Қалалық қоғамдық-саяси газет

Қоғамдық қабылдаудың оң нәтижесі

0 162

Қала әкімі Қайрат Досаев «Шалғай Қарасу» алқабы мен «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының «Өрлеу» бастауыш партия ұйымында тұрғындарға қабылдау өткізіп, көтерілген мәселелерді тиісті мекемелерге тапсырды.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Қала шетіндегі шағын ауданның көптің назарынан тыс қалғанын тұрғындар биыл ғана көтеріп отырған жоқ. Осы мәселе туралы бұқаралық ақпарат құралдары сан мәрте жариялаған. Нәтижесінде аумақта бірқатар жұмыстар оң шешімін тапты. Дегенмен алқап халқы уақыт сәтімен жүзеге асатын кейбір жұмыстардың тезірек біткенін қалайды. Қала әкімінің мән-жайды нақтылау үшін ат басын бұрғаны да содан.
«Шалғай Қарасу» алқабында 600 орындық мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамамен келісімшарт жасалған. Мектеп құрылысының құжаттары бір жылдан кейін ғана дайын болу себебін Қайрат Досаев жоспардағы мектептің аумағы үлкендігімен және арнайы бөлінген жер учаскесінің орнын қалыпқа келтіру жұмыстарымен байланыстырды. Сондай-ақ балабақша құрылысын мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде салу өңірлік мердігерлерге ұсынылды.
– Тараз қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 17 шілдедегі №1725 қаулысымен «Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне «Шалғай Қарасу» алқабында 280 орындық балабақша құрылысына 1,2000 гектар жер пайдалану құқығына берілген. Оның жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаражат бөлінбеген, – деді қала әкімі Қайрат Досаев.
Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасымен Тараз қаласындағы каналдарды, арық жүйелерін, құбыр өткелдерін тазалау жұмыстарын жүргізу үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп, жеңімпаз мердігер ретінде «Тараз-ирригация» ЖШС анықталды. Қазіргі таңда тиісті жұмыстар атқарылуда, жұмыс барысында «Шалғай Қарасу» алқабындағы арық жүйелерін тазалау, шлюздерді жөндеу жұмыстары жүргізілген. Бұдан бөлек, Шалғай Қарасудағы жол, тротуар, көгілдір отын, ауыз су мәселелері ретімен шешіліп жатса, ендігі кезекте аялдамалардың санын арттыру мен автобус бағыттарын өзгерту жұмыстары қаралмақ.
Қала әкімі қабылдаудың екінші күнін «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының «Өрлеу» бастауыш партия ұйымында өткізді.
Қабылдауға келген жеті азаматтың екеуін тұрғын үй мен жер мәселесі алаңдатып отыр екен. Қаламызда жер кезегінің жыры жақын арада шешілмейтіні белгілі. Есесіне биыл тұрғын үй мәселесі жолға қойылып отыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен биыл жыл соңына дейін тұрғындарға уақытша тұруға арналған алты жатақхананың құрылысы аяқталмақ. Оған тұрғын үй немесе жер кезегінде тұрған әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы отбасылар қатыса алады.
2006 жылы жер теліміне кезекке тұрған Зәуре Болатбековаға қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Аблешов кезегінің үш жылсыз келмейтінін айтты. Қала әкімі осы мәселені шешудің басқа да жолдары бар екенін айтып, құрылысы биыл бітетін жатақханалар кезегіне тұруды ұсынды. Бұдан бөлек, 15-ші ықшам ауданынан жыл басында үй алған Ербол Ізбасаров ондағы жол мәселесі реттеліп, қоғамдық көліктердің қашан қатынайтынын сұрады.
– Жаңадан бой көтеріп жатқан ықшам ауданға бірінші асфальт қабаты төселіп, көлік қатынай алатын жағдай жасалынады. Сосын автобус бағыттарын сонда бұра берсе болады. Бұл біздің жоспарда бар, – деді Қайрат Досаев.
Қабылдау барысында қала әкімі тұрғындардың өтінішін қанағаттандырып, мекенжайларын нақтылап, қадағалауды арнайы мамандарға жүктеді. Артынша «тапсырмалар үстелдің үстінде қалып кетпесін» деп жұмыстарды жүйелі түрде атқару керектігін айтты.
Қала әкімінің тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдауы аптаның әр бейсенбісінде өткізіліп жүр. Нәтижесінде қабылдауға келген азаматтар өз шағымдары мен өтініштерін айтып, көтерген мәселелерінің оң шешімін табуда.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.