Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қордай асуындағы кен орнының құпиясы

0 390

Кеңестік кезеңде ақиқаты құпия «құлпына» таңылған орындар аз болмады. Алайда ел егемендігін жариялағаннан кейін жоғалғанымыз қайта табылып, ұмыт болғанымыз жаңғыра бастады.

Міне, сондай жердің бірі – Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Мұзбел ауылы. Аталған елді мекенде уранның ең көп мөлшері шығарылғанын жалпақ жұрт бұған дейін білмеген еді. Енді міне, Кеңес дәуіріндегі атом өнеркәсібінің өркендеуіне сүбелі үлес қосқан ауыл жайлы ақиқат айтыла бастады.
Жалпы Мұзбел ауылы аудан орталығынан 40 шақырым жерде орналасқан. Қордай асуының қақ ортасы, теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктіктегі тау жоталарын бойлай орын тепкен елді мекенде бүгінде 30-ға тарта ғана түтін түтеп тұр. Асудағы ауылдың ауданға жақындығына қарамастан, мұндағы тіршілік кеңестік кезеңде құпия сақталып келген. Себебі мұнда уранның мол көлемі өндіріліп, атақты Панфилов дивизиясы да осында тұрақтаған. Сондай-ақ мұндағы қаз-қатар қойылған белгісіз тастар мен «Өлі көл» аталатын су айдыны да талай құпияны осы күнге дейін бүгіп жатыр.
Қордай жеріндегі алғашқы уран өндірісі сонау қырқыншы жылдардан бастау алады. Қуатты энергия көздерін іздестіріп, атом өнеркәсібін дамытуға мықтап кіріскен Кеңес үкіметі 1946 жылы құпия түрде «Волков» экспедициясын жасақтайды. Білікті геологтар мен түрлі сала мамандарынан құралған топ бірнеше бағытта Қазақстан аумағындағы уран кен орындарын барлау жұмыстарын жүргізіп, 1951 жылы ең алғашқы кен орнын анықтайды. Бұл «Курдайское» деп аталатын Мұзбелдегі уран кені еді. Сол кездегі геологтардың мәліметінше, Оңтүстік Қазақстан аумағынан табылған бұл уран «провинциясы» әлемдегі ең үлкен уран қоры деп танылды. Осының арқасында Қазақстан өңдеуге жарамды әрі таза шикізат қоры жағынан әлемдегі көшбасшы елге айналды. Бұл жайында «Волковгеология» АҚ директорының орынбасары болған В.Северныйдың мынадай естелігі сақталған: «Қордайдың ураны – КСРО аумағында, қала берді бүкіл әлемде өндіріліп жатқан уранның ішіндегі ең тазасы. Сондықтан алғаш атом өнеркәсібіне де, атом бомбасына да, «Чернобыль» АЭС-інде де дәл осы уран пайдаланылды. Әлемдегі уранның ең көп қоры да сол аумақта орналасқан», – дейді геолог жазбасында.
1952 жылы кен орны ашылғаннан кейін Мұзбелге жан-жақтан мамандар тартылып, ауылдағы тіршілік қайнай бастады. Геологтар мен шахтерлар алғашында асудың асау табиғатымен арпалыса жүріп, ағаш күркелер мен палаткаларда өмір сүрсе, кейіннен оларға арналған үйлер салынды. Ауылда қоғамдық орындар пайда болып, әлеуметтік нысандар бой көтерді. Кейбір деректерге сүйенсек, шахтаның ұңғымалары мен карьерлерін қазуға түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер де қатысқан. Мұндағы жұмысшыларға тәулігіне 14 сағаттан демалыссыз жұмыс істеуге тура келді. Қысы-жазы жұмыстың басым бөлігі қолмен істелді. Өйткені техника жоқ, оның орнына есекке жегілген арбалар тартылды. Осы кезде шахтерлар мен «ала көйлекті» тұтқындардың арасында жан тапсырғандар аз болмаған көрінеді. Алайда бұл жайында бірде-бір құжатта дерек жоқ. Бірақ шахтаның солтүстік-шығыс беткейіндегі қаз-қатар тізілген құпия тастарды кейбір дереккөздер осында қаза болған адамдардың құлыптастары деуде. Алыстан қарағанда көзге оғаш көрінетін ірі тастар расында жіпке тізгендей түп-түзу орналасқан. Көлемі ірі, саны жүзден асады.

Осы жайтқа байланысты «Волков» экспедициясының өкілі, геолог В.Северный естелігінде: «Рас, жұмыс оңай болған жоқ. Күн суық, қар қалың. Ауыл мен шахтаның ортасында адамдар боранды күні адаспас үшін темір арқан тартылатын. 1 келі таза уран алу үшін 1 тонна топырақты қопару қажет болса, бір реактордың жұмысына 50 тонна уран дайындалуы тиіс еді. Жұмыстың көлемі мен ауырлығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Әрине, адам шығыны да болды, оны неге жоққа шығарайын. Егер біз геологтар идея үшін өз еркімізбен табанымызды тоздырсақ, «ала көйлекті» азаматтар мерзімін өтеп жүрді», – деп жазба қалдырған.
Шахтадағы жұмысшылардың қазасы ураннан шыққан радиация емес, сол кездегі жұмыс жағдайының төмендігі және ауырлығынан болса керек. Себебі уран арнайы өңдеуден өтпейінше, яғни тыныш күйінде адам ағзасы мен қоршаған ортаға әсері әлсіз. Зияндысы – тек уранның бөлінуінен туындайтын радий мен радон. Осыны түсінген мамандар қиындықтарға қарамастан, он жылдан астам уақыт бойы атомдық өнеркәсіп кешенінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп отырған.
Кейіннен кеңестік билік уран өндірісін тиімсіз деп танып, 1967 жылы кен орны жұмысын тоқтатты. Бір жылдан соң сол кездегі ережеге сай ондағы құрылғылар мен нысандар жойылып, ондаған шақырымдық шахталардың кіреберісіне бетон құйылды. Алайда қоршаған ортаны сауықтыру мәселесі назарға алынбады. Осыған байланысты бертін келе Мұзбелдің маңайындағы топырақ пен сулардың құрамы тексеріліп, кен орнын қайта консервациялау, қоршаған ортаны сауықтыру, қалдықтарды радонға қарсы экранмен жабу және санитарлық қорғаныс аймағын құру сынды жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде, ауылдың төңірегіндегі радиация аясы қалыпты деңгейге жетіп, тұрғындардың үрейсіз өмір сүруіне мүмкіндік туды. Осы тұста Мұзбел ауылының маңынан табиғи жолмен «Өлі көл» су айдыны пайда болғаны таңғалдырады. Ауыл тұрғындарының айтуынша, көлдің тереңдігі 150 метрден асады екен. Батыстан шығысқа қарайғы ұзындығы 570 метр болса, ені 200 метрге жуық. Бір қарағанда, табиғаттың тамаша сыйы. Алайда мұнда шомылуға, суды қандай да бір мақсатқа тұтынуға, тіпті жағалауында серуендеуге де тыйым салынған. Қазір көлдің айналасы тікенді сымдармен қоршалған. Сондықтан көл мен оның суының құрамы жайлы тереңірек мағлұмат алу мүмкін емес.
Мұзбелдегі тағы бір тарихи оқиға – мұнда Панфилов дивизиясы тұрақтаған. 1970 жылдардың орта шенінен 1980 жылдардың соңына дейін мұнда әйгілі генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясының 23-ші полкі орналасады. Үлкен гарнизонда артиллерия және танк, мотоатқыштар, зенитшілер мен саперлар батальоны сынды бірнеше әскери бөлім болған. Осы кезде Мұзбелдегі адам саны 10 мыңнан асып, Чехов атындағы зәулім мектеп, қос қабатты тұрғын үйлер, бірнеше балабақша мен тақтайдай түзу көшелер салынған.
– Мен осында туып-өстім, мектеп бітірдім. Уран өндіру жұмыстары аяқтала салысымен, мұнда білдей бір гарнизон құрылды. Қазір айтсам сенбейсіздер, бірақ сол кезде Мұзбеліміз қанатын кеңге жайып, гүлдене түсті. Ауылда саябақ, монша салынып, орталықтандырылған ауызсу жүйесі жүргізілді. Тұрғын үйлер мен әскери бөлімдердің барлығы бір типтес еді. Көшелері қаз-қатар түзу, жол жиектері әктелген, бір түйір артық шөп жатпайтын. Тіпті өзге жерлерде дефицит болған заттар біздің әскери дүкенде сатылатын. Бұл аз десеңіз, Кеңес Одағының Батыры, панфиловшы В.Клочковтың музейі де, әскери зауыт та, банк филиалы да біздің ауылдан ашылған. Әттең, бүгін ол дүниелер келмеске кетті, – дейді ауыл ақсақалы Б.Күмісбеков күрсініп.
Қарияның сөзінен байқалған мұңның себебі түсінікті. Бір кездері жайқалып тұрған мекеннің бүгінде шаңы бұрқырап жатқаны өкінішті, әрине. Десе де, өмір-өзен бір орнында тоқтамайды. Кейінгі жылдары ауылдан бес келушіге арналған жаңа медициналық мекеме салынса, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жолы да ретке келтірілуде. Ал атомдық өндіріске пайдаланылған уранның орнын жаңғырмалы энергия көзі – жел электр стансалары алмастыруда. Қазір мұнда «Vista International», «Ветро Инвест» және «Изен су» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің елуге тарта жел электр стансалары қойылған. Әр құрылғының биіктігі – 60 метр, салмағы – 180 тонна, ал өндірістік қуаттылығы жылына 50 миллион кВт/сағатты құрайды. Осының арқасында өңірдің электр энергияға тәуелділігі төмендеп, ондаған жаңа жұмыс орындары ашылған. Осылайша Қордайдың қоңыр желі кәдеге жарап, Мұзбел ауылы да жаңа дәуірді бастан кешіруде. Кім біледі, бәлкім, тағы бір ондаған жылдан кейін Мұзбел ауылы қайта түлеп, байырғы гүлденген кезеңіне оралар. Ол күнді кейінгі ұрпақ көреді деп сенеміз…

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.