Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Рәміздер – еңселі елдігіміздің айғағы

0 239

ҚР Тұңғыш Президенті саябағында Мемлекеттік рәміздер күніне орай салтанатты жиын өтті.

Мерекелік іс-шараға Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысты.

Ең әуелі аймақ басшысы ізгі тілегін білдіріп, мерейлі мерекенің маңыздылығына айрықша тоқталды.

– Бұл күн – халқымыздың бірлігін, Тәуелсіз еліміздің тұғырын айқындайтын айрықша мереке. Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — біздің егемендігіміздің нышаны, ұлт рухының көрінісі. Біз бірлігіміз бен татулығымыздың арқасында тәуелсіз мемлекетіміздің дамуына зор үлес қосып келеміз.  Рәміздер — осы жолдағы берік сенім мен мақтаныштың символы.

Егемен еліміздің байрағы көкте желбіреп, Елтаңбамыз төрде орнығып, Әнұранымыз шырқалғанда, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл жоқ шығар. Дәл осы күні қыран бейнелі көк Туымыз, шаңырақ шырайлы дара елтаңбамыз және рухты әнұранымыз қабылданды. Қыран құс бейнеленген көк Ту – еркіндіктің, бейбіт өмір мен жарқын болашақтың символы. Шаңырақ бейнесі бар Елтаңба – ортақ үйіміз – Қазақстанның бірлігін білдіреді. Ал, Әнұран – халқымыздың рухын, елге, жерге деген махаббатын паш етеді.

Қасиетті нышандарымызда бабаларымыздың мың жылдық арман-тілегі, мақсат-мұраты түгел тоғысқан. Бүгінде түрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақ пен бір тудың астынан табылып, тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінгі шараның осы тұтастықты, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор септігін тигізетініне  сенімім мол, – деген Ербол Шырақпайұлы патриотизмді нығайтуға және облыстың қоғамдық-саяси өмірінің дамуына үлес қосқан бірқатар азаматқа облыс әкімінің Құрмет Грамотасы мен Алғыс хаттарын табыстады.

Іс-шара соңы жергілікті өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен түйінделді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.