6-8 маусым аралығында мұсылмандар Құрбан айт мерекесін тойлайды. Құрбан айтта құрбандық шалынатыны белгілі.
Құрбандық шалу адам баласын тақуалыққа жетелейді. Өйткені, мұсылман адам құрбандығын шынайы ниетпен, Алла разылығы үшін шалады. Алла Тағала адамның амалына емес, ниетіне қарайды. Сондықтан Ислам дінінде орындалатын кез келген амалдың сыртқы формасына емес, ішкі мазмұнына, яғни ниетке мән беріледі. Ниетті түзетудің мәні осында. Шын мәнінде бүкіл әлемнің Жаратушысы болған Раббымыз адамның шалған құрбандығына мұқтаж емес. Алла тек шынайы ниетпен жасалған құлшылықты қабыл етеді. Сондықтан Құранда мынадай аяттар келтірілген: «Аллаға олардың еттері де, қандары да жетпейді. Алайда Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят).
Құрбан айт күндері жабырқаған жандарды, қамкөңіл адамдарды, мүгедектер мен жетімдерді, жесір әйелдер мен қараусыз қалған қарттарды қуандырудың сауабы мол. Құрбандық етінің мұқтаж жандарға таратылуының мәні үлкен. Бай мұсылман құрбандық шалғаннан кейін оның етін көмекке зәру адамдарға тарату арқылы бойындағы қатыгездік, тәкаппарлық секілді жағымсыз сипаттардан арыла бастайды. Өйткені, садақа беру – мұсылмандардың арасына мейірімдік сынды сезімді ұялататын сауабы мол іс. Құрбан шалу – байға міндет, кедейге көмек болатыны сондықтан деп білеміз.
Құрбан айтқа орай Таразда мейрам кезінде мал сойылатын орын бекітілді. Санитарлық талапқа сай келетін орын келесі мекенжай бойынша орналастырылған: Исатай көшесі, 1 (қалалық аурухана жанында). Сонымен қатар, Волков көшесі №2 («Рамазан» ШҚ), Сыпатай батыр көшесі №19 («Берикбаев Б.М.» ЖК), Орталық базар аумағы («Тұрғынбек» ШҚ), Сүлейменов көшесі №255 («Талғат» ЖК), Қапал көшесі №1 «Д» («Шахристан» аумағы), Жаңаталап көшесі №75 («Петришина Г.Г.» ЖК) мекенжайларында мал бордақылау және сою алаңдары тіркелген.
Аталған орындарға қалалық ветеринариялық станция тарапынан кезекшілік ұйымдастырылып, 20 мешіт имамы, 10 қасапшы, 30 волонтер, 20 автокөлік қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, шаруа қожалықтарымен келісім жасалынып («Досымжан», «Сержан»,«Нұрбол»ШҚ,) құрбандыққа шалуға 100 ұсақ мал және 5 ірі қара резервке алынған.
«JT-ақпарат»