Қалалық қоғамдық-саяси газет

Періштелер мекенінде сәт сайын сәби үні

0 981

Іңгә! Бұл үннен асқан тәтті әуен, одан асқан бақытты сезіндірер жан иесі жоқ десек, оның авторынан асқан кереметті жер бетінен таппайсың. Иісі де еш әтірге тең келмес ғажапты құшағына алу үшін жан біткен жанын құрбан етуге даяр. Ал осынау әлемнің бар бақытын құйтақандай бойына құйып, анасының құрсағын жарып шыққан бөпелер дүние есігін ашқан алғашқы минуттарын облыстық көпбейінді аурухананың перинаталдық орталығында қарсы алады.

283 орынға арналған перзентханада бүгінгі таңда 356 медициналық қызметкер еңбек етіп жүр. Осынау мәңгілік бақыт пен шаттықтың шаңырағына айналған құт мекенге 19 маусым – Медицина қызметкерлері күні қарсаңында  барып, кішкентай туындылардың «шыр» етіп дүниеге келген ғажап сәттерімен танысып, бір күнімізді акушер-гинекологтың қызметіне арнап, ана мен баланың алғашқы кездесуіне куә болған едік.
Әр пенденің үмітін үкілеп, болашағына деген сүйіспеншілігін арттырған перзентхана осы өңірде дүниеге келген талай болашақ биші, күйші, әкім мен ақынның кіндігін кесіп жатыр. Алладан кейінгі ғұмыр сыйлаушы дәрігер атаулының кіршіксіз арын айғақтап тұрғандай, біз де айқара ашылған есіктен кірген сәт ақ халат киіп, қабылдау бөлмесіне аяңдадық. Бұл жерде жүктілік кезінде әлдебір қиындық туып, денсаулығында кінәрат табылған аяғы ауыр келіншектер мен ай күні жетіп, толғатқан әйелдерді тізімге алып, қабылдайды.
Жаңа ғана қабылдауға түскен, Шолпан есімді келіншектің жүктілігінің 37-ші аптасы. Қан қысымының жоғарылауына және зәрінде белок пайда болғанына байланысты аудандық дәрігерлердің шешімімен осы орталықтың көмегіне жүгінген.
 – Перзентханаға тәулігіне 30-40 әйел түседі. Біздің орталық облыс бойынша 3-ші дәрежедегі көмек көрсететін мекеме болғандықтан, әр ауданнан жүкті әйелдің жағдайына байланысты бізге жіберіледі. Қабылдау бөлімінде бір бөлім меңгерушісі, 2 дәрігер, 2 ординатор, 23 акушер жұмыла жұмыс жасайды. Біздің перзентханаға көбіне жағдайы ауырлау, қан жоғалтқан, баласы іште шетінеген, қан қысымы 200-дің үстіндегі келіншектер келіп түседі – дейді қабылдау бөлімінің меңгерушісі Ақерке Тоқбергенова.
Қабылдау бөліміне түскен жүкті әйелдерге сәттілік тілеп, босандыру блогына ат басын бұрдық. Дәл сол сәт сәбидің «шар» еткен тәтті үнінен шаранасын жарып шыққан шақалақтың дүниеге келгенін сүйіншілеп, қуанышты сәттің жеткенін жеткізіп жатқанын ұқтық. Бұл  Меркі ауданынан келген Диана Малимбетованың 16 жыл күткен екінші перзенті еді.
Кіндік кесіліп, періштенің салмағы өлшеніп, тиісті шаралар жасалып болған соң, Диана қызын құшағына алуға мүмкіндік алды. Тұңғышы 16 жасқа толған ана, қызын айналып-толғанып отыр. Қандай шуақты сәт еді?! Мейірім атаулы осы бір аяулы екі адамның аяғының астында қалғандай. Бөбек өз анасының құшағында балбырап ұйықтап жатып-ақ, уайым, дүниәуи ойлар, күдік пен тіршіліктің қамыты сыпырылып түсіп, құйтақандай өмір иесінің қасында бар қызық атаулы да түкке татымайтынын тағы бір дәлелдеп жатты.
– Біз бұл күнді ұзақ күттік. Қызыма әлі ат қоймадық. Маған перзентімнің амандығынан, адам болып ғұмыр кешуінен артық ештеңе жоқ. Қаз-қаз басып, мектепке барып, кейін жұмысқа араласып, жақсы адам болып жетілгенінен артық бақыт та жоқ. Осы орталықтың дәрігерлерінің арқасында баламды бауырыма бастым. Бәріне алғысымды білдіремін, – дейді Диана. Бұл сәтте шақалақ ана уызының дәмін тұңғыш рет татып-ап, балбырап, ұйқыға кеткен еді.  Жаңа туған нәрестеге кім құмар болмасын?! Біз де жаңа ғана дүниеге келген өмір иесін  бір иіскеп, паталогия бөліміне қарай аяңдадық. Осы орайда орталықтың жүкті әйелдер патология бөлімінің меңгерушісі Бұлбұл Рахимбекованы тілге тарттық.
– Осы мамандықты игергеніме 30 жыл болды. Бұл бөлімде жұмыс жасағаныма 10 жыл. Мұнда ерте босанатын, қан қысымы көтерілген немесе басқа да кінәратына шипа  іздегендер емделеді. Аман есен ай күніне жеткен соң, босануға жібереміз. Бала күнімнен дәрігер болсам деген арманым болған. Сол арманның жетегінде осы қуанышы мен қиындығы қатар жүретін мамандықты игердім. Ең алғаш әйелдің босану сәтіне куә болғанда қорқынышпен қатар әлдебір түсініксіздік және таңдану, ал ең соңғы ана мен бала қауышқан сәттегі қуаныш сынды түрлі ойға бөленген едім. Ал бүгінде тек анаға баланы аман есен сыйлауды ғана ойлаймыз. Менің тәжірибемде ең қиын босандыру сәтін айта кетер болсам, егіз сәбиді тудырып жатқанда, бірінші бөбек аман есен жатырдан шыққанымен, сыңары көлденең келіп қалды. Сол сәт ойлануға уақыт болмады. Тез арада кесір тілігін жасап, баланы аман алып қалдым. Сол әйел әлі күнге ізгі тілегін білдіріп, әр мейрамда құттықтап, өзінің жүкті туыстарын да маған жіберіп тұрады. Кейде дәрігерге ойлануға уақыт болмайды. Бір минуттың өзі, бір адамның ғұмырын шешеді. Сондықтан, алғыр, шапшаң, әсіресе сауаттылықты талап ететін мамандық – дейді Бұлбұл Ахметбекқызы.
Жүкті әйелдердің жағдайын білу мақсатында ішке ендік. Бір топ аяғы ауыр келіншек теледидардан жүктілік кезеңі мен жаңа туған сәбидің алғашқы күтімдері туралы бейнеролик қарап отыр екен. Кеше ғана құлын мүсіндерінің қамымен тамақты тарта жеп, салмақ қосудан арланып, қыпша белін ойлап мазасы кетіп жүрген  қыздар, қас қағым сәтте әйелге айналып, бөксесі толысып, қарындары үлкейіп, беттерін секпіл басқанына қуанып, бастары бір ғана тілекте тоғысып, перзенттерін аман есен бауырына басуды ғана ойлап отыр.
Дәрігерге қосылып, жүкті келіншектердің қан қысымын өлшеп, не мазалап жүргенін сұрадық. Олар жүздері бал-бұл жанып, іштегі тікеннің тезірек сыртқа шығып, қауышар сәтті асыға күтіп жүргендіктерін жеткізді. Сол сәт әп сәтте белін ұстап, отыра қалған келіншек көз жасын тия алмай, байбалам салды. Арқасы мен белін уқалап, тексеріс жасап, бәйек болдық. Бұл келіншекті толғақ қысып жатты. Құрсақта жатқан кішкентай ғана тіршілік иесі алпыс екі тамырын идіріп, тар құрсағын кеңітер сәттің жақын екенінен белгі беріп, осылай анасын  «бебеулетіп» дабыл қақты. Осы сәт қарбалас тіршілік басталып кетті. Босануға аз қалған келіншекті дайындап, түрлі процедура жүргізіп жатты. Ал біз келесі сөз кезегін орталықтың акушер-гинекологы Мамед Обиловқа берген едік.
– Жұмыс күнім жүкті келіншектермен, олардың жай күйімен танысудан басталады. Ал олар толғатқан сәттен бастап, дүниеге нәресте келгенше, солармен бірге тыныстап, бірге қиналып, уайымнан бірге толғатқандай күй кешемін. Ал ең бақытты сәт ол баланы қолыңа аман-есен алып, анасына таныстырып, көрсеткен секундтардың ләззаты. Өз келіншегім де жүктілік кезінде менің көмегіме жүгінеді. Үш перзентім бар. Бірақ, алдыңғы екі сәбиде әйелімді босандыруға дайын емес едім. Үшінші перзентімді өзім босандырып алдым – дейді Мамед Салаварұлы.
Мұндағы әйелдердің барлығы бір кемеде. Жағдайлары әртүрлі болғанымен, күткендері бір тілек. Назым Чимкентбаева орталыққа қан қысымы жоғарылап түскенін айтты.

– Мен төртінші жүктілік кезеңін басымнан кешіріп жатырмын. Күнделікті дәрігерлердің таңнан кешке дейінгі дамылсыз еңбегін көріп жүрміз. Ең алдымен осындағы барша дәрігерлер мен медбикелерге жүкті әйелдердің атынан алғыс айтқым келеді. Осындағы медицина қызметкерлерінің арқасында баламызды бауырымызға басуға нәсіп етсін – дейді Назым.

Бұл орталықтың құны өмірмен өлшенеді. Сондықтан құнды, сондықтан бағалы. Қыз-қыз қайнаған қызмет барысында толғақ қысып, талықсыған әйелді бір, ана құрсағындағы құлынның хәлін екі ойлап, қос тағдырға араша түсіп, алашапқын болған ақ халаттылардың әрбір сәті әркімнің ертеңін шешеді. Екі бірдей өмір иесінің тағдырын мойнына алған әрбір акушер-гинеколог алғыс пен мадаққа лайық. Ал дүние есігін ашқан бөбектердің бауы берік болғай!

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.