ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Жамбыл облысына келді. Жұмыс сапарының алғашқы күні Мәлік Нұржанұлы аймақтың мәдениет, денсаулық сақтау, спорт және әлеуметтік сала өкілдерімен кездесті.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, жүргізіп отырған басқосуда Ұлттық Құрылтайдың IV отырысының қорытындылары мен Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.
– Президент Ұлттық Құрылтайдың кезекті отырысында еліміздің алдағы даму бағытын айқындап берді. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет, туризм және басқа да маңызды салалардың дамуына ерекше назар аударылды.
Өткен жылы Жамбыл облысына келген туристер саны 27 пайызға артты. Туристік қызметпен айналысатын 18 субъектіге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Облыстың 40 негізгі туристік нысанын қамтитын 10 жаңа туристік маршрут әзірленді.
Туризм саласында жалпы құны 17,6 млрд теңгені құрайтын 25 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бұл жобалар аясында 350 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деді Ербол Қарашөкеев.
Өңірдің туристік әлеуетін нығайтуға республикалық және халықаралық деңгейде өткізілетін іс-шаралар ықпал етуде. Сондай жобалардың бірі биылғы жылы Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» болмақ. Оған көптеген елдерден қолөнершілер мен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері шақырылған.
Аймақ басшысы облыста медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да жүйелі жалғасып жатқанын айтты. Мәселен, өткен жылы 22 денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріліп, 1 нысан күрделі жөндеуден өтсе, 18 медициналық құрал-жабдық пен 38 санитарлық автокөлік сатып алынған. Ал биыл 4 нысанды пайдалануға беру және 6 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр екен.
– «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 4 білім беру ұясы пайдалануға берілді. Биыл «Шөлдала» тұрғын алқабында – 1, Қордай ауданында 2 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. Сондай-ақ 26 білім нысанының құрылысы жоспарлануда. Оның 21-і жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалды. 2025 жылдың 3 айында жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 15 мыңнан астам адам қамтылды. 12 689 адам жұмысқа орналасты.
Біздің ортақ міндетіміз – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай алаңында ұсынған барлық бастамаларын табысты әрі жедел жүзеге асыру, – деп түйіндеді облыс әкімі.
Келесі кезекте ҚР еңбек сіңірген артисі, А. Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ардагері Асқарбек Сейілхан сөз алып, Президент бастамаларының арқасында театр өнерінің дамуы жаңа белеске көтерілетініне сенім білдірді. Ал «Айша бибі» шипажайының бас дәрігері Райқұл Нұржанов денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелерін көтерді. Жамбылдықтар жиынға белсене қатысып, түйткілді мәселелерін айтып, шешу жолдарын ұсынды.
Отырысты қорытындылаған ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мұндай кездесулер азаматтық қоғамды шешімдер қабылдау үдерістеріне тереңірек тартуға ықпал ететінін және елдің негізгі мәселелерін талқылауда түрлі әлеуметтік топтардың өкілдерін қамтамасыз ететінін атап өтті.
– Ел Президенті Ұлттық Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде жұмыстың 5 басым бағытын белгілеп, көптеген мәселелердің жүйелі шешімдерін айтып, Әділетті Қазақстанды құруға, әлеуметтік әділеттілікті нығайтуға, тең құқықтар мен мүмкіндіктерді қамтамасыз етуге септігін тигізетін нақты міндеттерді белгіледі, – деді ол.
Бұдан кейін Мәлік Нұржанұлы дін саласының қызметкерлерімен, имамдармен жүздесті. Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде өткен басқосуда әуелі қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаев сөз алды. Ол Бурабай бауырайында өткен Құрылтайда қазақ халқының ең өзекті мәселелері қозғалғанын, оның ішінде руханият пен діннің алатын орны жоғары екенін тілге тиек етті.
Келесі кезекте облыстық дін проблемаларын зерттеу орталығының инспекторы, дінтанушы Бақтияр Алпысбаев ел Президентінің дін мәселесіне үнемі назар аудартып отырғанын айта келіп, мемлекетімізге түрлі діни ұстанымға шектеу жоқ екеніне тоқталды. Сонымен қатар ел бірлігі мен ынтымағын сақтауда діннің орны ерекше екенін жеткізді.
Мәлік Отарбаев жиынды қорытындылап, биыл Ұлттық Құрылтайда айтылған негізгі бағыттар мен өзекті мәселелерге тоқталды .
– Өздеріңіз жақсы білетіндей, былтыр өткен Құрылтайда да қоғамды мазалап жүрген ең өзекті мәселелер көтерілді. 53 бағыттан тұратын арнайы Жарғы бекітіліп, Президент сол құжатқа қол қойды.
Дін – елді біріктіруші, бір ізгі бағытқа ұйыстырушы күш. Егер дін халықты ізгілік пен ынтымақ жолына біріктіре алмаса онда, діннің өзі мәселеге айналады. Әрине, біз – зайырлы мемлекетпіз. Бірақ зайырлы деген ұғымның ауқымы өте кең, оны тек дінмен ғана шектеуге болмайды, – деді Мәлік Нұржанұлы өз сөзінде.
Президент кеңесшісі жұмыс сапарының екінші күнінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының кеңейтілген кеңес отырысына қатысты. Жиында Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев береке-бірліктің ұйытқысына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірде атқарып жатқан жұмыстарына тоқталды.
Басқосу барысында «Әулиеата» қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева Ассамблеяның 30 жылдығы аясында атқарылған жұмыстар туралы баяндаса, облыстық мәслихаттың депутаты, Жамбыл облысы ҚХА «Жомарт жан» қайырымдылық орталығының төрағасы Жалил Аббосов қайырымдылық жұмыстарының есебін берді.
Келесі кезекте сөз алған Мәлік Нұржанұлы Ассамблея мүшелерін мерейтоймен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі саяси маңызға ие құрылым. Ассамблея 30 жылдың бедерінде өткенімізді саралап, жетістіктерімізді бағалауға мол мүмкіндіктер берді. Бұл мерейтой – барша халықтың бірлігінің жемісі, азаматтардың ортақ табысы. Жамбыл облысы этникалық құрамы бойынша түрлі ұлттар мен ұлыстардың көп шоғырланған өңірлердің бірі. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері белсенділік танытып, еліміздің бірлігі жолында атқарылып жатқан шаруалар аз емес, – деген Мәлік Нұржанұлы өңірде этнсаралық келсімнің нығаюуына үлес қосқан бірлестік өкілдеріне «Қазақстан халқы Ассамблеясына – 30 жыл» мерекелік медалін табыстады.
Бұдан бөлек, осы күні М.Отарбаев жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен, студенттерімен, құқық қорғау саласының қызметкерлерімен жүздесіп, еркін әңгіме өрбітті. Кездесулерге қатысушылар да өз кезегінде көкейдегі сауалдарын жолдап, тұшымды жауаптар алды.
ҚР Президенті кеңесшісі бүгін, жұмыс сапарының үшінші күнінде, әскери қызметшілермен және «Қазфосфат» ЖШС-нің жұмысшыларымен кездесуі жоспарланған.