Қалалық қоғамдық-саяси газет

Полицияның ашықтығы маңызды

0 250

Қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға тарту, парасаттылық қағидатын қалыптастыру мақсатындағы жұмыстар кеңінен атқарылуда. Бұл орайда, полиция департаментінің ашықтығын қамтамасыз ету, құқық саласында сыбайластыққа жол бермеу мәселесі де күн тәртібінен түскен емес.

Арайлым ШАБДЕНОВА Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Жыл басында Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұловпен өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Осыған орай, медиа орталық төрағасы меморандумның негізгі қағидасы мен атқарылуға тиіс бірқатар жұмыстарды насихаттау мақсатында Тараз қаласына келді. Алдымен көші-қон орталығының жұмысымен танысқан Төлеген Байғұлов жұмыс барысында тұрғындармен тілдесіп, мекемедегі қызметкерлердің жұмысын бақылады.
Жалпы орталықтың мақсаты – Қазақстан Республикасына келген шетелдіктерге мемлекеттік қызмет көрсетуді жақсарту, оларға ыңғайлы жағдай жасау және мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін едәуір қысқарту. Бұл мекемеде 14 қызметкер шетел азаматтарына барынша жоғары деңгейде қызмет көрсетеді. Мұнда қызмет алушылардың ыңғайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Айталық, өзге елден келген мигранттар мемлекеттік құжаттарды рәсімдеуден бөлек, медициналық тексеріс пен дактилоскопиядан өте алады. Сонымен қатар сақтандыру полисінің құжаттарын реттеп, жеке сәйкестендіру нөмірін де ала алады. Өзге елдерден келген еңбек мигранттары осы уақытқа дейін қажетті рұқсат құжаттарын алу үшін бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, кем дегенде 2-3 күн уақытын жұмсайтын болған. Өткен жылы ашылған көші-қон орталығының қызметіне жүгіну арқылы құжаттарды екі сағаттың ішінде рәсімдеуге мүмкіндік алған тұрғындар тілдесу барысында мекеме жұмысына алғыстарын да айтты.
Сонымен қатар сапар барысында «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов Тараз қалалық полиция басқармасының «Фронт-офис» жұмысымен танысты. Халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметінің қағидаларына негізделген орталықта торлы есіктер мен қатаң түрде тексеріп кіргізетін режим жоқ. Мұнда келген азаматтарға орталықтан қажет кеңестер мен құжаттарын алуларына барлық мүмкіндік жасалған. Мұны полиция мен тұрғындар арасында орнатылған ашық жүйе деуге болады. Орталыққа келгендерді алдымен полиция қызметкерлері қарсы алып, содан кейін қандай қызмет түрі қажеттігіне қарай нұсқау береді екен. Ондағы мақсат – полиция қызметіне деген ашықтықты қамтамасыз ету. Бұл жерде азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, кез келген адам кәсіби кеңес, қажетті анықтамалар алады. Жұмыстарды жіті бақылаған «Жемқорлыққа қарсы Бірінші медиа орталық» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Төлеген Байғұлов:
– Бұл меморандумның мақсаты – жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесінде ІІМ қызметінің тиімділігін арттыру, жемқорлыққа қарсы саясатты ілгерілету бойынша бірлескен іс-әрекеттерді іске асыру, жемқорлықты туындататын себептер мен салдарларды жою. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес міндетін Мемлекет басшысы барлық мемлекеттік органдар алдына қойып отыр. ІІМ бұл мәселеге кешенді түрде қарастыруда. Біз полиция қызметкерлерінің арасындағы заң бұзушылықтарды анықтап қана қоймай, сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасауға мүмкіндік болмайтындай жағдайлар жасауымыз керек. Бұл – барлығымызға ортақ міндет, – деді
Сонымен қатар жұмыс барысында төраға жергілікті БАҚ өкілдері және блогерлермен кездесті. Жиын барысында полиция қызметінің ашықтығына байланысты сұрақтармен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан бірқатар мәселелер ортаға салынды. Қойылған сауалдар мен көтерілген мәселелер назарға алынып, тиісті жауаптар берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.