Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Қонаевтан алған ғибраттар»

0 185

(Жалғасы)

Міне, Димаш ата «Ел қалай?» деп сұрағасын, өзіммен-өзім қалған кезде «Шынында да, ел қалай жалпы? Халықтың ахуалы қандай?» деген ойларға қалдым.

Егер Димаш ата сол сұрақтарды қоймаса, «елдің ахуалы» деген дүниені ойламауым мүмкін, себебі 16-17 жастағы балалар көбінде ондай тақырып аясында ойлана бермейді.
Содан «Союзпечать» дүңгіршегінен газет сатып алып, 90-жылдардың қиыншылығына айналған ауылдар жайлы, мал шаруашылығы туралы, жалпы елдің рухани проблемалары көтерілген мақалаларды оқып, оны жүрегім арқылы өткізіп, «Келесі барғанымда ата «Ел қалай?» деп сұрап қалса, соған не жауап берем?» деп дайындала бастадым.
Расымен, келесі жолы «Ел қалай?» дегенінде, сәл тыныс алғаннан соң: «Осындай екен. Пәлен жерде мал қырылды, түген жерде су тасыды», – деп әңгімемді айта бастағанда ол кісі менің сондай тақырыптарға ой жүгірте бастағаныма үміті ақталғандай қуанатын еді.
Осылайша Димаш ата балаға бағыт-бағдар берудің, бала бойындағы елдік қасиетті, азаматтық қасиетті оятудың жарқын үлгісін көрсетіп кетті. Бұл – дана адамның бойында ғана кездесетін қасиет. Біз де даналарға қарап бой түзеп, өз тұлғамыздағы осы қасиетті дамытуымыз керек. Баламызды бала демей, үлкен тақырыптарға тартып, ойын қозғап, бойында жасырынып жатқан қабілеттерін оятуға тырысуымыз қажет.
Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін үшінші қасиеті: ол кісі мені өзіне ет жақын болған біраз адамдармен таныстырды. Бұл кез – 90-жылдар, ол кезде «дін», «руханият», «ұлт мінезі», «ұлт қасиеті» деген мәселелер енді-енді көтеріліп жатқан еді. «Бұл балаға не керек болады?» деп іштей ойласа керек, бір барғанымда Рахымбай Қарынбаев деген бала кезден бірге өскен құрдас досымен таныстырды.
Рахымбай ақсақалмен танысып, өмірінің соңына дейін жақсы қарым-қатынаста болып кеттік. Төлебаев көшесінің бойында, екі бөлмелі пәтерде Уәзипа деген апамызбен тұратын. Алғаш көргенімде: «Бұл кісі кім болды екен?» – деп ойлап отырдым. Соны сезгендей Димаш атамыз Рахымбай ақсақал жайлы айта бастады: «Бұл – менің бала кезден бірге өскен досым. Әкелеріміз де дос болып өткен. Рахымбай атаң – ақылдастар алқасының мүшесі. Орталық мешітте Рәтбек қажының қасында қызмет жасайды. Қазақстандағы «Тоғызқұмалақ» федерациясының ең алғашқы президенті».
«Ақсақалмен неге таныстырды?» етжақын десем, бұл кісі дін, руханият жағынан Димаш атамыздың жамағаты екен. Атамыздың жасы ұлғайып, билігінің соңғы жылдарына келгенде бұл кісілер үйде жұма намазын оқиды екен.

Рахымбай ақсақал Димаш атаның намазын қайтадан қалпына келтіруге тікелей себепкер болған екен.

Тіптен, бір замандарда Димаш атамызға: «Тағы да бір шаңырақ көтеріп, қазақтың қызын алсаңшы! Ұрпақ қалдырсаңшы артыңнан!» – деп ұсыныс тастаған осы құрдас жолдастары екен, ол – енді өз алдына бір бөлек әңгіме.
Сол алғаш танысқан күні дастархан басында Димаш атамыз Рахымбай ақсақалға: «Мына Мұхамеджан – болашағынан үлкен үміт күттіретін бір баламыз. Бірақ білесің ғой, «иман» деген құстың басы сияқты, адам баласына ең керек нәрсе – иман. Әкесі төрт жасында қайтыс болып кеткен. Ата-әжелері қазір ауылда. Сондықтан имандылықты сендей ақсақалдан үйренбегенде, кімнен үйренеді? Әріп танысын, Құран үйрет, имандылыққа баулы! Имандылықты адам көшедегі біреуден үйренбейді, ақсақалдан үйренеді», – деді.
Ол кезде мен атамның ақылын толық түсіндім деп айта алмаймын. Бірақ ауылда ата-әжелеріміздің намаз оқығанын көргенмін, дініміз Ислам екенін білемін, дегенмен толық түсіне қоймайтынмын.
Кейін Димаш атамыздың үйінен шығып, Рахымбай ақсақалдың үйіне бардық. Уәзипа апамыз шелпек пісіріп, тамақ дайындап қойған екен. Сол үйде ақсақал маған «Фатиха» сүресі мен «Аятүл-Күрсиді» кириллицамен жазып берді. «Фатиха» мен «Ықылас» сүрелерін жаттадым. Сосын дін негіздері жайлы, Құдайдың бар және бір екені жайлы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің Алланың елшісі екені жайлы көп әңгіме айтты.
Жасыратын ештеңесі жоқ, жас болдық па, көңіліміз басқа жақта болды ма, сол әңгімелердің біразы құлақта қалды, біразы есімізден шығып кетті. Бірақ бәрібір, анда-санда жұма намазға барып тұруымызға, мешіттің жанынан дабырламай құрметпен өтуімізге Рахымбай атамыздың өсиеттері себеп болды. Ол кезде емші, тәуіп, көріпкелдер көбейіп жатқан еді, соларға қарсы іштей иммунитетіміздің болуының бастауында Рахымбай атамыздың маған айтқан насихаттары тұр. Ал ол насихаттар Димаш атамыздың тікелей тапсырмасымен жүргізілген еді.
Сондықтан менің жалпы дін Исламды тануымның, мұсылманшылықты ұстануымның ең басында Димаш атамыз тұр. Атамызды «алғашқы ұстазым» деп айтсам да Алла алдында артық сөз емес.
Кейін қоғамның әртүрлі саласында Димаш атаның шәкірттерімен, оның шарапатын көрген жандармен көп кездестім. Соның бірі – Ақтөбенің Шалқарында ел басқарған, «Еңбек ері» Нағым Қобландин ақсақал.
1995 жылы Әлия батырдың мерейтойына барғанда «Димаш атаның баласы» деп арнайы іздеп тауып, өзі тіккен киіз үйге алдыртып, сый-сияпат жасап, батасын берді. Мен арнау айтқанда ұлы Жаңабайдың терімді сүртіп, арқамнан қағып тұрғаны әлі көз алдымда.
Аталардың батасы бекер кете ме, сол Нағым атамның қасында жүріп, тәрбиесін алған немересі Даниярмен де танысып, әлі күнге дейін туған аға-бауырдай сыйласып келеміз. Өнегесі өлмеген жақсыларымызға Алланың рахымы жаусын!
Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін төртінші қасиеті: ол кісі менің бойымдағы елдік қасиеттің, болашаққа деген ұмтылыстың бар екенін біліп, имандылықты үйрететін адаммен таныстырған соң, одан ары қарай менің білім алуыма, болашақта қолымнан тартып, көмектесетін адамдармен танысуыма тікелей себеп болды.
Сол кезде өзінің рухани жақын інісі Қоянбек деген ағамызға видео түсірткізіп, кейін «Алматы ақшамы» газетінің алғашқы бас редакторларының бірі болған Ерғали Сағат ағамызға, Серік Әбдірайымов ағамызға: «Мына інілеріңе қамқор боп жүріңдер!» – деп табыстап кетті. Үйіне сыйлы қонақтар шақырғанда мені де қалдырмай, Бибігүл Төлегенова, Бекен Римова сынды апаларымызбен жақын таныстырды.
Оқуға түсуге Алматыға 1992 жылы келдім. Менде дайын бірнеше ұсыныс болған еді. Димаш атамыз бір жыл бұрын оқуға түсуге бағыт-бағдар беретінін айтып, өзіне шақырғанын айтып өттім. Сол ұсыныстар жайлы ақылдасу үшін атамның алдына бардым.
Димаш ата: «Оқу жайлы өзіңнің ойың қандай?» – деп сұрады. Сонда мен: «Үш ұсыныс болып тұр. Біріншісі – Берден бауырыңыз «Тараздағы пединститутқа түсірем, ауылдан стипендия төлетем», – деп бәрін дайындап отыр. Екіншісі – биыл бірінші рет шетелге оқуға грантпен жіберу басталады екен. Оқу министрінің орынбасары Шәмшә Беркімбаева әпкеміз мені айтыстан көріп, басқа қырымнан да байқап және сіздің балаңыз екенін біліп, соған жібергісі келіп шақырып жатыр. Үшіншісі – Премьер-министрдің орынбасары Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың назары түсіп, сіздің ба-лаңыз екенін біліп: «Өзім оқытамын, Димекеңнің батасын алып кел!» – деп сізге жіберіп отыр», – дедім.
Димаш атам ойланып отырды да: «Сен Мырзатайдың айтқанын тыңда! Біріншіден, ол – көпті көрген адам. Екіншіден, өзіңнің ағаң, саған жамандық ойламайды. Сол Мырзатайдың айтқанына тоқта!» – деді. Сөйтіп, маған батасын беріп жіберді.
Атадан шыға салып Мырзатай ағаға бардым. «Қонаев атамның батасын алып келдім. «Мырзатай ағаңның айтқанын тыңда!» – деп отыр», – дедім.
Осылайша, оқу министрінің орынбасары Шәмшә Көпбайқызы әпкеміздің ұсынысынан әдеппен, көркем түрде бас тарттым. Әйтпесе, емтихан тапсырып қойғам, Түркияда ма, басқа мемлекетте ме екен, есімде жоқ, грантпен оқып келуге толық мүмкіндік туып тұрған еді. Сосын Тараздағы Берден ағамызға да жағдайды түсіндіріп айтып, Жамбыл педагогикалық институтына да түспейтін болып, Мырзатай ағамыздың айтуымен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде КазГУ) филология факультетіне оқуға түстім.
Әлі күнге дейін есімде, «Димекеңнің баласы» деп, кабинетінде отырып, Мырзекең КазГУ-дің ректоры Көпжасар Нәрібаевты өзіне шақырып, мені қолына ұстатып, жетектетіп жіберді. Енді бұл да – бөлек әңгіме. Осылайша, Қонаев атамыз өмірлік бағыт-бағдар беруде де сондай бір үлгі-өнеге көрсетті.

Жалпы, «Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу!» деген қағидамен кез-келген қабілеті бар, талапты жасты қолдап жіберуді әдетке айналдыруымыз керек.

Дінмұхамед атамыздың сізге айтқым келетін бесінші қасиеті: ол кісі ешқашан кісі жамандамайтын еді. Қаншама рет дастархандас, сұхбаттас болдым, аузын толтырып біреуді жамандап жатқанын көрмедім. Қазір ойлаймын, ол кісінің басынан небір жағдайлар өтті: өзінің шәкірттерінің қарсы шыққан кездері болды, жақыны болып жүріп алыстап кеткендері болды. Дастархан басында менен де басқа адамдар отыр ғой, талқылағысы келсе, оған тілі де, реніші де, өкпесі де жетер еді. Бірақ біздей балалар отырғасын, басқалар отырғасын, «Үлгі-өнеге болсын!» дей ме, әйтеуір ешкімді жамандамайтын.
Бір күні мен оқып жатқан ұлттық университетке Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев келетін болды. 1993 жылдың басы болса керек, Қонаев атамыздың көзі тірі кезі. Атамыздан: «Біздің университетке Назарбаев келе жатыр. Соған маған университет басшылары: «Арнау айт!» – деп жатыр. Қалай дейсіз, ата?» – деп сұрағанымда, «Ол – ел басқарып отырған адам. Ол кісі қуанатындай, шабыттанып қайтатындай, сондай бір көркем сөздерді тауып айт! Былай деп айт, былай деп айт!» – деп маған қанат бітіріп, Патшаға деген құрметімді арттырып, бағыт берді. Енді ол кезде мен бала-мын, қалай айтты, сондай оймен кеттім. Әлбетте, сол күні Тұңғыш Президентке арнаған арнауым сәтті шықты.

Назарбаевпен менің рухани қарым-қатынасымның бастауында Димекеңнің батасы мен бағыт-бағдары тұр.

Одан кейін мен ондаған жылдар бойы тұңғыш Президентпен әртүрлі жерлерде айтыскер ақын ретінде де, медиажобалардың басшысы ретінде де кездесіп жүрдім, бірақ сол берекелі кездесулердің баршасының басында Дінмұхамед атамыздың батасы, бағыт-бағдары, қолдауы және маған түсіндірген түйін сөзі тұрды.
Қазір ойласам, ол кісілердің ортасы да күрделі болған, бірақ соған қарамастан ол кісі баланың басын қатырмай, ең керек, ең пайдалы сөзді айтып, маған бағыт берген екен. Қазіргі көп адамға жетіспейтін дүние де сол: өзінің жеке өкпе-ренішін елдің атынан айтып, біреудің тағдырының бұзылып, біреудің бағытының бұрылып кетуіне ықпал етіп жатады. Оны өзіміз өмірден көріп жүрміз.
Бірақ «адамдарға өкпелемеу», «біреулердің жіберген қателіктерін бастан асыру», «кешірім ету» деген дүние кейде қолымыздан келеді, кейде қолымыздан келмей жатады. Сол қолымыздан келген жердің бәрінің бастауында Димаш атамыздың бізге көрсеткен үлгісі, ғибраты, даналығы жатыр. Сондықтан Дінмұхамед атамыздың осы бес қасиетін оқырмандарымызға үлгі, ғибрат ретінде айтқым келеді.

Тұжырым
Дінмұхамед Қонаев атамыздан мен алған бес пайда:
1. «Ұлық болсаң – кішік бол!».
2. Өзіңнен кішіге өмірлік бағыт-бағдар бере білу.
3. Өзіңе жақын тұтқан кішіге тек дүниелік пайда ғана емес, рухани нәр де бере білу.
4. Сәті түссе өзіңнен кішіні «Болашақта осы балаға пайдасы тиеді-ау!» деген жандармен таныстырып, арасын жарастыру.
5. Ешқашан ешкімді жамандамау, өзіңнің жеке ренішіңе ешкімді ортақ қылмау.

«Енді айтуға болады…» кітабынан үзінді.

Мұхамеджан ТАЗАБЕК,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат»
орденінің иегері

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.