Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Рақымшылық туралы» Заң: кімге – кешірім, кімге – жаза?

0 397

Қаңтар оқиғасына қатысқаны үшін айыпталып, істі болғандарға кешірім беріле бастады. Бұған дейін Мемлекет басшысы 1 қыркүйектегі Жолдауында Қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жаса­маған азаматтарға бірреттік рақымшылық жариялайтынын мәлімдеген болатын.

Кімдерге рақымшылық беріледі? Кімдер оған ілікпейді? Рақымшылық беру қандай талаптарға негізделді?

Биылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын­да Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қаң­тар оқиғасы кезінде аса ауыр қыл­мыс жасамаған азаматтардың жазасы жеңіл­дейтінін айтқан болатын. Сөй­тіп, оларға бірреттік рақымшылық жа­­сау туралы шешім қабылданды.

– Қасіретті Қаңтар оқиғасы ке­зін­де арандатушылардың кесірінен шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұлас­ты. Оның ақыры мемлекетке қар­сы бүлік шығаруға әкеп соқ­тыр­ды. Жұртты арандатушылардың кө­бі шартты немесе жеңіл жазамен құ­тылып кетті. Шын мәнінде, олар­дың кінәсі әлдеқайда ауыр. Өйткені жағ­дайды қасақана ушықтырды. Со­ның салдарынан іс насырға ша­уып, қайғылы оқиғалар болды, – де­ген Президент рақымшылық беру ту­ралы шешім көптің тілегі мен өті­нішін ескере отырып қабыл­дан­ғанын айтып өтті. Үкіметтің бір­лес­кен отырысында да бұл шешімнің не­г­ізгі себептеріне тоқталды.
– Заң бұзғандардың бірқатары кі­нәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұ­рыс деп ойлаймын. Сондықтан мен Қаңтар оқиғасына қаты­су­шы­ларға бірреттік рақымшылық жа­рия­лау туралы шешім қабылдадым, – деп мәлімдеді Президент Парламент па­ла­таларының бірлескен отыры­сында.
Сөйтіп 2022 жыл­­ғы 2 қарашада «Рақым­шылық жасау ту­ралы» заңға қол қойды. Оған дейін заң жобасы әзір­леніп, Сенат пен Мәжілістің қарауы­нан өткен бо­латын.
Яғни, «құжаттың негізгі мақ­саты – 2022 жылғы 4-7 қаң­тар аралығындағы жаппай тәр­тіп­сіздіктер кезінде арандатушылар ық­палына түсіп, қылмыстық әрекет жа­саған адамдарды жазалау мер­зі­мін қысқарту және жазасын өтеуден бо­сату».

Рақымшылыққа қанша адам ілігеді?
Бұған дейін Сенат депутаты Вла­димир Волков Қаңтар оқиғасы бойынша 1,5 мыңға жуық адам ра­қым­­шылыққа ілінгенін айтқан еді.
– Бүгінде Қаңтар оқиғасы бойын­­ша сотталған 1 112 адамның 128-і ға­на бас бостандығынан айы­рыл­­ды. Заң қабылданғаннан кейін 40-тан аса адам, алдағы жарты жыл­да 50-ге жуық адам қылмыстық жауап­­кер­ші­ліктен және жазадан бо­­са­тылады, – деді Владимир Волков.
Сенатор сотталғандарға ра­қым­шылық жасау туралы түпкілікті шешімді сот әр адам үшін же­ке қабылдайтынын баса айтты.
– Ауыр қылмыс жасаған 363 адам­­ға қатысты (тергеліп жатқан ж­әне сотта қаралған істер бойынша) жа­за тағайындау кезінде рақым­шы­лық беріледі, – деді сенатор.
Бірақ тәртіпсіздіктерді ұйым­дас­тыруға қатысы бар басты фигуранттар, сондай-ақ мемлекетке сат­қындық жасады және билікті күш­пен басып алуға тырысты деп айып­талып отырғандар рақым­шы­лыққа ілікпейді.
7 қарашада Президент жа­нын­дағы Орталық коммуникациялар қыз­метінде өткен брифингте Бас про­куратураның бірінші қыл­мыс­тық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов істі болғандарға рақымшылық беріле бастағанын мәлімдеді.
– Қазір жазаны атқарушы ор­ган­­дар сотқа 878 сотталушыға қа­тыс­ты мерзімін қысқарту және жа­­­задан босату туралы ұсыныс ен­гіз­ді. Тергеу ор­гандары сотқа дейінгі са­тыда ор­таша ауыр қылмыс жа­са­ды деген 5 кү­діктінің ісін тоқтат­ты, – деді Елдос Қилымжанов.
Ресми мәліметке сүйенсек, елі­­міз бойынша 5 мыңнан ас­там сотқа дейінгі тергеу тір­кел­генін хабарлады. Оның ішінде: тер­роризм фактілері бойынша – 27 іс; тәртіпсіздіктер бойынша – 131 іс; кісі өлтіру бойынша 146 сотқа дейін­гі тергеу тіркеген. 1612 адам кү­дікті деп танылса, оның 787-сі жап­пай тәртіпсіздіктерге қатыс­қа­ны үшін ұсталған. Ұсталғандардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топ­тың 41 мүшесі бар. Сондай-ақ 126 адам кісі өлтіру, ұрлық және то­нау бойынша істі болған.

Абзал ҚҰСПАН,
заңгер, Қаңтар оқиғасына байланысты құрылған «Аманат» қоғамдық комиссиясының мүшесі:

Бұл ұсыныс көпшілік тарапынан ақпан айынан бастап айтыла бастады
– Жалпы, бізде қылмыстық іс бойын­ша қылмыстар төрт санатқа бөлінеді: онша ауыр емес, ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр. Осы төрт категориядағы «Рақымшылық жасау қолданылмайтын адамдар» де­ген 2-бап бар. Сол бапта көр­се­тіл­ген қылмыстардан басқасының бар­лығына Рақымшылық заңы қол­данылатын болады (2-бап. Ра­қым­шы­лық жасау қолда­ныл­майтын адам­дар: 1) террористік қылмыстар жа­саған; 2) экстремистік қыл­мыс­тар жасаған; 3) азаптаулар жасаған; 4) кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қатысты қылмыстар жасаған адамдарға, мұн­­дай қылмысты кәмелетке тол­ма­ған адам он төрттен он сегіз жас­қа дейінгі кәмелетке толмаған адамға қатысты жасаған жағдайды қос­пағанда; 5) мемлекетке опасыз­дық жасаған; 6) сыбайлас жемқор­лық қылмыстар жасаған; 7) жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастыруды жа­са­ған адамдарға, мұндай қыл­мыс­ты кәмелетке толмаған адам жа­саған жағдайды қоспағанда; 8) жаза қылмыстардың қайталануы не­месе қылмыстардың қауiптi қай­талануы кезінде тағайындалған адам­дарға қолданылмайды).
Бірақ оның қолданылуының өз ерекшелігі бар. Онша ауыр емес және ауырлығы орташа санат­тағы қылмыстық істер бойынша ра­қымшылық толығымен қолда­нылады. Яғни, мұндай санаттағы қыл­мыстық істер егер шектеулерге сәйкес келмесе, мен көрсетіп отыр­ған 8 бапқа сәйкес келмесе, онда то­лығымен жазадын босатылып, соттылығы жойылады.
Ал ауыр санаттағы қылмыстар­дың төрттен үш бөлігі қысқартыла­ды, аса ауыр санаттағы қылмыстық іс­тердің төрттен екі бөлігі, яғни 50 пайыз жазасы қысқартылады. Түсінікті болуы үшін айтайын, мы­салы 272 баптың 2 бөлігі үкім шы­ға­ды, ол ауыр санаттағы қылмыстар­дың қатарына жатады. Тағайындал­ған 4 жылдың 3 жылын алып тас­тап, 1 жылын қалдырады. Егер ол қаң­тардан бері қамауда отырған болса, қамаудағы әр күні бір жарым күн болып есептеледі де, ол сот за­лынан босатылып кетеді. Бұған да рақымшылық заңы қолданылды деп есептеледі. Бірақ онша ауыр емес және ауырлығы орташа санат­тағы қылмыстар сияқты толығымен орындалмайды, ішінара қолданыла­ды. Заң тілімен айтқанда, жазасы қысқартылады.
Біз – «Аманат» комиссиясы осы заң­ның қабылдануына мұ­рын­дық болған бірден-бір қоғам­дық ұйымбыз. Биыл 24 қаңтардан бастап тергеу изоляторы жағ­дайын­да 600-ге жуық азаматпен жеке кез­десіп, әңгімелескен екенбіз. Олардың тума-туыс қорғаушылары­мен өткізген кездесулерді есепте­ме­геннің өзінде. Көпшілік тарапынан бұл ұсыныс ақпан айынан бастап ай­тыла бастады. «Біз әу баста осы бей­біт митингіге деп шықтық, ғи­мараттарды өртейік, бүлдірейік деп немесе басқа да қылмыс жасайық деген ой басымызда болған жоқ. Де­­­­генмен арамызға арандатушылар кіріп кетті. Нәтижесінде, арты осын­дай ауыр салдарға әкеп соқты. Сон­дықтан мемлекет бізді кешірсін» деген мазмұндағы ұсыныс іште отыр­ған азаматтардың өз аузымен ай­тылды. Сондықтан біз биылғы ақ­пан айынан бастап осы ра­қым­шылық жариялау туралы ұсыныс­тары­мызды енгізе бастадық. Яғни, Жол­дауға дейін тікелей біздің атса­лысуымызбен бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтып өткім келеді. Кейін осы заң жобасын талқылауға байланысты жұмыс тобына да біз ара­ластық. Сондықтан бұл шешім қысқа уақытта қабылданған жоқ. Бірақ жасалған қылмыстар – ұсақ-түйек, жеңіл қылмыстар емес, үлкен зардаптарға әкелген қылмыстар. Мен­шік иелеріне келтірілген эко­номикалық шығындардың өзі 100 миллиардтан асады. Бұл – оқиғаның жаппай сипат алуына байланысты және заңның басында айтылғандай, қоғамдық келісім мен татулықты қа­лыптастыру мақсатында қабыл­данған заң.
Қазір біз Алматы қаласы бойын­ша жұмыс істеп жатырмыз. Әу баста Қаңтар оқиғасына байланысты қыл­мыс жасады деп ұсталған, қа­мау­ға алынған азаматтардың іші­нен 85 адамның қылмыстық ісін қыс­қартуға қол жеткіздік. Бұл осы Ама­нат комиссиясының және аза­маттардың қорғаушылары, туыс­тарының белсенділігінің нәтиже­сінде мүмкін болып отыр.
Жалпы, ел бойынша 5 300-дей қылмыстық факт тір­келген оның ішінде 1 600 адам анық­талып, тергеу жүргізілген, со­ның 1 500-нің босап шығуға мүм­кіндігі бар. Тек қана рақым­шы­лық заңымен емес, сонымен қатар сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде қылмыстық істі тоқтатуға да қол жет­кізіп отырған жайымыз бар. Жал­пы статистика күнде өзгеріп жа­тыр. Нақты қанша екенін қазір тап басып айту қиын.
Ал ақтау деген ұғым тек сот үкі­міне байланысты қолданылады. Сот арқылы ақтау үкімдері әзір шыға қой­ған жоқ. Себебі істер сотқа енді-ен­ді жетіп жатыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.