Қалалық қоғамдық-саяси газет

Рамазан – игі істер айы

0 570

Алланың қалауымен Рамазан айына да аман-есен жетуді нәсіп етті. Бұл айға аман-есен жетудің өзі үлкен нығметтің бірі десек қателеспейміз. Алла Тағала осы айды ерекше құлшылықпен өткізіп, мол сауаптарға кенелуді нәсіп етсін.

Алланың Елшісі (с.а.с.) бұл айды ерекше бағалап, үмметіне айнымас үлгі қалдырған. Бұл жайында ардақты хадис шәрифте: «Уа, Алла, бізге Ережеп пен Шағбан айының берекесін бер! Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!», – деп айтылғаны риуаят етіледі.

Рамазан айы – Алланың алдындағы қасиетті де қастерлі, күнәлардың кешіріліп, тәубелердің қабыл етіліп, сауаптар еселеп артатын мейірімділік әрі рахым айы. Мұсылмандар бұл айда сауапты істерге ерекше көңіл бөліп, жомарттық пен қайырымдылықты арттырады. Бұл жайында қасиетті Құран Кәрімде былай делінеді: «Уа, иман келтіргендер, өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді, бәлкім, сол арқылы күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер».

Бұл аятқа зер салып қарасақ, көптеген пайда алуға болатынын түсінеміз. Ең әуелі Алла Тағала бізден бұрын жер бетінде ғұмыр кешкен қауымдарға да ораза парыз еткенін байқаймыз. Ол қауымдардың шамамен барлығы жер бетінен жойылып, Алла Тағаланың соңғы кітабы Құран Кәрім мен соңғы пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.у.) сүннетін негізге алған мұсылман шариғаты үстемдік етті. Өйткені осы шариғат бойынша жасалған амалдар Жаббар Иеміздің құзырында қабыл болып, бұған дейінгі шариғаттардың үкімі жойылған болатын. Сондықтан бұл жердегі қаратпа сөзді бүкіл адамзатқа емес, өзіне иман келтірген мүмін құлдарына қатысты айтып отыр.
Аталған айдың ұлықтығы өте ерекше. Өйткені бұл айда ұсталған оразада өте үлкен береке бар әрі әр жыл сайын ауысып, өзінің бір уақытта екінші рет қайталанбас сипатымен ерекшелене түседі. Һәм бұл айда ақ пен қараны ажыратушы, адамзатқа бақыт пен туралықтың жолын көрсетуші қасиетті Құран жер бетіне түсіріле бастады. Бұған дейінгі иләһи кітаптардың да осы айда түсірілгендігі айтылады. Ал Хира үңгірінде алғаш түскен аяттар Рамазанның берекелі түнінің бірі еді. Нақтырақ айтсақ, мың айдан да қайырлы Қадір түні еді.

Рамазанның өзіне тән артықшылықтары өте көп. Атап айтар болсақ, олар:
1) Құран түскен берекелі ай.
2) Ерекше құлшылық айы.
3) Тәубелер қабыл болатын ай.
4) Тақуалыққа жеткізетін ай.
5) Сабыр айы.
6) Шүкіршілік айы.
7) Жеңіс айы, – деген секілді артықшылықтарды атап өттік. Бұндағы көздеген мақсатымыз – бұл айда ғапылдыққа салынбай, мұндай бір жылда бір рет қана қайталанар мүмкіндікті жіберіп алмау керек екенін атап айтқымыз келеді.

Қасиетті бұл айдағы ұсталған оразаның адам баласының руханияты мен тән саулығына берер пайдасы орасан зор. Оның ең әуелгісі, адамның бойын күнә амалдардан тазартып әрі нәпсіні Алла Тағала тыйған амалдардан тыюды үйретеді. Өйткені сіз осы айда, негізінен басқа айларда адал болған ішіп-жеуден және өзіңіздің некелі жарыңызбен ораза уақытында қосылудан уақытша тыйыласыз, ал өз нәпсісін адал істерден тыя білген мұсылман харам істерден тыйылуы тіптен жеңіл болатыны анық.

Ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с.) бұл ай жайлы өз сөзінде былай дейді: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен (нәпіл амалдармен) жақындаған жан басқа уақытта парыз амал орындағандай сауап алады. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай болады», – деген. Екінші бір хадисте мынадай сөз риуаят етіледі: «Рамазан айында адам баласының әрбір іс-амалы оннан жеті жүз есеге дейін көбейтіледі. Даңқты да ұлы Алла былай дейді: «Тек оразаның жөні басқа. Оның сауабын өзім беремін. Өйткені ол мен үшін қызықтардан, ішіп-жеуден бас тартқан». Ораза ұстаушының екі қуанышы бар: біріншісі – оразасын ашқанда, ал екіншісі – Раббысымен жолыққанда. Сөзсіз, ораза тұтушының аузынан шыққан иіс Алланың құзырында хош иісті мисктен артық», – делінген.
Әрбір адам баласы өз өмірінде жасаған жақсы-жаман, үлкенді-кішілі жасап қойған күнәларын еске алып, өз-өзіне есеп беріп тұруы керек. Бұл жайында атақты табиғин Хасан Басридің өнегелі сөзін айта кетейік: «Мүмін адам – өз нәпсісінің қожайыны. Алланың разылығы үшін өз-өзінен есеп алып отырады. Осы дүниеде өз-өзіне есеп берген құлдардың ақыреттегі есеп-қисабы, сұрағы жеңіл болып, әрбір істі еш есепсіз, қалай болса солай істейтіндердің Қиямет күнгі есебі ауыр болады», – деп айтып кеткен. Расында да, халық аузындағы Аяз би секілді әрбір мүмін құлдар бір уақыт өзіне есеп беріп, нәпсісінің жағдайына мән беріп отырмаса болмайды. Аяз би кедей-кепшік кезіндегі жыртық-жыртық әрі тозған шекпенін жоғары бір жерге іліп қояды екен. Нәпсісі құтырып, жүрегіне тәкәппарлық пен дандайсу секілді дерттердің лебі көріне бастаса, сол шекпеніне қарап бұрынғы халін есіне алып: «Аяз би жолыңды біл, құмырсқа әліңді біл», – деп өршеңдей бастаған көңілін сабасына түсіріп, тәубесіне келеді екен.

Бұл айда ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) өзі ерекше жомарттық көрсетіп әрі жанындағы сахабаларға да солай әрекет етуді насихаттаған. Бұл жайында хадис шәрифте мынадай сөз баян етіледі: «Алланың Елшісі (с.а.с.) өте жомарт болатын. Ал Рамазан айында одан да ерекше жомарттық көрсететін».
Рамазан айы адам баласының аштық арқылы күнә істерден алыс болуымен қатар, көптеген ізгі амалдарды жасауға шақырады. Ол істерді атап өтетін болсақ, олар төмендегідей:

  1. Құран жаттап, жатталған сүрелерді қайталау.
  2. Тарауих және түнгі намаздарды оқу.
  3. Оразаға бар ынтаны сала отырып ерекше ықыласпен өткізу.
  4. Мүмкіндігінше ауыз аштыруға ұмтылу.
  5. Ауызашарда көп дұға ету.
  6. Кітап оқып, білімін тереңдету.
  7. Жомарттықты арттыру.
  8. Міскіндер мен жоқ-жітіктерге көмектесу.
  9. Парыз намаздарды уақтылы оқуды әдеттендіру.
  10. Нәпіл ғибадаттарды арттыру.
  11. Аллаһтан көптеп кешірім тілеу.
  12. Тәубе жасауды көбейту.
  13. Ата-ананың разылығын алуға ұмтылу.
  14. Туысқандық қарым-қатынасты жақсарту.
  15. Үлкен күнәлар мен жаман әдеттерден құтылу секілді амалдарға аса мән берілуі керек.
    Тағы бір айта кететін жайт, бұл айдың «жеңіс айы» екендігінде. Бұл сөзімізге дәлел ретінде айтар болсақ, ардақты пайғамбарымыз (с.а.с.) дәуірінде Бәдір шайқасында мұсылмандардың жеңіске жетуі, бұл жағдай һижри 2-жылдың Рамазан айының екісі күні орын алған. Және де ислам тарихындағы ең үлкен жеңістердің бірі – Меккенің азат етіліп, мұсылмандардың қолына өтуі еді. Бұл жәйт һижри 8-жылдың Рамазан айының 20-күні болатын.
  16. Кейінгі қолбасшылардың өміріне зер салар болсақ, һижраның 584 жылы Рамазан айында мұсылмандардың айбынды қолбасшысы Салахуддин Аюбидің басшылығымен Құддыс (Иерусалим) қаласын крест жорықшыларынан азат етті.
  17. Һижри 647 жылы Рамазан айында Мысыр еліне басып кірген Франция королі Луйдің әскерін талқандап, жермен-жексен етіп, корольдің өзін тұтқынға алады.
    Һижри 658 жылы Бейбарыс сұлтан бастаған Мысыр мәмлүктерінің әскері Шам аймағында Айн-Жалут деген жерде мұсылман әлеміне ауыр зардап пен қиыншылық әкелген, жеңілуді білмеген Шыңғысханның немересі Хулағу бастаған моңғол әскерін ойсырата жеңіп, алғаш рет бетін қайтарады.
    Міне қарап отырсақ, ислам тарихындағы Рамазан айында болған ұлы жеңістердің баршасы осындай. Сонымен қатар қазіргі заманымызда да мұсылмандар Рамазан айында жеңіске жетіп отырған. Соның ең бастысы – Мысыр әскерінің елге тұтқиылдан жасалған оразан зор күштің бетін қайтарып жеңіске жетуі. Бұл 1973 жылдың 6 қазан күні, мұсылманша күнтізбе бойынша Рамазан айының 10-күні еді. Дұшпандарға алпауыт елдер көмектессе де, Алланың қалауымен мұсылман қолы жеңіске жетті. Пайғамбарымыз (с.а.с.) өз сөзінде: «Алдымыздағы ең үлкен жиһад тұр. Ол – нәпсі жиһады», – деп өсиет еткен. Жаббар Иеміз осы Рамазан айында нәпсімізбен күресте жеңіске жетуші тараптан етсін баршамызды!
  18. Ислам адам баласына ауыртпашылық салмай, керісінше жеңілдікті қалайтын дін болғандықтан, дінімізде ауырып қалуға байланысты яки сапарға шығу секілді жағдайлар туса, ол күннің өтемі ретінде басқа күні ауыз бекітуге рұқсат етілген. Ал аяғы ауыр, етеккірі келген яки омырауда баласы бар болатын болса, мұның үкімі де науқас кісінің үкімімен бірдей болмақ. Егер де ораза ұстауға әл-қуаты жетпейтін қария немесе ауыр әрі созылмалы ауруы бар болса, онда әрбір күніне бір міскінді тамақтандыруы тиіс. Яғни ислам діні адам баласында туындаған қиындыққа жеңілдікпен жауап қатып, Алла Тағаланың ерекше мейірімділігінің бір көрінісін көрсетеді.
  19. Алла Тағала оразамызды қабыл етіп, Құран мен сүннетке сай амал етіп, ғұмыр кешуімізді нәсіп етсін.

Ғазиз АХМЕТОВ,
қалалық «Кеңесхан қажы» мешітінің бас имамы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.