Құт қонып, береке дарыған Қордай ауданы – Жамбыл облысындағы ең ірі әрі стратегиялық маңызы жоғары өңірлердің бірі. Бір жағы бауырлас Қырғыз елімен, бір жағы Алматы облысымен шектесіп, тоғыз жолдың торабында жатқан ауданның экономикалық мүмкіндігі мол, рухани әлеуеті жоғары.
Бұл өңір тек тарихи және мәдени мұраларымен ғана емес, сонымен қатар ел болашағы саналатын белсенді, білімді, патриот жастарымен де ерекшеленеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалынды жастармен жүздесуде: «Әр заманда кез келген халықтың білімді және білікті азаматтарының ортақ мүддеге топтасатын кезеңі болады. Осылайша ұлтты биікке жетелейтін, жаңаша дамуға бастайтын шоғыр қалыптасады. Жаңа Қазақстан үшін де осындай маңызды әрі жауапты сәт келді. Жастарға барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қазақстан балалар мен жастарға жан-жақты қолдау көрсететін әлемдегі аз елдің бірі. Сондықтан ХХІ ғасырдағы Қазақстанды биік белестерге білімі озық, ойы ұшқыр жастар бастауы керек», – деген болатын.
Ауданда жастар саясатының жүйелі жүзеге асырылуының арқасында жалынды жерлестеріміз жоғарыда ел Президенті артқан сенімнің үдесінен шығып келеді. Айталық, бүгінде Қордай ауданында тұратын 159 мыңнан астам тұрғынның үштен бірі, атап айтсақ, 49 500-і жастар. Оның ішінде 12 411-і аудан орталығында, қалған 37 мыңнан астамы ауылдық елді мекендерде тұрмыс кешуде. Осының өзі Қордайдың жас буынның ордасы екенін айғақтайды.
Ағымдағы жылдың басынан бері аудандық Жастар ресурстық орталығы тарапынан 800-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, оларға 23 мыңнан астам жас қамтылды. Әсіресе, ауыл жастары назардан тыс қалмай, 573 іс-шараның шалғай елді мекендерде өткізілуі маңызды қадам екенін айта кеткен абзал. Бұл шаралардың арасында мәдени-шығармашылық бағыттағы басқосулар мен құқықтық сауат ашуға арналған кездесулер ерекше орын алады. Сондай-ақ құқықтық тәрбие, әскери-патриоттық сабақтар, экологиялық акциялар, спорттық жарыстар, психологиялық тренингтер – барлығы жастардың жан-жақты дамуына арналған.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі. Өйткені, мақсатсыз, бағыты мен талпынысы жоқ жастар уақытын құнсыз дүниелер мен зиянды әдеттерге жұмсап, ертеңгі күні қоғамның проблемасына айналуы бек мүмкін. Осы ретте Қордайдағы еріктілер қозғалысының белсенділігі қуантады. Бүгінде ауданда ресми түрде тіркелген 250 ерікті бар. Олар жыл басынан бері 72 іс-шараға қатысып, қайырымдылық пен қоғамдық жұмыстардың алдыңғы шебінде жүр. Бұл – жастардың жүрегінің жылуы, елге деген жанашырлығының айғағы.
Қазіргі әлемде жастар – елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының басты драйвері. Алайда барлық жас азаматтар бұл әлеуетті толығымен іске асырып отырған жоқ. Соңғы жылдары қоғамда NEET ұғымы жиі қолданыла бастады.
Еліміз де бұл мәселеден шет қалған жоқ. Әрине, NEET санатындағы жастардың көбеюі мемлекет үшін елеулі әлеуметтік және экономикалық қауіп-қатер төндіретін факторлардың бірі екені даусыз. Жалпы, аталған санатқа түрлі себеппен еңбек нарығынан тыс қалған, білім алу жүйесінен шығып қалған немесе өз әлеуетін іске асыра алмай жүрген жастар жатады.
Қордайда бұл мәселеге де ерекше көңіл бөлінген. Айталық, бүгінде 4 747 жасқа талдау жасалып, олардың әлеуметтік портреттері әзірленді. Осы санаттағы жастарды қоғамға бейімдеу, оларға жеке қолдау көрсету мақсатында аудандық Жастар орталығы, әкімдік және тиісті мекемелер бірлесе жұмыс жүргізіп келеді.
Жастар – кез келген мемлекеттің стратегиялық ресурсы. Олар жаңа идеялардың, креативтің, технологиялық дамудың және болашақ көшбасшылардың бастауы. Алайда қазіргі таңда Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем елдері жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Бұл құбылыс экономикалық даму қарқынына кері әсер етіп қана қоймай, әлеуметтік теңсіздікті, жастар арасындағы пессимизм мен әлеуметтік оқшаулануды күшейтуде. Ал бұған еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы сәйкессіздік, өндірістік тәжірибенің жоқтығы, ауылдық жерлерде мүмкіндіктің шектеулілігі, ақпарат пен бағыт-бағдардың жетіспеуі және мотивацияның төмендеуі мен әлеуметтік-психологиялық қиындықтар өз әсерін тигізіп отыр.
Осы мәселені шешу үшін Қордайда жыл басынан бері 4 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі, 3 ақпараттық алаң өткізілді. Нәтижесінде 447 жас жұмыспен қамтылып, оның ішінде 206-сы тұрақты жұмысқа орналасты. Сондай-ақ 80 жас қоғамдық жұмысқа тартылып, 113 жас мемлекеттік органдарға жіберілген. Сонымен қатар «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы 42 жас тәжірибе жинаса, оның 2-еуі тұрақты жұмысқа қабылданыпты. Кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан 19 жас «Бастау Бизнес» жобасы аясында оқудан өтсе, 12 жас онлайн курстардан білім алған. Дегенмен, қайтарымсыз грант алған жастар әзірге тіркелген жоқ. Бұдан бөлек, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында 7 жас маман көтерме жәрдемақыға қол жеткізді. Алайда тұрғын үй несиесіне кезекте тұрған жас маман тіркелмеген. Ал «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша 220 жасқа 21,2 млн теңге қаржы бөлініп, мамыр айында 82 жас жұмысқа тартылса, қалған 138 жас алдағы маусым-шілде айлары аралығында жұмысқа жіберіледі.
Жастарды Отан қорғауға шақыру жұмыстары да жүйелі жүргізілуде. 2025 жылы көктем-күз мезгілінде 550 жас шақыртылып, 66 жас әскер қатарына алынды.
Сондай-ақ аудандық АХАТ бөлімінің мәліметіне сәйкес, 229 жас отбасын құрып, 14 жұптың некесі бұзылған. Бұл бағытта отбасы құндылығын насихаттау мақсатында орталық мешіт имамдарының қатысуымен «Біз бақытты отбасымыз!» атты кездесу ұйымдастырылды.
Жастар – кез келген ұлттың ең белсенді, жасампаз әрі жаңашыл күші. Олар – ел ертеңінің иесі ғана емес, бүгінгі қоғамның қозғаушы тетігі. Соңғы жылдары Қазақстанда жастардың түрлі қоғамдық, әлеуметтік, мәдени және спорттық іс-шараларға белсене араласуы байқалады. Бұл үрдіс олардың тұлғалық қалыптасуына, азаматтық жауапкершілік пен патриоттық сезімінің артуына үлкен ықпал етеді.
Қазіргі жастар – тек көрермен емес, белсенді қатысушы. Олар тек сұранып қана қоймай, ұсыныс жасай алатын, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ. Түрлі іс-шараларға қатысу – жай ғана уақыт өткізу емес, өсу, тәжірибе, серіктестік, болашаққа салынған инвестиция.
Айталық, мемлекеттік жастар саясатын іске асыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан әзірленген нақты жоспар мен облыс, аудан көлеміндегі тиісті кеңестердің хаттамалық тапсырмаларына сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Аталған орталықтың бастамасымен 2025 жылдың басынан бері түрлі бағыттағы 803 іс-шара ұйымдастырылып, 23 524 жасты қамтыды. Бұл шаралар мәдени, рухани, спорттық, психологиялық, құқықтық, экологиялық және волонтерлік бағыттар бойынша жүзеге асырылды. Жоғарыда айтылғандай өткізілген 803 іс-шараның 573-і ауылдық округтерде ұйымдастырылып, шалғай елді мекен жастарының да белсенділігіне жол ашты. Тарқата кетсек, рухани-адамгершілік бағытта – 66, әскери-патриоттық бағытта – 26, спорттық бағытта – 33, мәдени-шығармашылық бағытта – 93, құқықтық бағытта – 163, діни бағытта – 33, психологиялық-танымдық бағытта – 156, кеңес беру бағытында – 90, экологиялық мәдениет бағыты бойынша – 90, этносаралық келісімді нығайту мақсатында – 11, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша 18 іс-шара өтті. Осының өзі аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдалану, оларды кәсіпкерлікке баулу, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша кешенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жарияланған болатын. Соған орай Қақпатас ауылында орналасқан «Қақпатас-Қордай» ЖШС шаруашылығында М.Шоқай атындағы №30 орта мектебінің оқушыларына танымдық экскурсия ұйымдастырылды. Сондай-ақ өңірдегі «ECO-CHICKEN» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде де Қордай гуманитарлық-экономикалық колледжі студенттерінің қатысуымен экскурсия өтті. Аталған компания 2020 жылдың қыркүйек айында тіркелген. Негізгі қызметі – бройлер етін өндіру, құс етін өңдеу және құрама жем өндірісі. Осындай экскурсия Қордай ауылшаруашылық колледжінің студенттерінің қатысуымен «Ноғайбай Казексим» кәсіпорнында жалғасын тапты.
Бұған қоса Үлкен Сұлутөр ауылдық округінде «Адал еңбек үшін рақмет!» атты кездесу, Қордай ауылындағы Орталық саябақта еңбек адамдарын ұлықтап, олардың қоғамдағы мәртебесін арттыруға бағытталған «Адал еңбектен – жарқын болашаққа» атты фестивальдің алғашқы кезеңі, Байланыс және ақпараттандыру қызметкерлерінің күніне орай жастарға арналған ерекше танымдық экскурсия өтті.
Сонымен қатар биыл облыс әкімінің бастамасымен «Әулиеата – кітап оқитын өңір» жобасы бастау алғаны белгілі. Осыған байланысты өңіріміздегі кітапхана ұжымдары түрлі қызықты іс-шаралар мен көрмелер ұйымдастыруды жалғастыруда. Соның ішінде Қордай ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің мамандары мен Цемзауыт ауылдық кітапханасының кітапханашысы Э.Болуанова оқушылар үшін арнайы кітап көрмесі ұйымдастырды. Бұған қоса Цемзауыт ауылдық мәдениет үйінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен мектеп оқушылары арасында ақын, жазушы Анатолий Фунтиковпен кездесу өткізіліп, Кенен ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы М.Сағындықтың ұйымдастыруымен ауыл жастарынан блиц-сауалнама алынды. Сондай-ақ өскелең ұрпаққа кітап оқудың маңыздылығын дәріптеу және жастардың оқу мәдениетін қалыптастыруды мақсат еткен «Кітап – сарқылмас байлық!» атты кітап оқу кеші де көпшілік көңілінен шықты. Бұдан бөлек, іс-шаралар легі Қаракемер ауылдық округі кітапханасында жазушы Сансызбай Сарғасқаевтың 100 жылдығына арналған кездесу, «Кітап ал, кітап сыйла» атты басқосу, «Береке» гуманитарлық колледжінің жастары арасында дөңгелек үстел және Қазақстанның Халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевке арналған «Өмір маған…» атты поэзия кешімен жалғасты. Тағы бір айта кетерлігі, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында 163 іс-шара өткізіліп, лудомания, буллинг, отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында да кездесулер мен рейдтер жиі ұйымдастырылып тұрады.
«Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен осы жылдың алғашқы төрт айында аудан көлемінде «Психология» бағыты аясында ауқымды жұмыстар атқарылып, барлығы 156 іс-шара жүзеге асырылды. Бұл – жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесін нығайтуға, олардың ішкі жан дүниесіне үңіле отырып, психологиялық тұрақтылығын қалыптастыруға бағытталған маңызды бастамалардың көрінісі. Аталған іс-шаралардың ішінде қоғам үшін аса өзекті саналатын нашақорлықтың алдын алу мәселесіне ерекше назар аударылды. Себебі, бүгінде аудан бойынша 3 жас нашақорлыққа, 6 жас алкоголизмге байланысты есепте тұр. Осы бағытта 4 ай ішінде 38 түрлі іс-шара ұйымдастырылып, жас ұрпақты есірткі мен зиянды әдеттерден қорғау жолында бірқатар маңызды қадамдар жасалды.
Жоспарға сәйкес, аудандық білім бөлімі мен полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, жастар арасында ақпараттық-танымдық іс-шаралар өткізілді. «Нашақорлыққа жол жоқ», «Қоғам дерті – нашақорлық», «Зиянды заттардан аулақ болайық», «Есірткіге жол жоқ», «Есірткісіз болашақ», «Есірткі ешкімді кешірмейді» сынды атаулармен өткен іс-шаралар жастардың есірткіге деген көзқарасын өзгертіп, олардың санасына бұл індеттің адам өміріне әкелер ауыр зардабы туралы терең ой салды.
Атап айтқанда, 3 бейнебаян түсіріліп, әлеуметтік желілерде кеңінен таратылды. Сонымен қатар жастармен 17 кездесу, 5 дөңгелек үстел, 7 түсіндірме жұмысы және 6 кең көлемді акция ұйымдастырылып, аудан тұрғындарының назарына ұсынылды. Бұл іс-шаралардың барлығы әлеуметтік желілер арқылы жарияланып, қоғам назарын аударуға мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, 4 колледж бен 47 жалпы білім беру мектебінде «Закладчики. Расплата» атты бейнебаян көрсетіліп, оқушылар мен студенттерге нақты мысалдар арқылы нашақорлықтың соңы неге апаратыны түсіндірілді. Ауылдық округтердің мамандары да бұл бағытта аянып қалмай, ауыл тұрғындарына арналған түсіндірме жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, ақпараттық брошюралар таратып, есірткіге қарсы күрестің маңыздылығын жан-жақты насихаттады. Осы атқарылған жұмыстардың барлығы жастардың санасына салауатты өмір салтының негіздерін сіңіруге, оларды қауіпті әрекеттерден сақтандыруға бағытталған маңызды профилактикалық іс-шаралар екені даусыз. Болашақ ел тірегі жастар болғандықтан, олардың жарқын болашағы үшін жасалған әрбір қадам – ел болашағы үшін жасалған игі іс.
Қазіргі жаһандану заманында жастар көптеген мүмкіндіктермен қатар, түрлі қауіптермен де бетпе-бет келуде. Соның бірі – лудомания, яғни құмар ойындарға тәуелділік. Бұл құбылыс жастар арасында кең таралып, олардың психологиялық, әлеуметтік және қаржылық жағдайына кері әсерін тигізуде. Ойынқұмарлық – тек жеке адамның мәселесі емес, ол – қоғамның өзекті әлеуметтік дерттерінің бірі. Сондықтан бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.
Осы бір қоғам дертінің алдын алу бойынша «Ойынқұмарлық – қоғам дерті», «Лудоманияның алдын алу», «Ойынқұмарлыққа жол жоқ!» және тағы басқа тақырыптарда 30 іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде 17 кездесу, 8 «дөңгелек үстел» отырысы, 3 түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 2 бейнебаян түсірілді. Есепті мерзімде аудандық полиция бөлімімен бірлесіп «Қоғам сақшысы» жобасы аясында 58 түнгі рейдтік жұмыстары жүргізілді.
Ауданда жастарды әскерге шақыру мақсатында «Жастар ресурстық орталығы» КММ тарапынан қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларында жоспарға сәйкес және одан тыс 56 іс-шара өтті. Атап айтсақ, «Отан қорғау – ортақ борышымыз!», «Үлгілі жас сарбаз – кейінге өнеге!», «Отан қорғау – ортақ борышымыз!», «Еліңді қорға, ер ұлан», «Бір ұлт – бір әскер» тақырыптарында 10 кездесу, 5 дөңгелек үстел, 11 экскурсия, 35 түсіндірме жұмысы жүргізіліп, 1 мыңға жуық бүктеме таратылды. Бұл іс-шараларға 1 500-ден аса жас қамтылды.
Қазіргідей жаһандану дәуірінде ақпараттық жұмыс пен насихаттың да әсері аз емес. Осы мақсатта орталықтың бастамасымен «Қордай шамшырағы-Кордайский маяк» газетінде 29 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 1 574 материал жарық көрді.
Қорыта айтқанда, Қордай ауданының Жастар ресурстық орталығы – өңір жастарының әлеуетін арттыруға, олардың әлеуметтік, кәсіби және мәдени дамуына бағытталған маңызды мекеме. Бұл орталық жастардың құқықтық, психологиялық, ақпараттық және кәсіби қолдауын қамтамасыз етіп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Сондай-ақ жастар ұйымдарына әдістемелік көмек көрсетіп, олардың қызметін дамытуға да септігін тигізуде. Жастардың кәсіби бағдарын анықтау, оларды жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлік негіздерін үйрету де – орталықтың басты міндеттерінің бірі. Оның қызметі жастардың әлеуметтік, кәсіби және мәдени дамуына әсер етіп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Яғни, бұл орталық тек жай ғана мекеме емес, жастарға жол сілтейтін, өмірлік маңызы бар шешімдер қабылдауға серіктес болатын үлкен алаң.
Жастар саясаты елдің болашағына бағытталған бағдар екені айқын. Мәселен, Қордайда жастар саясаты тек ресми іс-шаралармен ғана шектелмей, жанашырлықпен, айқын мақсатпен жүзеге асырылып келеді. Алдағы уақытта осы жұмыстардың ауқымы кеңейіп, әрбір жас өз орнын тауып, қоғамға пайдасын тигізер азаматтарға айналарына сенім мол.
Айқаныш Исраилова,
Қордай ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің
«Жастар ресурстық орталығы» КММ директоры