Қалалық қоғамдық-саяси газет

ҚР Жамбыл облысы мен ҚХР Шаньдун провинциясы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық нығаяды

0 409

Жамбыл облысының ерекшелігі: ҚХР бизнес-қауымдастығына өңірдің инвестициялық әлеуеті таныстырылды

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған облыс делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барды.

Аймақ басшысы алғашқы күні Шаньдун провинциясындағы қазақстан-қытай бизнес-форумының ашылуына қатысып, Жамбыл облысының инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды.

– Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларын орындау аясында облысымызда бизнес-жағдайды жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар қолға алынған. Айталық, инвесторларды қолдау мақсатында инвестициялық жобалар үшін салықтар бойынша жеңілдіктер, субсидиялар, гранттар беру, тиімді несиелермен қамтамасыз ету секілді мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады. Жергілікті билік өз тарапынан идеяны анықтаудан бастап, инвестициялық жобаның толық қуатқа шығуына дейінгі барлық кезеңдерін қамтитын бизнес үшін қолайлы шешімдер топтамасын қарастырған, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ, Ербол Қарашөкеев өз сөзінде облыстың негізгі ерекшеліктерін атап өтті.  Жамбыл – орталық логистикалық дәліздерді байланыстыратын негізгі көлік тораптарының, темір жолдардың және автомобиль жолдарының тоғысында орналасқан географиялық тұрғыда қолайлы аймақ.

Облыс түсті металдарға, баритке, көмірге, қаптау, әрлеу және техникалық тастарға, құрылыс материалдары мен табиғи газ қорына бай. Бұдан бөлек, аймақ фосфорит шикізатының бірегей базасы саналады және фосфориттердің баланстық қорларының шамамен 72 пайызы шоғырланған.

Өңірдегі бірегей минералды-шикізат базасының арқасында тау-кен және газ өңдеу, химия, тамақ, металлургия өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен тамақ өнімдерінің өндірісі қарқынды дамыған. Сонымен қатар, айтарлықтай жел, күн энергетикасы ресурстарына ие Жамбыл облысы еліміздегі жаңартылатын энергия көздері саласында көшбасшылардың бірі болып табылады.

Өңір агроөнеркәсіптік кешен саласында мал басының саны бойынша Қазақстанда екінші орында. Ал, ет пен сүт жеткізу бойынша елімізде және шетелде алдыңғы қатарда. Бүгінгі таңда мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу көлемі төмен деңгейде. Десе де, облыс бұл саланың дамуы үшін зор әлеуетке ие. Ал, жердің құнарлығы көкөністер мен жемістер өсіруде мол өнім алуға мүмкіндік береді. Елдегі пияз өндірісіндегі жамбылдық диқандардың толайым табысы бұған дәлел.

Сондай-ақ, форум барысында қытайлық бизнес-қоғамдастық өкілдеріне облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен даму мүмкіндіктері туралы да ақпарат берілді.

– 2023 жылы экономикалық өсім 1,3 пайызды құрады. Осы жылдың 9 айында 700 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартылды. 2023 жылдың 8 айында сыртқы тауар айналымының өсімі 541 миллион АҚШ долларын құрады, – деп атап өтті Ербол Қарашөкеев.

Сондай-ақ, форумда Шаньдун провинциясының халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті төрағасының орынбасары Хэ Чжунцзюнь сөз сөйледі.

Шара аясында Шаньдун провинциясының халықаралық саудаға жәрдемдесу комитеті мен бизнес және инвестицияларға жәрдемдесу Қазақстан-Қытай Қауымдастығы арасында өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылды.

Бұл күні аймақ басшысы жалпы отырыстан кейін В2В форматындағы кездесулерге қатысты.

Сондай-ақ, бұл күні облыс әкімінің партия бөлімшесінің хатшысы, Шаньдун провинциясы Халық Үкіметі Сыртқы істер кеңсесінің кеңсе меңгерушісі, Шаньдун халықтарының шет ел халықтарымен достығы Қауымдастығының төрағасы Цай Сяньцзинмен кездесуі өтті.

Тұрақты комитеттің мүшесі, Шаньдун провинциясы партия комитетінің бас хатшысы Чжан Хайбомен бірге стратегиялық серіктестіктің басымдықтары талқыланды.

​Цзинань қаласындағы келіссөздер барысында Ербол Қарашөкеев пен «Shandong High Speed International» компаниясының бас директоры Цай Кунь экономикалық байланыстарды нығайтуға баса назар аударып, ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады. Келіссөзге Цзинань қаласы әкімінің орынбасары Ян Ли де қатысты.

​Айта кетейік, әлемдегі ең ірі 500 кәсіпорынның қатарына кіретін «Shandong High Speed International Company» мемлекеттік инвестициялық компаниясы көлік, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, энергетика және пайдалы қазбалар салаларында инвестициялық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

​Жамбылдық делегациясының Қытай Халық Республикасындағы жұмыс сапары жалғасуда. Шаньдун провинциясындағы ірі өндірістік кәсіпорындарды аралау, бизнес-топтармен бірқатар іскерлік кездесулер өткізу жоспарлануда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.