Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Отанымызды өркендетудің озық үлгісі

0 338

Абылай ханның ақ туы тігілген қасиетті Көкше жерінде, бауырмал Бурабай баурайында Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы жоғары деңгейде өтті. 2022 жылдан бері елдің болашағын айқындайтын стратегиялық институттың біріне айналған жиында қоғамдағы ең өзекті мәселелер талқыға түсіп, елдің келешек дамуы мен өркендеуіне бағыт-бағдар беретін тың ұсыныстар ортаға салынды.

Осыдан үш жыл бұрын Мемлекет басшысы халыққа тарихи Жолдауын жариялап, елімізде түбегейлі жаңғыру, ауқымды реформалар басталған еді. Бұл елдің еңсесін, халықтың рухын көтерген ерекше Жолдау болғаны есімізде. Бурабайдағы сөзін Президент осы кезеңде атқарылған іргелі істерді қорытындылаудан бастады. Мемлекет басшысы елдің болашағына қатысты сүбелі ойын ортаға салып, мемлекетіміз үшін ең өзекті мәселелерге қатысты көзқарасын білдірді.
– Осыдан үш жыл бұрын наурыз айында арнайы Жолдау жарияладым. Оны жақсы білесіздер. Елімізді түбегейлі жаңғырту үшін ауқымды реформа жасайтынымызды айттым. Сол кезде алғаш рет Ұлттық құрылтай туралы бастама көтердім. Үш жылдың ішінде Қазақстан жаңа тұрпатты ел болды. Саяси реформалар жан-жақты өзгерістер жасауға мүмкіндік берді. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыры кеңейді, Үкіметтің жауапкершілігі артты. Адам құқықтарын қорғау жүйесі жақсарды. Конституциялық сот құрылды. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың белсене қатысуына жол ашылды. Басқа да бағыттарда маңызды реформалар жасалды. Жергілікті билік түбегейлі жаңғыртылды. Үш жылдан аса уақыт ішінде ауыл әкімдерінің 72 пайызы жаңарды. Оның үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар. Бір сөзбен айтсақ, аймақтардағы атқарушы билікке жаңа адамдар келіп жатыр. Пилоттық жоба ретінде аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың 45 әкімі сайланды, – деді Президент.
Қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан ең маңызды мәселенің бірі – салық реформасы. Бұған қатысты да Президент өз пікірін білдірді.
– Салық жүйесі – бүкіл мемлекеттік жүйенің тірегі. Бюджетте қаржы болмаса, мемлекет өз міндетін толық атқара алмайды, әлеуметтік міндеттемелер де орындалмайды. Бұл туралы белгілі экономист Жақсыбек Құлекеев жақсы айтып өтті. Еліміз үшін аса қажет шаралардың мән-маңызын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіру керек. Жұрттың бәрі экономист немесе қаржыгер емес. Мемлекеттің қандай шараны не үшін қолға алып жатқанын бәрі бірдей түсіне бермеуі мүмкін. Сондықтан реформаның мәнін әр адамға түсінікті тілмен жеткізу керек. Үкімет салық реформасына қатысты жаңа тәсілдерді ұсынды. Бұл шаралар, жалпы алғанда, дұрыс. Онда негізгі экономикалық және әлеуметтік факторлар ескерілген. Кәсіби мамандар да, жалпы жұртшылық та қосымша құн салығының мөлшерлемесін көтеру қажеттігіне түсіністікпен қарайды, – деді Мемлекет басшысы.
Бүгінде бұл тақырыптың төңірегінде әртүрлі пікір айтылып жүр. Әсіресе қосымша құн салығына қатысты сан алуан көзқарас бар екені белгілі. Үкімет салық реформасына қатысты біраз ұсыныс берді. Қазір Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасы қаралып жатыр. Соның аясында 200-ге жуық адамнан құралған жұмыс тобы үлкен шаруа атқарып жатыр. Оның құрамында кәсіпкерлер, сарапшылар мен қаржыгерлер, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері мен ең білікті депутаттар бар. Басты міндет – қолға алынып жатқан бастамалардың мән-маңызын халыққа дұрыс жеткізу, түсіндіру. Президент кұрылтайда мұны дөп басып айтты. Салық кодексін қарау кезінде осыған ерекше мән беріледі. Біз бизнестің бөлшектелуіне, салықтан жалтаруына жол бермеуге тиіспіз. Ол үшін әділ, ашық әрі тиімді салық жүйесін қалыптастыру қажет.
Қасым-Жомарт Тоқаев бірыңғай уақыт белдеуі мәселесіне де жеке тоқталды. Үкімет пен Парламент бұл түйткілмен былтырдан бері айна-лысып келеді. Мәселенің мән-жайын жетік зерделеу үшін арнайы мониторинг жүргізілді. Үш ай бойы Үкімет аймақтардағы ахуалды, уақыт белдеуінің әсерін мұқият зерттеді. Оның қорытындысын осы аптада Мәжілістегі «Amanat» фракциясының отырысында таныстырды. Мамандар бұл жайтқа өте жауапкершілікпен қарады деп айта аламыз. Олар бірыңғай уақыт белдеуінің пайдасы мен тиімді тұстары туралы дәйекті тұжырымдар келтірді. Әр өңірдегі жағдай жеке-жеке сараланды. Барлық фактор ескерілді. Мемлекет басшысы бірыңғай уақыт белдеуін енгізудің маңызын айтып, мамандардың уәжін қолдады. Осылайша, бұл мәселенің нүктесі қойылып отыр.
Жалпы, Ұлттық құрылтайда қоғамдағы ең өзекті мәселелер көтерілді. Әдепке, діни ахуалға, интернет алаяқтыққа, жалған психологтер мен коучтарға қатысты да түрлі пікірлер айтылды. Президент осы салалардағы заңнаманы жетілдіру мәселесіне мән берді.
– Құрылтай мүшелері Дания Қыдырбаева және Олжас Сүлеймен жат діни ағымдардың жастар арасында, әсіресе спорт саласында ықпалы күшейіп бара жатқанын айтты. Теріс ағымдарға, қазақтың болмысына жат идеологияларға тосқауыл қою қажет екеніне еш күмән жоқ. Елімізде дін бостандығына кепілдік берілген. Бірақ жүгенсіздікке, тәртіпсіздікке жол беруге болмайды. Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру. Діни ұйымдардың қызметін реттейтін құжаттар осы талапқа сай болуға тиіс. Бұл мәселені жан-жақты қарау керек. Соның ішінде заңнаманы жаңа жағдайға бейімдеп отыру өте маңызды, – деді Мемлекет басшысы.
Одан әрі Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтай мүшелерін алаңдатқан тағы бір жайт – түрлі алаяқтық әрекеттердің жиілеп кеткенін жеткізді. Теріс пиғылды адамдар қайырымдылыққа деп ақша жинап, оны жеке басының пайдасына жарататынын, сондай-ақ көп адам интернет-алаяқтардан зардап шегіп жатқанын айтты.
– Бұған қоса қазір жұртқа ақыл айтып ақша табатын жалған психологтер мен «коучтар» көбейіп кетті. Оларға сеніп, алданып қалғандар көп. Маған бұл туралы көптеген шағым түсіп жатыр. Жауапты органдар бұл мәселені де назарға алуға тиіс.
Тағы бір түйткіл – қазір кинотеатрда көрсетілетін фильмдерге қатысты қоғамдық сын бар. Былтыр қазақстандық мамандар түсірген 94 фильм шыққан, яғни негізінен өзіміздің өнім шығарылып жатыр. Бұл – жақсы үрдіс. Бірақ біз ең алдымен санға емес, сапаға көңіл аударуымыз керек. Көрерменнің көңілін көтеріп, күлкі сыйлау – бір бөлек, жағымсыз әдеттерді насихаттау – бір басқа. Зорлық-зомбылықты, қатыгездік пен қылмысты насихаттайтын фильмдер де пайда болды. Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Бүгінде фильмдердің басым көпшілігі мемлекеттік тапсырыс-пен емес, жеке қаржыға түсірілуде. Кино маңызды идеологиялық құрал екенін бәріміз жақсы түсінеміз. Сондықтан жеке қаржыға түсірілсе де, фильмді кинотеатрларға шығармас бұрын алдын ала сараптаудан өткізу жолдарын қарастырған жөн.
Сондай-ақ жақсы мысалдар да бар. Жақында «Шоқан. Қашқария сапары» деген мультфильм шығыпты. Бұл өскелең ұрпаққа әйгілі тарихи тұлға Шоқан Уәлиханов туралы мәлімет беретін өте жақсы туынды деп айтуға болады. Қазақ тілінде ұлттық нақышта түсірілген осындай мультфильмдер көп болуы қажет. Бұл – ұлт болашағына тікелей ықпал ететін мәселе. Сондықтан анимацияны дұрыс бағытта дамыту мәселесін қолға алу керек, – деді Президент.
Сонымен қатар Президент ономастика саласын ретке келтіру үшін ауқымды жұмыс басталғанына, көшелер мен елді мекендерге атау беру немесе атауларды өзгерту мәселесіне келгенде жергілікті атқарушы органдар көп қателік жібергеніне, бұл ретте тіпті, жерлестік пен тамыр-таныстыққа жол берілгеніне тоқталды. Сондықтан бұл істі орталықтандыру туралы шешім қабылданғанын жеткізді.
– Нәтижесінде, бізде ономастика саласындағы жұмыстың бірыңғай әрі нақты регламенті бар. Алайда тиісті рәсімдерді өзгертіп қана қоймай, сонымен бірге, бұл жұмыспен тиянақты айналысу керек. Тарихи әділдік қағидатын қатаң ұстану қажет. Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық. Сөз жоқ, олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет. Бірақ ономастиканы «тарихи еңбегі» ешқандай архив құжаттарымен расталмаған тұлғаларды ұлықтау құралы етуге болмайды.
Тәуелсіз Қазақстанда жоғары қызмет атқарған азаматтардың өзі кеңес дәуірінің қайраткерлерін, соның ішінде ашаршылықты ұйымдастыруға қатысы бар адамдарды әсіре мадақтаумен айналысып жүр. Бұл – өкінішті әрі түсініксіз нәрсе. Жалпы, бұл жұмысты ретке келтіру керек. Ел тарихында айрықша рөл атқарған әйгілі бабаларымыздың есімі көптеген елді мекендер мен көшелерге берілген. Енді осымен тоқтайық. Өткен заман қайраткерлерінің атын ел жадында сақтау мәселесіне мейлінше салмақты көзқараспен қараған жөн. Қалалар мен көшелердің атауынан халқымыздың төл тарихы көрініс табуы қажет.
Біз әдемі жер-су атауларын және халық ішінде кең таралған дәстүрлі атауларды толық пайдаланбай жүрміз. Бірақ ауыл-аймақтардың тарихи тұрғыдан ескірген атауларын өзгерту мәселесіне мұқият қараған жөн. Бұл жерде ешқандай науқаншылдық болмауы керек. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізіп, тұрғындардың пікірін ескеру маңызды. Қазір елді мекендердің аумағы ұлғайып жатыр, қалаларда жаңа аудандар бой көтеруде. Осыған байланысты атауы қайталанатын немесе мүлдем атауы жоқ мыңдаған көше пайда болды. Бұл жағдай өрт сөндірушілерге, тәртіп сақшыларына, жедел жәрдем мен басқа да құрылымдарға қиындық туғызады. Ең алдымен осындай көшелердің атауын ретке келтіру қажет.
Жекеменшік нысандарға атау бергенде де жүгенсіздік болмауы керек. Кейде қала көшелерінде айтуға ыңғайсыз атауы бар тақтайшалар ілулі тұрады. Креатив деген, әрине, жақсы, бірақ қоғамдық тәртіп және әдеп нормаларын сақтау керек. Сондықтан кәсіпкерлердің де ономастика мәселесіне жауапкершілікпен қарағаны жөн.
Қазір депутаттар ономастика комиссиясының келісімімен ғана жеке нысанды адам атымен атауға рұқсат беретін түзетулерді қарап жатыр. Бұл – дұрыс шешім. Ономастика саласын, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту – мұның бәрі ауқымды идеологиялық жұмыстың ажырамас бөлігі. Сондықтан ішкі саясаттағы шаруаның бәрін жүйелейтін біртұтас тұжырымдамалық құжат керек деген пікірмен келісемін, – деді Мемлекет басшысы.
Тағы бір маңызды мәселе – әйелдер колониясындағы ахуал. Бас бостандығынан айырылған жандардың тағдыры назардан тыс қалмауы керек. Біз әрдайым адамгершілік құндылықтарды, заң мен тәртіп қағидаттарын басшылыққа алуымыз қажет. Әсіресе осындай жағдайға тап болған кәмелетке толмаған баласы бар әйелдер заңмен қорғалуға тиіс. Мем-лекет басшысы осыны алға тартып, мәселені байыпты зерттеуді тапсырды. Бұл бағытта құқық қорғау органдары мен депутаттар бірлесіп жұмыс істейміз.
Құрылтайда әлеуметтік, мәдени-гуманитарлық мәселелермен бірге ел экономикасына қатысты да кесек-кесек ойлар ортаға салынды. Қазір әлемдік ахуал күрделі. Жаһандық экономиканың өзі біраз қиындықты бастан кешіп отыр. Оның салқыны бізге де сезіліп жатыр. Осы жағдайда отандық экономиканы дамыту, өңірлерді өркендету – негізгі міндеттің бірі. Президент биыл экономиканың нақты секторына жұмсалатын қаржы көлемі екі есеге жуық артып, 8 трлн теңгеге дейін жететінін айтты.
Мемлекет басшысы әрдайым аймақтарды дамытуға ерекше мән беріп келеді. Қуатты өңірлер – қуатты елге айналудың кепілі. Әсіресе шекара маңындағы аудандар мен ауылдардың қаңырап бос қалмауы маңызды. Керісінше, өсіп-өркендеуі қажет. Мұны мемлекеттік саясаттың басым бір ба-ғыты дер едім. Бұл орайда «Amanat» партиясы шекара маңындағы аудан-дарды дамытуға қатысты жаңа заң қабылдауды ұсынған болатын. Президент осы бастаманы қолдап, мәселені Үкімет пен депутаттарға бірлесіп, мұқият қарастыруды тапсырды.
Сонымен қатар елімізде экономиканың жаңа салаларын дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мемлекет басшысының бастамасымен әсіресе, IT саласы, жасанды интеллект, цифрландыру бағытында кешенді жұмыс қолға алынуда. Бұл – болашақтың технологиясы, келешектің экономикасы. Сондықтан қайткенде де заман көшінен қалмауымыз керек.
Қасым-Жомарт Кемелұлы құрылтай отырысында еліміздің төрт саладағы орасан зор мүмкіндігі туралы да айтты. Олар: цифрландыру ісі мен жасанды интеллект, көлік тасымалы, энергетика, агроөнеркәсіп кешені және адам капиталы. Мұның бәрі – еліміздің жаңа әлемдегі орнықты дамуына ықпал ететін негізгі факторлар. Осы ретте Мемлекет басшысының Ядролық энергетика агенттігін құру туралы шешімі еліміздің ядролық кластер ретінде қалыптасуына жол ашатынын атап өткен жөн.
Экономиканың қарыштап алға басуы ғылымға тікелей байланысты. Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту туралы үнемі айтып жүр. Тіпті Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесін қайтарды. Былтыр біз Ғылым мен технологиялық саясат туралы заң қабылдадық. Көп шаруа атқарылып жатыр. Бірақ әлі де жұмысты ширатамыз. Ол туралы Президент тағы да айтты.
Бұған қоса Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық киім үлгілері мен театрды көбейту мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
– Ұлттық бірегейлігімізді нығайту жолында мәдениет саласы айрықша рөл атқарады. Әсіресе төл мәдениетіміздегі Әз-Наурыз мейрамының орны бөлек. Наурыз мерекесі туралы жаңа тұжырымдама әзірленді. Еліміз Ұлыстың ұлы күнін 14 наурыздан, яғни Амал күнінен бастап, он күн бойы атап өтетін болды. Әр күнге нақты атау берілді. Жұртшылық бұл бастаманы жақсы қабылдады. Әсіресе, Наурызнамадағы «Ұлттық киім күні» қоғамның зор қолдауына ие болды.
Ұлттық киімдерге деген қызығушылық арта түсті. Мектептерде, түрлі мекемелерде, сондай-ақ ірі компанияларда ұлттық киімге мән беріле бастады. Сұранысқа сай тігін цехтары ашылып, жаңа брендтер, дүкендер пайда болды. Осылайша, ұлттық киім кию біртіндеп қалыпты көрініске айналып келеді. Бұл – өте жақсы үрдіс. Бет жүзін тұмшалайтын қара киімнен гөрі өзіміздің ұлттық киімдеріміз әлдеқайда артық. Әсіресе әйелдердің дәстүрлі киімі өте ғажап көрінеді. Себебі ұлттық киім – біздің бірегей болмысымыздың маңызды көрінісі. Оны жан-жақты дәріптеуіміз керек.
тәуелсіздік жылдарында мәдениет саласында көп жұмыс атқарылды. Классикалық және заманауи музыкаға арналған сәулетті ғимараттар салынды. Көптеген театр ашылды. Қазақстанда театр өнеріне қызығушылық артып келеді. Зал көрерменге толы, қойылымдардың премьерасына билеттер екі-үш апта бұрын сатылып кетеді.
Сахна өнеріне құштар жандардың арасында жастардың көп болуы көңілге ерекше қуаныш ұялатады. Қазір Қазақстанда 46 аймақтық театр бар. Алайда оның көпшілігінің жай-күйі мәз емес. Мысалы, Семейде бір ғимаратта үш бірдей театр сығылысып отыр. Әсіресе аймақтарда театрлар-ды салуға және дамытуға баса назар аудару керек. Халқымыздың мәдени әралуандығын сақтауға мүмкіндік беретін орыс және басқа да ұлттық театрларды қолдау маңызды. Елімізде өнердің бұл түрі де табыс әкелетінін дәлелдеп жүрген жеке театрлар аз емес. Сондықтан бизнес өкілдерін аймақ-тағы театрларға белсене қолдау көрсетуге шақырамын, – деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Келесі мәселе – ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау. Өкінішке қарай, елімізде мұндай балалардың саны азаятын емес. Мемлекет басшысы әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар, соның ішінде аутизмге шалдыққан балаларды оңалту және дамыту орталықтарын құруды тапсырды. Бұған қоса, мемлекеттік және мекемелік марапаттар жүйесін жетілдіру, жасампаздық құндылықтарын дәріптеу, әлеуметтік кеселдерді жою, азаматтық қоғамды дамыту мәселелері көтерілді.
Биылғы құрылтай мазмұнды деуге толық негіз бар. Басқосуда барлық мәселе жан-жақты қамтылды. Ең бастысы – елдің бірлігі, мемлекеттің тұрақтылығы, экономиканың дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы байланысты көптің көкейіндегі сауалдарға Мемлекет басшысы нақты жауап берді.
Жалпы, Ұлттық құрылтай – еліміз үшін аса маңызды басқосу. Бұған дейін өткен үш құрылтай жиыны соны дәлелдеді. Біз ұзақ жылдан бері қордаланған, күрмеуі көп күрделі мәселелерді осы басқосу барысында талқылап, заңнамалық тұрғыдан да, оның орындалу тұрғысынан да тиісті шешімдер қабылдадық.
Әрине, мұның бәрі бастапқыда оңай болмады. Бірақ Президент бастаған құрылтай мүшелерінің барлық бастамасы дұрыс екенін уақыт өзі дәлелдеп келеді. Мысалы, лудоманияға қарсы күрестегі жетістікті айтсақ болады. Мемлекеттік қызметшілер мен әскерде борышын өтеушілер арасында мұндай зиянды кеселдің таралуына тосқауыл қою, жалпы осы ойын бизнесіне мүлдем тыйым салу туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар ғимараттар қабырғаларында ойын бизнесін жарнамалауға тыйым салынды.
Сонымен бірге әйелдердің құқықтарын қорғау мен балалардың қауіп-сіздігін сақтау туралы заң қабылданды. Бұл заң 2017 жылдан бастап көп талқыланған заң еді. Оның ішінде, мысалы, денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру, ұрып-соғу баптары криминализацияланды. Шынын айту керек, осы заң қабылданғаннан кейін қоғамда заң және тәртіп қағидаты жүзеге асырыла бастады. Кейінгі жылдары балалар арасындағы буллинг, бір-бірін аяусыз ұру, басқа да келеңсіздіктерді көріп, жалпы адамгершілік құндылықтарымыздың қаншалықты сарқылғанын байқап жүрміз. Сондық-тан заң аясында жастарымызды тәртіпке шақыру үшін осы құжаттар қабылданды.
Бұған қоса есірткіге қарсы, вейптің сатылымына мен айналымына, жарнамасына тыйым салу туралы заң қабылданды. Жалпы алғанда, құрылтайдың отырыстарында көтерілген мәселелердің нәтижесінде 10 заң жобасына бастамашылық жасалып, 9 заң қабылданды.
Ұлттық құрылтайдың бір ерекшелігі – бұл жерде әлеуметтік-эконо-микалық мәселелерден бөлек, идеологиялық және тәрбиеге қатысты маңызы жоғары мәселелер талқыланады. Біз жүйелі түрде секциялық отырыстарда бас қосып, көтерілген мәселелердің шешімін табуы үшін кеңесіп отырамыз. Ол жерде үлкен пікірталас болады, қарсы пікірлер айтылады. Мұның бәрі бүгінгі таңда үлкен тәжірибеге айналды. Түрлі пікірлердің арасынан жол тауып, мәмілеге келу мәдениеті де қалыптасып келеді.
Биыл көтерілген ауқымды мәселелер мен белгіленген маңызды міндеттер соған дәлел. Бұл басым бағыттар Әділетті, Қауіпсіз, Таза, Қуатты Қазақстан құру идеясын іске асыру үшін қолға алынған кешенді бастамалар екені анық. Біздің алдымызда тұрған ендігі міндет – осы іргелі істерді жүйелі түрде жүзеге асырып, Отанымызды одан әрі өркендету.

Жұмаш Жолболды

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.