Қалалық қоғамдық-саяси газет

Пандемияның екінші толқынына дайындық қалай?

0 13

Әлемді жаулаған коронавирус инфекциясының алғашқы толқыны қай елге болмасын оңай соқпады. Еліміздің өзінде пандемияда жаппай дәрі жетіспеушілік, ИВЛ аппараттарының жоқтығы талай жанның өмірін қиды. Ал мамандар күздің соңы мен қыстың басында бұл жағдай қайталануы мүмкін деп дабыл қағуда. Тіпті карантиндік режимді күшейтіп, мамандар тұрғындарды сақтық шараларын барынша сақтауға шақыруда. Осы орайда біз облыстағы мән-жайды білу мақсатында өңірдің бас дәрігері Әсет Қалиевпен сұқбаттасқан едік.

Арайлым Шабденова

– Әсет Әскербекұлы, денсаулық сақтау басқармасының басшысы ретінде пандемияның екінші толқынына дайындықтың қалай екендігін айтып өтсеңіз.
– 2020 жылдың 12 тамызында «Пандемияның 2-ші толқыны кезінде Жамбыл облысының тұрғындары арасында COVID-19-дың одан әрі таралуын алдын алу үшін қызметтер мен ведомстволардың іс-әрекеті туралы стратегиялық жоспары» облыс әкімімен бекітілді. Бекітілген жоспарға сәйкес, ағымдағы жағдай бойынша облыстық көп бейінді балалар ауруханасының инфекциялық блогында 250 инфекциялық төсек қоры, оның ішінде 25 реанимациялық төсек қоры жұмыс атқаруда.

Оған қоса, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «Қазақстан Республикасының мемлекеттікшекарасындағы өткізу пункттерінде коронавирустық инфекция ауруының алдын алу жөніндегі шараларды одан әрі күшейту туралы» 2020 жылғы 2 қазандағы №54 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткен дене температурасы жоғары адамдарды, анықтаманың болуына қарамастан, COVID-19-ға зертханалық зерттеп-қарауды жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшаулау мақсатында 245 төсек орынға арналған карантиндік стационарлар ашылды.

Сонымен қоса жоспар бойынша, індеттің эпидемиологиялық өршуіне байланысты орын алуы мүмкін 3 сценарийге сәйкес, Жасыл деңгей орын алғанда жұмылдырылатын төсек қоры 750-ге, оның ішінен реанимациялық төсектер 75-ке дейін ұлғайтылады. Сары деңгей орын алғанда төсек қоры 1 360-қа дейін, оның ішінен реанимациялық төсектердің саны 136 құрайтын болады. Қызыл деңгей орын алғанда Covid-19-бен ауыратын науқастарды емдеу үшін инфекциялық стационарлардағы төсек қоры жалпы 2530-ы, оның ішінде реанимациялық төсектердің саны 253-і құрайтын болады.

Қазіргі таңда облысымызда COVID-19 инфекциясына полимеразды тізбекті реакция (ПТР) жүргізу арқылы тестілеу 7 зертханада өткізіледі. Жалпы облыс бойынша тәуліктік қуаттылық 1340-ты құрап отыр.

– Медициналық ұйымдарды медициналық техникамен қамтамасыз ету жағдайы қандай?
– Медициналық құрал-жабдықтар және медициналық мақсаттағы бұйымдарды алуға жергілікті бюджет есебінен 1,6 млрд теңге бөлінді. Облыс бойынша 10 КТ жұмыс істеуде, оның ішінде 3 КТ мемлекеттік медициналық ұйымда, қосымша бөлінген қаражат есебінен 3 КТ қойылатын болады және 4 КТ ауданға мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында қойылады. Ауыр тыныс алу жетіспеушілігі бар науқастарды емдеу мақсатында облысқа 2 экстрокорпаралды мембранды оксигенация аппаратын алу жоспарланды. Одан басқа 100 көп функциональды кереует, 3 КЩС аппарат, 4 цифрлық рентгенаппараты алынуда. Және де облыстық медициналық ұйымдарға 4 оттегі станциясын орнату жоспарлануда. 14 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты сатып алынды. Республикалық бюджет қаражаты есебінен Жамбыл облысына жедел жәрдем стансасына 66 бірлік жедел жәрдем көліктері лизинг бойынша, 53 бірлік өкпені жасанды желдету аппараты алынады. Сонымен қатар Республикалық бюджет қаражаты есебінен облысқа 8 жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жеткізілді.

– Алғашқы толқында тіпті медқызметкерлерінің бірқатары ауырып, әріптестеріңіздің ішінде дерттен көз жұмғандары да болды. Бүгінде медициналық қызметкерлерді және стационарларды дәрілік заттармен және жеке қорғаныш құралдарымен қамтамасыз ету бойынша қандай жұмыстар атқарылды?
– 2020 жылғы 21 қазанындағы жағдай бойынша Бірыңғай дистрибьютормен стационар шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына (МҰ – 78 ұйым. Анықтама үшін: 34-і басқармаға қарасты ұйымдар, ал 35-і жеке меншіктегі және 9 әскери медициналық ұйымдар барлығын санағанда) 5,9 млрд теңге соммасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізілді. Оның ішінде коронавирустық инфекциясын емдеуге және алдын алуға арналған дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдар 876,2 млн теңгеге жеткізілді. Жамбыл облысы бойынша 81 дәрілік зат атауы бойынша мамыр-тамыз айларында 677,57 млн теңгеге қосымша өтінім берілді. Ағымдағы жылдың 21 қазанына 53 күнге жетерліктей дәрілік заттардың қоры бар.

– Жедел жәрдем жетпей, тұрғындар ауруханаға өз аяқтарымен келген күнді де көз көрді. Екінші толқын кезінде мұндай олқылықтар қайталанбас үшін жұмыс жасалды ма?
– Науқастарды қарау кезінде туындаған сұрақтар бойынша өңірлік дәрігерлерге консультация беру үшін тар бейіндегі барлық мамандар құрамынан облыстық ахуалдық орталық құрылды. Құрамына инфекционист, эпидемиолог, анестезиолог-реаниматолог, пульмонолог және т.б. тар бейін мамандар кірді. Халыққа үйде медициналық қызмет көрсету, оның ішінде дәрілік заттарды жеткізу үшін медициналық санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымдары жанынан 214 ұтқыр әмбебап бригадалар ұйымдастырылды. Созылмалы аурулары бар пациенттерді, егде жастағы адамдарды қашықтықтан динамикалық бақылауды ұйымдастыру мақсатында барлық МСАК ұйымдарында Call орталықтары жұмыс жасауда.

Барлық стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі енгізілді және ПТР сынамалары жоқ науқастар оқшаулағыштар ұйымдастырылды. Жұмылдырылатын инфекциялық стационарларда бейнебақылау жүйелерін орнату жұмыстары жүргізілуде. Жыл сайын жергілікті бюджет қаражаты есебінен тұмауға қарсы вакциналау жүргізу жоспарланады. Биылғы жылға 280,8 млн теңгеге 323 748 доза тұмауға қарсы вакцинасы сатып алынды. «СҚ-Фармация» ЖШС-нен 18,5 млн теңгеге қосымша 21 333 доза сатып алынды.

Жалпы ағымдағы жылға жергілікті бюджет есебінен (299 млн теңге) 345 081 доза тұмауға қарсы екпе жеткізілді. Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің «2020-2021 жылғы эпидмаусымда тұмау және жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) бойынша санитариялық-профилактикалық, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізу туралы» 2020 жылғы 5 қыркүйектегі №51 қаулысына сәйкес тұмауға қарсы иммундау кампаниясы ағымдағы жылғы 15 қыркүйектен басталды. Бүгінгі таңда 309 306 тұлға тұмауға қарсы екпе алды (облыс тұрғындарының жалпы санынан қамтылуы 26,74%).

– Мамандарды, оның ішінде орта буын медицина қызметкерлерін қайта даярлау, біліктілігін және білімін арттыру туралы да айтып өтсеңіз.

– Жоспарланған төсек қорларына сәйкес жалпы 4 410 медицина қызметкерлері (882 дәрігер, 1764 мейірбике, 1764 кіші буын медицина қызметкерлері) тартылатын болады. Одан бөлек жасақталған төсек қорларына жұмылдырылған медициналық қызметкерлерден басқа қосымша 76 жас маман, жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада оқитын 34 дәрігер-резидент, басқа медициналық ұйымдарды жұмыс істейтін 20 дәрігер және С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен 2020 жылғы 26 тамызда жасалған Ынтымақтастық туралы Меморандумға сәйкес 150 дәрігер, барлығы 280 дәрігерден резерв жасақталды. Бүгінгі күнге М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығында «Жұқпалы аурулардың эпидемиологиясы және биоқауіпсіздік» тақырыбында 5 маман қайта даярлау курстарынан өтуде.

– Бүгінгі таңда облыстағы коронавирус инфекциясының таралуы қандай деңгейде?

– Мониторингке сәйкес, 2020 жылғы 23 қазан сағат 07:00-дегі жағдай бойынша облыс аумағында жалпы COVID-19 індетінің 4163 жағдайы тіркелді, 100 мың тұрғынға шаққанда аурушаңдылық көрсеткіші 359,9 құрады. Пневмонияның –134 жағдайы тіркелген (2020 жылғы 1 тамыздан бастап сәйкестендірілмеген пневмонияны есепке алу бөлек жүргізіледі). Өткен тәулікте КВИ-дың 3 жағдайы тіркелді.Тіркелген жағдайлардың ішінде 1811науқас (43,5%)симптоммен, 2352 науқас (56,5%) симптомсыз. Инфекциялық стационардан 4068 азамат сауығып шықты. КВИ-дан 61 өлім оқиғасы тіркелді. КВИ аймақтар бөлінісінде: Тараз – 1961, Байзақ – 293, Жамбыл – 221, Жуалы – 153, Қордай – 490, Т.Рысқулов – 142, Меркі – 128, Мойынқұм – 83, Сарысу – 178, Талас – 127, Шу – 221, әскерге шақырушылар арасынан 118 жағдай, басқа облыс тұрғындары арасынан 48 жағдай тіркелді.

Пневмония аймақтар бөлінісінде: Тараз – 41, Байзақ – 27, Жамбыл – 9, Жуалы – 2, Қордай – 6, Т.Рыскулов – 13, Сарысу – 12, Талас – 22, Шу – 2 жағдай тіркелді. Эпидемиологиялық тексеру барысында науқас тұлғалармен қатынаста болған 15843 тұлға анықталды. Оның ішінде 13768 жақын қатынаста, 2075 потенциалды қатынаста болғандар. Қатынаста болған 15769 тұлға қадағалау уақытының аяқталуына байланысты бақылаудан шығарылды, қалған тұлғалармен қаулыға сәйкес жұмыстар жүргізілуде.

Тұрғындарға өздеріңіздің және жақындарыңыздың денсаулығына бей-жай қарамауға шақырамын. Үкімет бекіткен шектеулерді орындап, карантиндік режимді қатаң сақтап, бетперде мен антисекптикті қолдануды естен шығармаңыздар. Қазіргі бекітілген барлық шаралар ол сіздер мен біздердің денсаулығымызды қорғау мақсатында жасалынып жатыр. Бір бірімізге қамқор болайық! Ауырмаңыздар!

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.