Қалалық қоғамдық-саяси газет

Отбасы құндылықтарына айрықша назар

0 175

Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның іс-шаралар жоспары бойынша шаһарда ауқымды жобалар жүзеге асуда.

Атап айтқанда, наурыз айының алғашқы аптасында «Мөлдір» мейрамханасында Халықаралық әйелдер күніне орай әйел азаматшаларға арналған түстік ас ұйымдастырылды. Осы күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің көрме залында «Көрпе FEST» мегафестивалінің ашылуы жоғары деңгейде өтті.

Мегафестиваль аясында белгілі этнодизайнер, республикалық «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің негізін қалаушы, «Аманат» сыйлығының құрметті елшісі, республикалық ақпараттық-ағарту орталығының басшысы Ы.Тұрсынзаданың ақысыз тренинг-семинары ұйымдастырылды. Семинарға қатысушы 200 әйел азаматшаға ұлттық көрпе, құрақ өрнектері және басқа да қолданбалы өнер бұйымдарын жасау жолдары үйретілді. Іс-шара барысында үздік қатысушыларға «Алтын Орда» авторлық дизайн үйінің ұлттық қолөнер технологиялары бойынша алғашқы курсын аяқтағаны үшін сертификаттар мен тігін машиналары тапсырылды. Осы күні «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінің қолөнер шеберлерінің орталығында ұлттық өнерімізді дамытып, табыс табу көзіне айналдырып отырған қыз-келіншектерді қолдау мақсатында Ырза Тұрсынзаданың шәкірттерінің қолөнер бұйымдарына арналған ақысыз алаң ашылды.
Сондай-ақ 2019 жылғы 18 сәуірдегі Тараз қаласы әкімінің №26-ө өкімімен құрылған отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобы ажырасуға ниет білдірген ерлі-зайыптыларды татуластыру мақсатында жұмыстар жүргізуде.

2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша отбасын құрғандар саны – 931, оның ішінде 50 шетел азаматы. 2020 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша некесі бұзылғандар саны – 317, сот органдары арқылы – 259, Азаматтардың хал актілерін тіркеу бөлімшесі арқылы 58 ерлі-зайыптының некесі бұзылған. 2020 жылы жұмыс тобына 54 сот ұйғарымы бойынша 12 ерлі-зайыпты қайта қосылды, 8-і ажырасты, 34 ерлі-зайыптыға қатысты сот шешімі шықпаған.
2020 жылы «Шанс» Жамбыл облысы бойынша кәмелетке толмағандарды әлеуметтік-психологиялық, құқықтық қолдау орталығының психологы әр аптаның дүйсенбі-бейсенбі күндері аралығында 9 ерлі-зайыптымен сұхбат жүргізді. Нәтижесінде 3 ерлі-зайыпты сұхбаттасу барысында татуласса, 6 ерлі-зайыптыға өзара келісімге келуге уақыт берілді. Аталған бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатында 2020 жылдың 9 маусымынан бастап Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының инспекторы (психолог) болып А.Мырзатаева тағайындалды.

Қазіргі кезде карантин режиміне орай ажырасуға өтініш білдірген ерлі-зайыптылармен психолог маман онлайн түрде (WhatsApp желісінде) және телефон арқылы сұхбат жүргізуде.

Сонымен қатар жас отбасыларды сақтап қалу, жанұялық ішкі жағдайды сауықтыру мақсатында жанұя мүшелеріне адрестік ресурстық көмек көрсету, міндетті тәрбие беру туралы жеке профилактикалық іс-шаралар жоспары бекітіліп, жауапты мамандарға орындау үшін жолданды.


Сонымен қатар Тараз қаласы әкімдігінің жанынан құрылған жедел штабтың ұйымдастыруымен «NOMAD MMA» республикалық федерация президенті Г.Гаджиевтің демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі жандарға, зейнетақасы төмен зейнеткерлерге, үй жағдайында арнаулы әлеуметтік көмек алатын жалғызілікті қарттарға көмек (100 отбасына, ыстық тамақ) ұйымдастырылды. Арнайы бекітілген мекемелер мен еріктілер коронавирус инфекциясына орай орын алған карантин режимі аяқталғанға дейін 100 отбасына «Сhinara» кафесі әзірлеген ыстық тамақтарды күніне бір рет 5 бағыт бойынша жоғарыда аталған тұлғаларға тұрғылықты мекенжайларына жеткізуін қамтамасыз етуде.

Коронавирустың алдын алу мақсатында қаладағы 3 ателье («Данадель», «Башкаева», «Алтын-ай») және 10 тігінші қыз-келіншектің тегін дайындаған бетперделері қаладағы Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға және қала тұрғындарына таратылды.
15 мамыр – Халықаралық отбасы күніне орай онлайн форматта «Отбасы құндылықтары» атты семинар-тренинг, «Ұлағатты отбасы», «Отбасы – ұлт болашағы», «Бақытты жанұя – бақытты ел» тақырыптарында онлайн тәрбие сағаттары, «Отбасы – өмір айнасы» тақырыбында сурет байқауы, «Отбасы сәйкестігі» тақырыбында онлайн тренинг, «Отан отбасынан басталады» кітап көрмесі, «Отбасы – алтын діңгек» тақырыбында кездесу өткізілді.

21 мамыр күні қала әкімдігінің мәжіліс залында Тараз қаласы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы ұйымдастырылды. Отырыста отбасы мәселелері бойынша жұмыс тобының кәмелет жасқа толмағандар арасында ерте жүктіліктің алдын алу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы мәселелер талқыланды.

15-18 маусым аралығында Тараз қалалық жергілікті полиция қызметінің ұйымдастыруымен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы өтті. Атап айтқанда, 15-16 маусым күндері №11, 17, 25 учаскелік полиция аумағында және тұрғындар көп жүретін сауда орындарында («Қайқармет» базары) еріктілердің қатысуымен «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол жоқ!» акциясы аясында ақпараттық парақшалар таратылып, зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын ақпараттық қолдау бойынша қалалық «Jambyl-Taraz» газетінде 43 мақала жарияланды. Қазақстан Республикасындағы отбасылық құндылықтарды және гендерлік теңдікті ілгерілету мақсатында қаланың орталық көшелерінде 2 баннер орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын болады.


Ұлана Сламбекова,
Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат
бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.