Мұхамеджан інімнің, иә, әуелде айтыспен аты шыққан, кейін дін тертесіне бүкіл жан-дүниесімен жегіліп, одан «Асыл арна» атты болмысы бөлек телеарна ашып, Құран Кәрім сүрелері мен діни уағыздарды күн демей, түн демей насихаттайтын соны жобаның авторы әрі басшысы болған Мұхамеджан Тазабектің «Енді айтуға болады…» деген кітап жаздым» деген хабарын әлеуметтік желіден оқығанда, ойланып қалдым.
Ойландырған… кітаптың аты. Өйткені не нәрсені де кезінде айтқан жақсы ғой. Атам қазақтың бұл туралы «Темірді қызған кезінде соқ», «Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап» деген аталы сөздері бар.
«Сонда, – дейді он саққа бөлінген ойым, – бұл інім «Енді айтуға болады…» деп не жазды екен? Әлде, оқырманды тарту үшін қолданылған қаламгерлік әдеби айла-шарғы ма? Өйткені бір аңғал оқырманның кітап мұқабасындағы «Енді айтуға болады…» деген жазуды көре сап, «е-е-е, өткенді өші қалғандай әбден сыбаған екен ғой» деп тарпа бас сап, сатып алуы мүмкін емес пе?
Ж-о-о-о-қ, кітапты оқу барысында білдім, Мұхамеджан өткенге топырақ шашпапты. Қайта бір кезде бақтың да, тақтың да қиындығы мен қызығын көрген мемлекеттік тұлғалардың да ет пен сүйектен жаралған жай ғана пенде ретіндегі жан сырларын үлкен түсінікпен, бауырмалдық сезіммен ақтарыла жазыпты.
Негізі, жақсы ақындар жазған қара сөз де қазы-қартадай тұщымды келеді. Оқуға тілі де жеңіл болады. Тіпті, тақырыптарын құбылтып та жіберуі мүмкін. Сосын… айтарыңды қысқа қайыра білу – қаламгерлік шеберлік пен тапқырлық қана емес, үлкен біліктілік. Мұхамеджанның қолтаңбасынан осыны да аңғардым.
Ә дегенде атасы, әжесі, әкесі, анасы туралы сырлары қатты әсер етті. Ғибраты, тіпті, ғажап. Баяғыда авар ақыны Расұл Ғамзаттың «Менің Дағыстаным» деп аталатын екі томдық кітабын оқып, аузымның суы құрып еді, неге екені белгісіз, сол ғажап хикаяттар шоғыры ойыма оралды. Расұл ақын ол кітабында өзі туып-өскен Қап тауы елінің Шәміл, Қажымұрат, Әбутәліп сияқты ең ақылман, ең дана, айналасына имандылық нұрын шашқан ең жаны ізгі адамдарының басынан өткен ең ғибратты оқиғаларын әдемі тілмен өзі де сүйсініп, өзгені де тамсандырып баяндаушы еді. Бәлкім, екі кітаптағы ұқсастықты осы ғибрат, ғалиялардан тапқан шығармын. Мүмкін, мұным тым асылық та шығар. Бірақ бір анығы, кітапта қуанарлық сөз бен ой құнары бар.
Бүгін «Енді айтуға болады…» атты сол кітапты өзім ғана оқып, өзім ғана тұшынып қоймай, оның «Қонаевтан алған ғибраттар» атты тарауын облыстық «Жамбыл-Тараз» газетіне ұсынуды жөн көрдім.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек сіңірген
қайраткері, жазушы
Тау тұлғамен қалай таныстым?
«Тағдыр» деген дүние бар. Бұл – ұлы нәрсе. Тағдырдың иесі – Жаратушы Алла. Тағдырға не жазады, соны көреміз. Оған тереңдеп, сырын іздеуге болмайды, бірақ таң қалдырмай қоймайды. Ертең не болатынын білмейміз немесе кешегі өтіп кеткен дүниені өзгерте алмаймыз.
Құдайдың менің тағдырыма жазған жақсылықтары көп болды деп ойлаймын,
соның ең шоқтығы биігі – қазақтың сүйікті, сыйлы перзенті Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевпен
дер кезінде, ең керек уақытта кездесуім.
Қалай екенін білмеймін, әйтеуір ретін тауып, ауылдан көлемді стипендия тағайындатты.
Кешке қарай бәріміз Асанбай Асқаров атамыздың үйіне бардық.
Қаншама студент достарымды Димаш атаның үйіне алып бардым.