Кез келген елдің қоғамдық-саяси өмірінде саяси партиялардың алатын орны ерекше. Олар халықтың түрлі әлеуметтік топтарының мүдделерін білдіріп, демократиялық қоғамның негізін құрайды. Адамзат тарихында Ежелгі Грекияда пайда болған саяси партиялардың бүгінгі мемлекеттердің өмірінде айрықша маңызға ие. Сондықтан да партиялық жүйенің нық болуы маңызды. Оның қалыптасуы мен тұрақты жұмыс істеуі елдің дамуына тікелей үлес қосады.
Жалпы, қай кезде болса да қазақ мемлекеттігінің басында зиялы қауым өкілдері тұрды. Ал олардың дербес саяси күш ретінде белсенді әрекетке көшуі 1905 жылғы революциялық оқиғалармен тұспа-тұс келді. Осылайша ХХ ғасырдың бас кезі қазақ өлкесінде ұлттық саяси партияларының алғышартының қалыптасып, одан әрі дамуының маңызды кезеңі болып тарихта қалды. Бұл шақта ресейлік отарлаушылар қазақ халқының жері мен оның табиғи байлығының айтарлықтай бөлігіне иелік етіп, қазақ халқын тілінен, ділінен біртіндеп айыру бағытында ойластырылған шараларды жүзеге асыруға кіріскен еді. Сөйтіп, Қазақстанда отаршылдыққа қарсы ұлттық сұраныстарға жауап беруге бағытталған идеялар, одан туындаған қозғалыстар мен саяси партиялар құрыла бастады. Солардың қатарында 1905 жылы «Алаш» қозғалысы жұмысын бастады. 1917 жылы ақпанда Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс болып, монархия құлады. 1905 жылы басталған «Алаш» қозғалысы да 1917 жылы қайта «Алаш» партиясы болып жалғастырылды. Қазақ зиялыларының Ұлттық-демократиялық саяси ұйымы халық санасының қозғаушы күшін міндетін заман талабына сай адал атқарды. Шын мәнінде дәстүрлі саяси партия болып қалыптасып үлгермегенімен, «Алаш» екі ұлттық мақсат – қазақ халқын езгіден құтқаруды және қазақ қоғамын өркениетті елдер қатарына жеткізуді өзіне басты бағыт етіп белгіледі. Осылайша ХХ ғасырдың бірінші ширегінде алғашқы қазақ партиялары мен қозғалыстары қалыптасып, қазақ даласында «Кадет», «Эсер», «Алаш», «Үш жүз», «Шура-и-Ислами», «Муслимин-и-иттифок», «Ерік» секілді саяси партиялары құрылды.
Тәуелсіздік таңы атқан тұста Қазақстан Республикасының алдында күрделі әлеуметтік-саяси шындық жағдайында еліміздің дамуын қамтамасыз етуге қабілетті демократиялық негізде мемлекеттік және саяси институттарды құрудың күрделі міндеті тұрды. Бұл процесте көппартиялық жүйені құру басты мәнге ие болды. Партиялар саяси институт ретінде азаматтардың мүдделерін білдіретін және тиімді кері байланысты қамтамасыз ететін арнаға айналуы тиіс еді. Бұл мүлде жаңа тетіктер мен құқықтық базаларды енгізуді талап етті.
Еліміздегі көппартиялық жүйенің белгілері 90-жылдардың аяғында байқалды. 1991 жылы 27 маусымда «Қоғамдық бірлестіктер туралы» заң қабылданғанда осы саланың құқықтық негізін салуда маңызды қадам жасалды. Бұл кеңес одағы күйреп, Конституцияда бекітілген бірпартиялық жүйе жойылған кезеңнің тұсы еді. Дәл сол кезде көппартиялық жүйе заңды тұрғыда бекітіліп, демократиялық принциптерді басшылыққа алған жаңа саяси ұйымдар құрылды. Осылайша, қоғам өмірі жылдам қарқынмен саясаттандырылды. Алайда сол ұйымдардың бәрінде дерлік саяси-идеялық тұғыры әлсіз болғандықтан, олар нақты бір жетекшінің ықпалынан шыға алмай, көпшіліктің қолдауына ие болған жоқ. Оның үстіне, Абайдың «Болды да партия, ел іші бүлінді» деген заманынан кейін қазақ қоғамында көппартиялық жүйенің тәжірибесі мүлде болмағаны рас.
Тәуелсіздіктен кейін қабылданған «Қоғамдық бірлестіктер туралы» (1996 жылы) және «Саяси партиялар туралы» (2002 жылы) заңдар партиялардың іс-әрекетін құқықтық жағынан реттеуді қамтамасыз етіп келеді. Қоғамның даму деңгейінің ерекшеліктеріне сәйкес бұл заңдар, тиісті түзетулер енгізілу арқылы жетілдіріліп отырды. Осы уақыт ішінде елдегі партиялық құрылысты дамытуда бірқатар тәжірибе де жинақталды. Саяси партиялар азаматтық қоғамды, әлеуметтік әділдікті, құқықтық мемлекетті орнықтыру мен одан әрі дамытуда бірқатар ауқымды қызмет атқарып келеді.
Жалпы партия құрылысына байланысты қоғамдық қатынастарды құқықтық жағынан реттейтін заңнаманы демократиялық және құқықтық стандарттарға сәйкес жан-жақты жетілдіру қажеттігі анық. Ал бұл процесс демократиялық, идеологиялық, саяси әралуандық, көппартиялық сияқты конституциялық принциптерге негізделіп, мемлекет пен саяси партиялар арасындағы қарым-қатынастың мүлде жаңа құқықтық тетіктерін қалыптастыруға бағытталуға тиіс. Бұл өз кезегінде ел азаматтарының саяси құқықтарын қамтамасыз етудегі билік пен партиялардың тиімді ынтымақтастыққа негізделген жұмысына тікелей байланысты. Түптеп келгенде, бұл – мемлекеттегі әділеттілікті қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаның басты мақсатына қол жеткізудің маңызды бағыты.
Бұл тұрғыдан келгенде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауында Жаңа Қазақстан құру ісін адал әрі еркін саяси бәсекені қамтамасыз етуден бастау алатынымен байланыстырып, партиялық жүйені дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігін алға тартқан болатын.
«Партияларды тіркеу ресімі едәуір жеңілдейді. Тіркеу шегін 4 есеге – 20 мыңнан 5 мың адамға азайтқан жөн. Өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға төмендетіледі. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге, яғни 1000-нан 700 адамға азаяды. Сондай-ақ, құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт көбейеді. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты жеткізіп, тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады», – деген еді бұл жайында Президент.
Бұл ұсыныс көпшіліктің мүддесін барынша қамтуды, демократияны тереңдету мен халық өкілеттігінің сапасын арттыруды және азаматтардың билікке деген сенімін нығайту мақсатынан туындағаны анық.
Осы мақсатта «Саяси партиялар туралы» заңға енгізілген түзетулерді елдегі көппартиялы жүйені жетілдірудің келесі кезеңінің құқықтық негізін қалыптастырудағы алғашқы қадам ретінде қабылдауымыз керек. Өйткені Қ.Тоқаев 2019 жылғы сайлаудан кейін халыққа арнаған алғашқы Жолдауында: «Біз саяси реформаларды асығыстыққа салынбай, кезең-кезеңімен, табанды түрде және жан-жақты ойластырып, жүзеге асырамыз. Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз», – деп өзінің пайымды ұстанымын білдірді.
Саяси партияларды мемлекеттік тіркеу ресімдерінің айтарлықтай жеңілдетілуі партиялық құрылыстың дамуын едәуір жандандырып, жаңа партиялардың пайда болуына мол мүмкіндіктер ашады. Партиялар халықты саясатқа жұмылдырудың тиімді құралы екенін және халықтық сипат алған сайын билікті демократияландыруда саясаттың ықпалы күшейе түсетінін ескеретін болсақ, жаңадан құрылған партиялар әр алуан саяси көзқарастардың ашық пікірталасын қамтамасыз етуге, сонымен қатар оппозициялық көзқарастағы жекелеген тұлғалардың басын біріктіріп, қоғам мүшелерінің саясаттағы ықпалын арттыруға және өзара бәсекелестікті нығайтуға тың серпін береді.
Әрине, көппартиялық жүйені дамыту бойынша қолайлы жағдай туғызудағы заңнаманы жетілдірудің ең басты мәселесі саяси партиялар мүшелерінің мемлекеттік тіркеуге қажетті санын қысқартумен ғана шектеледі десек қателесеміз. Болашақта олардың құқықтық жағдайының, мұндай жасанды шектеулерге қарағанда, қоғамда алатын орнына, қоғамдық пікірді қалыптастыру мен бұқараны ұйымдастырудағы белсенді әрекетіне және билікке қол жеткізудегі еркін бәсекелестік қабілетіне сәйкес анықталуы қажет.
Жалпы әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, партиялық құрылыстың барлық мемлекеттерге бірдей әмбебап жүйесі жоқ. Әлемнің көптеген мемлекетінде олардың тарихи дамуы мен ұлттық ерекшеліктеріне, қазіргі заманғы саяси әлеуметтік даму деңгейіне сәйкес, бірпартиялы, екіпартиялы және көппартиялы жүйелер нәтижелі жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жүйелердің қайсысының болса да өзінің басым жақтары мен кемшін тұстары бар. Тіпті кейбір мемлекеттерде саяси партиялардың іс-әрекетін реттеуге арналған заңдар да жоқ, олардың іс-әрекеті азаматтық және сайлау заңнамаларының шеңберінде реттеле береді. Ал саяси партияларды мемлекеттік тіркеу ресімі құқықтық жүйелердің бәрінде бірдей қарастырылмаған.
Шын мәніндегі халықтық саяси партия азаматтардың бір мақсат-мүдденің төңірегінде топтасуы арқылы төменнен, яғни тікелей халықтың таңдауымен қалыптасады. Мұндай партия өзінің әлеуметтік тұғыры, қоғамның белгілі бір тобының мүддесін көздейді. Ал жасанды түрде биліктің ықпалымен жоғарыдан құрылған саяси партияның мақсаты көпшіліктің мүддесіне толықтай сай келуі екіталай.
Еркін САЙЫН