Тараз қаласындағы Ардагерлер орталығында «Отбасы құндылығы» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Шараны «Қазақстан ардагерлері «Айрықша тәуекелді ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігі саяси бөлімінің бастығы С.Қуантаев пен Ардагерлер үйінің психологы Р.Әділова бірлесіп ұйымдастырды.
Басқосуды Р.Әділова қазақ халқының ардақты тұлғасы, дипломат, билердің атасы атанған Төле би Әлібекұлының өмір жолына арналған танымдық баяндамасымен бастады. Ол Төле бидің шаңырағына ұя салған қарлығашты қорғап, оны қумай, ұясын сақтап қалуы арқылы туған жерін жау шапқыншылығынан аман алып қалғаны туралы әңгімеледі. Бұл оқиға арқылы отбасына деген сүйіспеншілік пен Отанға деген махаббаттың маңыздылығы көрсетілді.
Келесі кезекте қатысушылар заманауи отбасы мәселелеріне тоқталды. Ардагерлер балалар тәрбиесі, әкенің рөлі, әйелдің отбасы ұйытқысы ретіндегі орны, жас ұрпақты өмірге дайындау туралы өз пікірлерін бөлісті. Ал Р.Әділова адамның жеке қасиеттері мен мінез ерекшеліктері жайлы айтып өтті.
Кездесу барысында ардагер М.Салыбеков жаз мезгілінде балалардың бос уақыты мен демалысы туралы өзекті мәселелерді қозғады. Ол немерелерін Зербұлақ көліне апару қиынға соғатынын, жолдамалар мен билеттердің қымбаттығын атап өтті. Сондай-ақ ойын-сауық орталықтарында көпбалалы отбасылардың қаржылық жағдайы ескерілмейтінін сынға алды. Жазғы сауықтыру лагерлеріне жолдама алу қиындықтары мен аула клубтарының жұмысы белсенді емес екендігі де айтылды.
Медиация ұйымының мүшесі М.Ким жазда жасөспірімдерді жұмыспен қамту, еңбекке тарту туралы өз ойымен бөлісті. Оның айтуынша, жастар өз шығындарын жабу үшін жұмыс істегісі келгенімен, кейде алданып, еңбегіне ақы ала алмай, қиын жағдайларға тап болады. Нәтижесінде несие алуға дейін барып жатады екен.
«Дара кеңес» жобасы аясындағы «дөңгелек үстел» отырысы өте мазмұнды және әсерлі өтті. Әрбір қатысушы отбасы тақырыбына қатысты өз ойын білдіруге тырысты.
Ардагерлер тарапынан ұсыныс ретінде Тараз қаласы мен Жамбыл облысының ауқатты азаматтарына, сондай-ақ ниетті жандарға үздік оқитын оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыруға көмектесу, оларға саяхаттар, кездесулер, жаттығулар ұйымдастыру ұсынылды.
Кәсіпорындар, ұйымдар, спорттық клубтар жаз мезгілінде жасөспірімдерді іс-тәжірибеден өтуге қабылдап, оларды белгілі бір кәсіпке баулуға, өмірлік дағдыларды үйретуге шақырылды. Осылайша жастардың өз бетімен өмірдің қиындықтарына төтеп беріп, берілмейтін, мықты тұлға болып қалыптасуына жол ашуға қол жеткізілмек.
Мөлдір ҚУАНТАЙ