Қалалық қоғамдық-саяси газет

Парақор ұстаз кімге үлгі?

0 538

Өсіріп отырған ұл-қызымыз адал­дықты ата-анадан, сосын мектептегі ұстаздардан алатыны белгілі. Мұға­лімнің әрбір әрекеті мен сөйлеген сөзі балаға үлгі. Өкінішке қарай, соңғы жылдары педагогтер арасында кездесіп жат­қан түрлі жаға ұстатар жайт баланың ұстаздарға деген құрметін де азайтпас па екен?  Білім сала­сындағы қылмыстық әрекеттер оқушы­лардың әңгімесіне де айналған,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі aikyn.kz сайтына сілтеме жасап.

Шымкент қаласында білім саласына қатысты былықтар жиі айтылады.  Мәселен, жуырда Шымкент қаласының Әл-Фараби аудандық соты қалалық Білім басқармасының бас маманы Қасымхан Досжанов пен №79 жалпы орта мектептің директоры Айнұр Қарабаеваға қатысты істі аяқтады. Сот оларды алаяқтық жасау, пара беру, пара беруге айдап салу, бөтеннің мүлкін иемдену, қызметтік жалғандық жасау фактілері бойынша айыптап, бас маманды  4 жылға, директорды 7,5 жылға бас бостандығынан айырды. Екеуі бірігіп жасаған осынау алаяқтық әрекеттерін 2018 жылы бастапты. Олар мұға­лім­дерге тестті оң тапсырғаны туралы анық­тамалар мен хаттамаларды қолдан жасап, екі миллионнан аса теңге жымқырған. Алғашқы бастамалары осылайша сәтті аяқталған соң «дәніккеннен құныққан жаман» дегендей мұндай әрекеттерді жалғастыра бастайды.  Былтыр тамыз-қыркүйек айларында тағы да «сертификат әпереміз» деп біраз мұғалімнен пара дәметеді. Осылайша, жалған сертификаттар алып отырған 340 мұғалім бюджеттен жоғары жалақы ала бастайды. Мектеп басшысы олардың әрқайсысынан қалаған санатына қарай 10 мың мен 60 мың теңге аралығында пара алып отырған. Сот процесінде мұғалім­дердің 2018-2019 жылдары жалған сертификат арқылы жалақыларына қосымша үстемеақы алып келгені анықталды. Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Сәбит Төрехановтың айтуынша, олар алаяқтық әрекеттері арқылы мемлекетке 200 миллион теңгеден аса шығын келтірген. «Аттестаттау куәлігі болғандықтан, олар жалақысынан бөлек мемлекеттен қосым­ша ақы алып келген. Қылмыстық іс бойынша келтірілген залал көлемі 210 миллион теңгеден асады. Қазір негізсіз, яғни артық төленген қаржы мемлекетке қайтарылды», – дейді судья Сәбит Төреханов.

Шымкентте болған осы шулы мәселе қо­ғамда үлкен пікірталас туғызды. Бір емес, жүздеген ұстаздың осындай қитұрқылыққа баруы өкінішті жағдай. Бұл  – ұсталғаны ғана. Дәл осыған ұқсас немесе басқа да жағдай­лармен сыбайластыққа арбалып, ұстатпай жүргені қаншама?. Осыдан кейін-ақ білім саласының «былыққа» батқанын көруге болады. Иә, масқара болған мұғалімдердің біразы сынақты қайта тапсырып жанталасып жатса, тағы біразы осы уақытқа дейін алып отырған үстемеақыларын қайтарып, үнсіз жұмысын істеп жүр. 350-ге жуық мұғалім қаладағы бірнеше мектептің ұстаздары.

Одан бөлек, Білім басқармасы басшы­сының орынбасары болған А. Текебаеваға Шымкент қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігі тарапынан «Риана» жекеменшік мектебіне заңсыз қаржы аударды деген күдікпен қылмыстық іс қозғалды. Ал жуырда үшінші мегополисте мектеп директорлығына  таласып отырған басшылар туралы да шу шықты. Сондай-ақ №115 мектеп ұстаздары мектеп директорының уақытша міндетін атқарушы Ә.Сатыбалдиевтың, бас бухгалтері Е.Әмірбековтің қараша айының айлық жалақысын кешіктіріп, дұрыс санамағаны жөнінде ұстаздар тарапынан шағым айтылды. Биліктің араласуымен ұстаздардың жалақысы толық төленіп, директор қызметінен кетті.

Сонымен бірге мемлекеттік балабақша­лардың жекеменшікке сатылып жатқаны да көпшіліктің жанына батып жүр. Билік бұл туралы өзін-өзі қаржыландыра алмағандықтан, 4 балабақшаны жекешелендіруге шешім қабылдадық деп алдаусыратады. Естеріңізге сала кетейік, тойханадан жекеменшік мектепке айналған «Әл-Фараби» мектебінің айналасында да дау басылмай келеді. Бастапқыда ондағы ұстаздар жалақымыз аз десе, енді ата-аналар тарапынан шағым әлеуметтік желілерде шарлап кетті. Мұндағы мемлекет есебінен оқитын оқушылар мен ақылы негізде оқитын балаларға теңдей жағдай жасалмағаны жөнінде реніш болған. «Әлеуметтік жағдайға қатысты кемсітушіліктер көп» дейді ата-аналар.

Айтайын дегеніміз, тәрбие орталығы сана­латын білім саласындағы осындай жағдай­лардан кейін «ет сасыса тұз себеміз,  тұз сасыса не себеміз?» деген тәмсіл ойға келеді екен…

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.