Қалалық қоғамдық-саяси газет

Округтегі әрбір мәселе қала әкімінің назарында

0 464

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков №1 аумақтық округтің тұрғындарымен кездесті.

Жиында алғашқы болып сөз алған округтің бас инспекторы Болат Баудинов атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен баяндады.
– №1 аумақтық округіне №12 «Астана» ықшамауданы, «Төрткөл», «Дорожник» тұрғын алқаптары кіреді. Қазіргі таңда мұнда 32 800 адам тұрмыс кешуде. Былтыр округте тындырылған ілкімді істер баршылық. Айталық, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Достоевский көшесіндегі №21 «А» және Рысбек батыр көшесіндегі №6, 6 «А» үйлерінің аулаларына ойын алаңшалары салынды. Сондай-ақ Рысбек батыр, Е.Ниетқалиев көшелеріне заманауи 3 автобус аялдамасы орнатылып, Чехов көшесінің 2-бұрылысы мен Химик көшесі жарықтандырылды, – деген Болат Бияхметұлы ағымдағы жылы жоспарланған жұмыстарды да тілге тиек етті.
Оның айтуы бойынша, биыл округтегі 4 көше күрделі жөндеуден өтпек. Бұл бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары сараптамадан өткізіліп, оң қорытындысы алынған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу жұмыс- тарына тиісті құжаттар рәсімделуде. Сондай-ақ Рысбек батыр көшесін қайта жаңғырту мен Чехов көшесінің бұрылыстарына орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу, Сатыбалдиев көшесі №40, 42 үйлердің ауласына балалар ойын алаңшасын салу және №12 «Астана» ықшамауданындағы №33 үйдің ауласын абаттандыру да ағымдағы жылдың еншісінде екен.
Басқосу барысында тұрғындар тарапынан Рысбек батыр көшесінде орналасқан №6 «А», Төле би даңғылы, №116 үйлердің шатырына күрделі жөндеу жүргізу, «Төрткөл» тұрғын алқабына балалар ойын алаңшасын орнату, Рысбек батыр және Генерал Рахимов көшелерінің қиылысына әлеуметтік дүкен салу, Рысбек батыр көшесі, «Үміт» кафесінің маңындағы 2 аялдаманы жаңарту, аталған көшені кеңейту және жаяу жүргіншілер жолын, арық жүйелерін қалпына келтіру сынды өзекті мәселелер көтерілді.
Барлық сауалды мұқият тыңдаған қала әкімі әрбір мәселе назардан тыс қалмайтынын жеткізді.
– Бүгінгі күні қаланы өркендетуге бағытталған 3 жылдық даму жоспары қабылданды. Соның аясында шаһардың ең өзекті мәселелеріне ден қойып отырмыз. Барлығы кезең-кезеңімен өз шешімін табады. Мәселен, жоспарда межеленген 3 жылдың ішінде қаладағы 600 көшені жөндеуден өткізу көзделуде. Айталық, былтырғы жылдың өзінде 150 көше жөнделсе, биыл бұл көрсеткішті 200-ге жеткізбекпіз. Қоғамдық көлік мәселесі де біздің назарымызда. Былтыр облыс орталығына 70-тен аса автобус жеткізілді. Биыл да осы межеден төмендемеуді көздеп отырмыз. Сондықтан да әрбір тұрғынның тілегі ескеріліп, сол бойынша тиісті жұмыстар атқарылады, – деген Бақытжан Әмірбекұлы жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жиыннан кейін шаһар басшысы тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.