштар болуы келешігіміздің жарқын болатынын айғақтайды. Бұл ретте осыдан екі ай бұрын басталып, шаһарда жас оқырмандардың қалың шоғырын қалыптастырып үлгерген «Кітап оқып, миллионер бол» байқауы күн өткен сайын көздеген мақсатына жақындап келеді.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суреттерді түсірген Ю.Ким

Байқау басталған сәттен әлеуметтік желіде де, газет оқырмандарының арасында да үлкен қолдауға ие болды. Жаһандану мен цифрландыру ағымының қуатына дес беріп, жастардың қолына кітап ұстатып, қиял әлемінің шексіз кеңістігіне қанат қақтыру ұйымдастырушылар үшін оңай шаруа емес. Қазір электронды кітаптың түрлісін, 500 беттік романдардың қысқаша желісін ғаламтор бетінен іздеген адам оңай табады. Алайда ұйымдастырушылардың діттегені бүгінде үлкен қарқында орындалып, мектеп оқушыларының барлығы қанжығалы болуға асық екендерін күн сайын байқатып келеді.

Бүгінде қала мектептерінің 1000-ға жуық оқушысы кітапхана табалдырығын тоздырып, табанды түрде кітап оқуға кіріскен. Ал Instagram әлеуметтік желісінде #кітапоқыпмиллионербол хэштегімен 450 пост жарияланды. Байқаудың аяқталуына әлі 4 ай уақыт барын ескерсек, бұл нәтиже күн сайын өсіп, зияткер жастардың үлкен буыны қалыптасатынын болжау қиын емес. Бір ғана №10 мектептің өзінде 300 оқушы белсенділік танытып, кітапты жанына серік еткен. Жас өрендердің байқаудағы бабын білмекке шаһардағы бірқатар мектепке бас сұққан едік.

Тиыннан теңге құралғандай, әр оқылған кітаптан білім жиналатыны белгілі. №46 мектептің табалдырығын аттай бере, кітапхана маңындағы қабырғаға ілінген хабарландыруға көзіміз түсті. Мектеп әкімшілігі балалардың байқауға белсене қатысуы үшін әр сыныпты аралап, хабарландыру жасаған. Бүгінде бұл мектептен 30-ға жуық оқушы аталмыш сайысқа қатысып, миллионға қол жеткізуге ниетті. Білім ұясының кітапханашысы Ализа Есімбекованың айтуынша, байқау жарияланған күннен бастап оқушылардың кітапханаға келу жиілігі мен оқырмандар саны бірден көбейген.

– Байқауға күніне бір оқушыдан қатысуға ниет білдіріп жатыр. Дені бұрыннан кітапқа құштар оқушылар. Бәйге туралы естіген күннен бастап кітапханаға келуші оқырмандардың саны көбеюде. Тізімдегі кітаптарды өзіміздің кітапханадан ұсынып отырмыз. Біз әр оқу жылының соңында үздік оқырмандарды анықтап, арнайы жүлде тағайындап келеміз. Ал «Jambyl – Taraz» газеті ұйымдастырған сайыс балалардың зейінін әрі қарай тереңдетініне сенімдімін. Жарыс оқушылар арасында қызу талқыға түсіп, оқырмандарға жаңа леп берді. Кітап іздеу процесі жиіледі. Әлбетте, бұрын-соңды кітапханаға аттап баспайтын балаларды байқаудың жүлдесі қызықтырып жатқаны жасырын емес. Олардың дені бұл күндері жүлде туралы ұмытып, кітап оқудың кереметін сезініп жатқандарын жиі айтады, – дейді кітапханашы. Ал мектеп директоры Оңталап Шынбергенов мұндай байқаудың қоғам дамуына серпін беретінін алға тартты.

– Кітап оқу – ой дамуына, сана деңгейінің биіктей түсуіне алғышарт болатын тамаша үрдіс. Адамзат баласы бүгінгідей озық жетістіктерге бабалар аманат еткен кітаби құндылықтарды оқып, зерттеу арқылы жеткені белгілі. Алайда бүгінгі балалардың проблемасы түрлі гаджеттер мен смартфондар екені жасырын емес. Бұл ретте кітаптың жұпарын сезініп, кейіпкерлерді көз алдына елестетіп, зор зейінмен түрлі шығармалармен жолдас болуына байқаудың үлкен себепкер болып жатқанын қуана айтқымыз келеді. Жас буын күнделікті тамақ ішу, жуыну сынды дағдыларына кітап оқу үрдісін де қоса бастады. Байқаудың берілетін бәйгесінен бұрын руханият үшін жасап жатқан игілігі зор екеніне көзіміз жетіп отыр. Алдағы уақытта сайыс нәтижесінде ойы жүйрік, сөзге шешен буын өсіп шығатынына сенемін, – деді Оңталап Қыпшақұлы.

Кітапханаға кіре сала, кітапханашыны қаумалаған бір топ оқушының жанына беттедік. Көбісі аяқтаған кітаптарын өткізіп, келесі шығармаға іздеу салып жатыр екен. Кішкентай ғана бүлдіршіндердің бір «Ромео мен Джульеттаны» сұратса, бірі «Робинзон Крузоны» іздеп әбігерге түсіп жатыр. Балалардың жаңа шығармаға, ізденіске деген құштарлығын көріп, көзіміз сүйсініп, көңіліміз марқайып қалды. 8 сыныптың оқушысы Дильназ Апбазова екі-үш күн сайын кітапханаға асығатынын айтады.

– Байқау туралы қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Әбдешова апайымыздан естідім. Мектебіміздегі директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары хабарландыру жасап, кітаптардың тізімімен, байқаудың ережесімен таныстырып шықты. Бүгінде сыныптастарыммен жарысып кітап оқып жатырмын. Сонымен қатар басқа достарымды да әлеуметтік желі арқылы осы жарысқа қатысуға шақырып жүрмін. Мектептегі сабақтардан бөлек, жаңа әлемге, жаңа кейіпкерлермен достасқаныма қуанамын. Оқып жатқан әрбір шығармам ойлау қабілетімді ұштап, келешекте мықты тұлға болып қалыптасуыма көмектеседі деп ойлаймын. Себебі ұсынылған туындылардың авторлары туралы ізденгенімде олардың да бала кездерінде кітапқа құмар болғанын білдім, – дейді Дильназ.

№26 мектептегі оқушылардың кітапқұмарларға арналған байқауда жеңімпаз болуға деген ұмтылысына куә болып, өтіп жатқан сайыстың игілігі мол екенін аңғардық.
Кітап оқу – бұл тек бос уақытты қызық өткізу ғана емес. Бұл процесс ойлау қабілетін жетілдіріп, сөздік қорды ұлғайтады және сөйлеу мәдениетін дамытып, ми белсенділігін жақсартады. Сондай-ақ, әрбір адамның бойындағы шығармашылыққа деген сүйіспеншілігін оятуға итермелейді. №30 мектепке бас сұққанымызда бізді кітапханашы Ақмарал Абласанова қарсы алды. Ең алдымен оқушылардың өз қолымен жасаған арнайы стендін тамашаладық. Мұнда жас оқымыстылар кітап оқудың адамзатқа берер игілігі мен оқыған шығармаларындағы ойға тоқыған дүниелерін жазып, ілген. Мол ыждаһаттылықпен, ерекше талғаммен жасалған тақтайшаға үңілген әр бала іштей ой түйіп, кітапханаға қарай қадам басатынын көріп, мектептің бұл идеясына ризашылығымызды білдірдік.

– Байқау туралы бірінші рет ғаламтордан оқыдым. Алғашында мұндай деңгейдегі байқаудың Таразда өтетініне сенген жоқпын. Себебі қомақты жүлде тек айтысқа тігіледі деп ойлайтынмын. Өзіңіз ойлаңызшы, сіз жәй ғана жаңа шығармаларды бірінен соң бірін оқисыз. Әр оқыған сайын жаңа әлемнің есігін ашасыз. Нәтижесінде сіз жаңа кейіпкерлермен дос боласыз, оған қоса үлкен сыйға кенеліп, ата-анаңызды қуантасыз. Бұл оқушылар үшін үлкен оқиға, есте қаларлық сайыс. Байқау туралы ұстаздарым айта бастағанда қатты қуанып, бар ынтамды салып оқуға кірісіп кеттім. Бала кезден анам кітап оқуға баулығандықтан, мен үшін ешқандай кедергі болмады. Бүгінде аяқтаған кітаптарымның саны 15-ке жетті. Шерхан Мұртаза атамның «Ай мен Айша» шығармасынан бастап бірнеше шетел шығармаларын оқыдым. Келешекте кітап сенімді серігім болатынына көзім әбден жетті,– дейді Айгүл Таштан есімді 8 сыныптың оқушысы.

Ал №23 орта мектептің байқауға деген ынта, ықыласының ерекше екенін арнайы ұйымдастырылған шарадан аңғардық. Білім ұясының кітапханашысы Раушан Қалжанованың ұйытқы болуымен өткен «Кел, кітап оқиық!» акциясы аясында 20-дан аса оқушы өздері оқып жатқан шығармаларын ортаға салып, мазмұнымен, алған әсерлерімен бөлісті. Бесінші сыныпта білім алып жатқан бүлдіршіндердің осы уақытқа дейін 10-шақты кітапты тәмамдап, көпшілік алдында емін-еркін ой бөлісуі мерейімізді тасытты. Әсіресе 6-сынып оқушысы Даяна Олжабектің есімді оқушының «Кітап оқып, жеңімпаз атансам, мектебімді компьютермен жабдықтаймын» деген риясыз бала арманы жанымызды тебірентіп, сүйсінтті. Кітапханашы Раушан Қалжанованың айтуынша, байқау басталған күннен бастап мектеп әкімшілігі оқушылардың дайындығын жіті назарда ұстап келеді.

– Бүгінгі шара балалардың кітап оқуға ынталандыруға бағытталған. Байқау басталған күннен оқушылардың кітапқа деген сүйіспеншілігі артқаны аңғарылады. Кітапханашы ретінде тізімдегі кітаптармен толықтай қамтамасыз етіп отырмыз, – дейді Раушан Қалжанова. Шараға қонақ ретінде шақырылған, «Jambyl – Taraz» газетінің директор-бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Мырза-Ғали оқушылардың дайындығына, оқуға деген құлшыныстарына ризашылығын білдірді.

– Байқаудың ұйымдастырушылары ретінде бүгінгі жиынға қатысқан оқушыларды көріп, ерекше қуанып отырмыз. Ережеге сәйкес біз 5-7 сынып оқушыларына кемінде 15, 8-11 сынып оқушыларына 20 кітап оқысын деген талап қойған болатынбыз. Алайда бүгінгі 10-12 кітап оқып, аяқтаған балалардың жүрек бұлқынысын сезіп, қобалжып отырмын. Жастардың бүгінгідей қарқынымен сайыстың нәтижесін шығарар сәт туғанда қазылар алқасы біраз әбігерге түсейін деп тұрғандай. Жеңіс тұғырынан кім бірінші көрінсе де бұл байқауда жанына кітапты дос тұтқан әрбір оқушы жеңімпаз екенін ұмытпағайсыздар, – деді Эльмира Иниятқызы.

Расында, қала мектептерінің аяқ алысы, дайындығы мақтауға тұрарлық. Бұл ретте қалалық білім бөлімі мен Д.А.Қонаев атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының да атқарып жатқан жұмыстары аз емес. Байқаудың аяқталуына әлі 4 айға жуық уақыт бар. Осы уақыт ішінде жас өрендердің кітапқа деген ынтызарлығы артып, білімге, зияткерлікке ұмтылған оқушылардың саны көбейетінін бүгінгі нәтиже арқылы анық болжай аламыз. Осы орайда, оқушылар санасына Абай айтқан «артық білімді» қомдаған кітаптармен жолдас болу – ғұмырлық азық екенін, ал әрбір қатысушы – жеңімпаз екенін жеткізгіміз келеді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.