Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қолдау болмаса, тың идеялар жүзеге аспайды

0 156

Жасанды интеллект пен нейрожелілердің дамуы, ғарышты игерудің қарқындауы, вакциналардың пайда болуы… Бұл – соңғы жылдардағы ғылымның толағай табыстары һәм жаңа жетістіктердің бір парасы ғана.

Әлемдік ғылыми ашылулар мен өнертабыстар адамзат дамуына соны серпін беруде. Алдыңғы қатарлы алпауыт мемлекеттер ғылымға қыруар қаржы бөліп, тың технологияларға жете назар аударуда. Қайтарымы да қомақты. Шыққан шығын еселеніп, қазынаға құйылуда. Қазақстан да замана көшінен қалмай, ғылыми зерттеулерге басымдық бере бастады. Соңғы жылдары ел билігі ғылымды дамудың негізгі тетігіне айналдыруға білек сыбана кірісті. Ғалымдарға қолдау көрсетіліп, ілкімді ізденістерге жол ашылуда. Жүйелі жобалар мен тиімді бағдарламалар қабылдануда. Ғылымға бет бұрған жастардың қарасы көбеюде. Жақсы үрдіс, оң тенденция. Ал бастаманың нәтижесі қалай болмақ? Бюджеттің қомақты қаражаты жұмсалған отандық ғылымның келешегінен не күтеміз? Қазақстанда ғылыми идеяны іске асыру мүмкін бе? Таразылаймыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі Ұлттық кеңестің отырысында ұзақ жылдар бойы елімізде ғылымды дамытуға жете назар аударылмағанын ашып айтты. Салдарынан саланың дамуы тұралап, түйіні тарқатылмаған түйткілді мәселелер қордаланған.
«Біз өркениетті ел боламыз десек, осы олқылықтың орнын толтыруымыз керек. Түпкі мақсатымыз – көшке ілесетін емес, сол көшті бастайтын елдердің қатарында болу. Қазақстан үйренетін емес, үйрететін, тұтынатын емес, өндіретін мемлекетке айналуға тиіс. Бұл міндет бос сөз күйінде қалмауы керек. Ол үшін біз әрдайым батыл қимылдап, бір қадам алда жүруіміз қажет. Жұмысты дұрыс үйлестіре алсақ, бұл шаруа біздің қолымыздан келетіні анық», – деп атап өтті Президент.
Мақсат – айқын, меже – биік. Мемлекет басшысының алға қойған міндетін нәтижелі еңсеру үшін бірқатар істер қайта сарапталып, терең талдау жүргізілді. Саланың майталман мамандарымен бірлесіп басты тетіктер таразыланып, негізгі бағыттар екшелді. Атап айтқанда, ғылымды қаржыландырудың механизмдері іске қосылып, ғылыми-зерттеу мекемелерінің инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Бұдан бөлек, ғалымдарымыздың әлемнің беделді ғылыми орталықтары мен оқу ордаларында білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыруға маңыз беріле бастады.
Десе де, мұның өзі тұралаған ғылымның көсегесінің көгеріп, асығының алшысынан түсуіне жеткіліксіз. Нақтырақ айтқанда, бүгінде Қазақстанда ғалымдардың зерттеулерін кәдеге жаратып, өндіріске енгізетін кәсіпорындар жоқтың қасы. Ынта танытқан демеушілер де байқалмайды. Отандық өндіріс ошақтарының басым бөлігі шикізат пен табиғи ресурстарға тәуелді. Осы уақытқа дейін елімізде нано және биотехнология саласына негізделген бірде-бір өндіріс орны ашылмаған.
«Ғылымның озық салалары бойынша тым артта қалып келе жатырмыз. Оны мойындауымыз керек. Сондықтан ғалымдарымызға айрықша міндет жүктеледі. Ғылым саласы ұлттық экономиканы жаңғырту ісінде аса маңызды рөл атқаруға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы салаға білікті кадрлар тартудың да маңызы жоғары екенін атап өтті. Енді жыл сайын докторантураға қабылданатындардың саны 5 мыңға дейін жеткізіліп, ғылымдағы жастардың үлесін арттыруға маңыз берілмек. Сонымен қатар ғалымдар мен жоғары оқу орны оқытушыларының ғылыми дәрежесі мен атағына қарай төленетін үстемеақыны 1 жарым есе көбейту де көзделіп отыр. Осы орайда айта кетерлігі, бүгінде елімізде ғылыми-зерттеу жұмысын орындайтын 400-ден астам мекеме бар. Аталған ұйымдарда 22 мыңға жуық ғалым жұмыс істейді. Мамандардың 35 пайызының ғылыми немесе академиялық дәрежесі бар. Соңғы жылдары саладан жастардың кету процесі байқалады. Мәселен, 2022 жылы 25 жасқа дейінгі мамандар саны 5 пайызға кеміген. Басты себеп – жалақының мардымсыздығы.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметіне сүйенсек, қазақстандық білім алушылардың 90 пайызы бакалавриатта, 8-9 пайызы магистратурада және бір пайызы докторантурада оқиды. Жыл сайын орташа есеппен 900-ден астам докторант, 20 мыңға жуық магистрант даярланады. Түлектердің басым бөлігі өзге салаларда жұмыс істеуді жөн көреді.
Қазіргі күнде жауапты ведомствоның алдында ғылым саласындағы жастардың үлесін арттыру міндеті қойылып отыр. Кадрлық әлеуетті арттыру саланың қарышты дамуына әсер етіп қана қоймай, жоғары білікті ғалымдар мектебін қалыптастыруға септігін тигізетіні белгілі. Осыған орай, жастарды ғылымға тартуға ынталандыруға басымдық берілуде.
Соңғы жылдары ғылымға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын ғалымдардың көбейіп кеткені де салаға кері ықпалын тигізуде. Алдағы уақытта осындай азаматтарға «бармақ басты, көз қыстымен» оңды-солды ғылыми атақ беруге түбегейлі тоқтау салынады. Жұмысы жаңаша жүйеленген Ұлттық ғылым академиясы бұл мәселені ерекше назарда ұстамақ.
Соңғы алты жылда ғылымға бөлінген қаржы 70 пайызға жуықтаған. Мысалы, «Ғылымды дамыту» бюджеттік бағдарламасы шеңберінде 2020-2023 жылдары аралығында 249,5 млрд теңге жұмсалған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сенер болсақ, қаржының 91 пайызы игерілген. 2023-2025 жылдары ғылымның көсегесін көгертуге қарастырылған сома мөлшері 643 млрд теңге көлемінде. Ал 2024-2026 жылдарға көзделген бюджет тағы да 13 пайызға артып, 730 млрд теңгені құрап отыр.
Бюджеттің қыруар қаржысы ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыруға, гранттық қаржыландыруға, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыратын ғылыми ұйымдар қызметін қамтамасыз етуге, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға және өзге де мақсаттар үшін жұмсалмақ.

Жандар ТҰРАРҰЛЫ,
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.