Қалалық қоғамдық-саяси газет

Онлайннан офлайнға

0 160

Көктем мезгілінде Қазақстан мектептерінде сабақты дәстүрлі форматта оқуға рұқсат берді. Карантинде қашықтан оқуға көшкен шәкірттер қайтадан мектепке бара бастады.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Қазіргі таңда қалада 77 мыңға жуық баланың ата-анасының шешіміне сәйкес 8 мыңға жуығы онлайн оқуын жалғастырып жатыр. 90 пайызға жуық оқушы офлайн режимде оқиды.

Әлемнің апшысын қуырған карантин мектеп оқушыларының сабағына қалай әсер етті? Тараздық оқушылар төртінші тоқсанда қалай білім алмақшы? Пандемиядан сақтанудың қандай жолдары бар? Осы сұрақтар төңірегінде Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеевпен тілдескен едік.
– Біз үшін балалар мен ұстаздардың денсаулығы бірінші орында тұр. Сол үшін санитарлық талаптар қатаң сақталады. Кейбір ата-аналар ғана балаларының қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, онлайн оқуды таңдаған. Бұл заңдылық. Балалар мектепке келгенде аралас форматта оқыту жүзеге асырылады. 70 пайыз сабақ мектепте, қалған 30 пайыз жеңіл пәндер онлайн режимде өтеді. Бірыңғай қоңырау болмайды. Оқушылар мектепке әртүрлі есіктен, әртүрлі уақытта келеді. Мысалы, бір сынып сағат таңғы 8:00-де келсе, енді бір сынып 8:20-да келеді. Сондықтан оқушылардың сабақ уақыты бір-бірімен тоғыспайды. Мектепте барлық санитарлық талаптар сақталады. Үзіліс кезінде де балалар бір-бірімен кездеспейді. Сонымен қатар санитарлық талаптарға сай қаладағы мектептер қол жуу құралдарымен түгелдей жабдықталған. Ал бетпердені шешпей тағу балаларға міндеттелмегенімен, ата-ананың қалауы бойынша маскамен жүретін оқушылар саны, әрине, басым. Мектептегі қызметкерлермен қатар, оқушылардың дене қызуы медициналық талаптарға сай міндетті түрде тексеріледі. Дене қызуы анықталған жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетіліп, жоғары деңгейде шара қолданылады. Барлық мүмкіндікке сай оқушылар тек белгілі сабақ уақытында ғана мектепте жүруі қатаң ескертілді. Ал сабақтан тыс уақытта мектепте бос жүруге тыйым салынады, – деді Саясат Есеев.

Қазіргі таңда қала бойынша 17 мыңға жуық бала ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Мектептегі тамақ мәселесіне тоқтала кетсек, әр мектепте бір мезгіл ыстық тамақ ұйымдастырылған. Осы орайда Үкімет тарапынан бір балаға күніне 450 теңге қарастырылыпты. Балалардың ас ішуіне жасалған жағдайы үшін асхананың жалпы аумағының 30 пайызы пайдаланылады екен. Мәселен, мектеп асханасы 100 балаға арналса, бір мезетте 30 бала ғана кіріп, тамақтануға мүмкіндігі бар. Әрбір кірген топтың арасындағы уақытта асханаға дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Сақтану шараларына орай, ас ішетін бөлме тазаланып, кварцталып, ылғалдандырылады. Санитарлық талаптар орындалып, тазалық орнағаннан кейін барып, екінші топ ас ішуге мүмкіндік алады. Ал буфеттік тағамдар арнайы целлофандарға салынып беріледі екен.

Иә, карантин уақытының бітпегені ескеріліп, қала мектептерінің ұстаздары мен оқушыларының денсаулығына аса мән берілгенін білім бөлімінің басшысы атап өтті. Қаладағы барлық мектеп санитарлық талаптарға сай антисептик, сұйық сабын және қажетті құралдармен қамтылған. Осы орайда Жамбыл Жабаев атындағы №5 мектеп-гимназиясының директоры Салтанат Төлеумен де тілдескен едік.

– Біздің мектепте 2297 бала білім алады. Сабақ кестесі бойынша балалар бір-бірімен кездеспеу мақсатында табло құрылған. Оқу жоспары 70 пайыз офлайн, 30 пайыз онлайн. «Бір сынып, бір кабинет» қағидасымен сабақтар кабинеттен кабинетке көшпей оқылады. Әр сыныпта 25 баладан оқытамыз. Бала саны 25 оқушыдан асып кетсе, жаңа сыныптар ашамыз. Кей ата-аналар өз еркімен балаларын онлайн оқытып жатыр. Оның да өз себебі бар. Онлайн оқып жатқан балалардың көбісі әлжуаз, аурушаң немесе коронавируспен ауырған адаммен байланыста болған балалар. Ал тамақ мәселесіне келер болсақ, 191 оқушы тегін тамақпен қамтылған. Асханада 30-дан артық бала тамақ ішпейді. 152 ұстаз бар. Температура тексеріледі. Кептеліс жасалмас үшін мектепке 4 есіктен кіреді, – деді Салтанат Ерсағатқызы.

Онлайннан офлайнға көшкен оқушылардың көңіл-күйі мен бірнеше уақыт қашықтан оқығандарын ескеріп, төртінші тоқсанға дайындық барысын білу мақсатында бірнеше оқушымен тілдескен едік. Байқағанымыздай, 100 пайыз оқушы офлайн оқуға мүмкіндік алғанына қуанышты. Оның себебі олар ең алдымен толыққанды сабақты түсіну үшін де сыныпта, партада отырып оқудың да өз ләззаты бар екенін алға тартты. Балалардың төртінші тоқсанда сабаққа дайындығын өздерінен сұрап көрелік.

– Онлайн жүйесінде сабақ оқығаным өзіме ерекше әсер қалдырды. Ең біріншіден, ұстаздардың бетпе-бет отырып білім үйретіп, сабақ сұрағанында көп нәрсені үйренуге болатынын ұқтым. Себебі алдыңда ұстазың тұрса, білмегеніңді, түсінбегеніңді қайталап сұрап аласың. Ал онлайн жүйесінде еркіндікті сезіндік. Ұстаздарды, сыныптастарды, мектепті сағындық. Қазір онлайнда сабақ оқып жүргеніме өте қуаныштымын. Себебі мектепте оқыған білімнің қадірін қатты білдік, – дейді Мұхтар Әуезов атындағы №33 орта мектептің 4-сынып оқушысы Олжас Ерболұлы.

Сондай-ақ Мұхтар Әуезов атындағы №33 орта мектептің 7 «Ә» сынып оқушысы Жақсылық Баймахамбет те өз ойын ортаға салды.

– Біздің мектептің кіреберісінде антисептик тұрады. Үнемі қолымыздың таза болуын ұстаздар да айтады, өзіміз де қадағалап, қайта-қайта сақтану шараларын жасап тұрамыз. Қазір сабаққа еркін киіммен барып жүрміз. Мен математика пәнін жақсы көремін. Сабақ үлгерімім өте жақсы. Менің анам да мектепте өте жақсы оқыған. Сабағымды анам қадағалағанымен, ата-анамның көмегіне жүгінгенді ұната бермеймін. Тек қана бестік алу үшін бар жігерімді жұмсап, өзім оқып, ізденіп, дағдыланамын. Онлайн жүйесіне көшкенімізге бір апта ғана болды. Төртінші тоқсанда да тек бестікке оқуға талпынамын, – дейді Жақсылық.

Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназиясының 7 «Д» сынып оқушысы Әлмерей Оралбек те өз пікірін білдірді.

– Мен былтырғы наурыз айының 14-інен бастап 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін сабақты онлайн оқыдым. Мектепке барып сабақ оқығанға ештеңе жетпейді. Қазір бұрынғыға қарағанда көп өзгерген сияқтымыз. Еркелікті тастап, ата-ана, ұстаздарымызды тыңдап, жақсы оқуға тырысып жүрміз. Мектепте санитарлық талаптарға сай бетперде киіп, қолымызға антисептик себеміз. Ұстаздарымыз үнемі оқшаулану, әркімге жақындай бермеу керектігін ескертіп отырады. Онлайн оқу барысында қыдыруға көп мүмкіндік болды. Себебі сабақты қай қалада отырып оқығаның емес, уақтылы әлеуметтік желіге кіріп, тапсырма орындағаның ғана маңызды болды. Ал мектепте оқу – көп жауапкершілік, – деді ол.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.