Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың 2 қыркүйегіндегі Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында бүгінгі таңда өзектілігін жоғалтпаған бірқатар мәселелер айтылды. Сол қатарда Президент әлеуметтік саясаттың жаңа бағыттарын атады.
– Өткен сессияда жемісті жұмыс жүргізілді. Атап айтқанда, Парламенттің екінші сессиясында 102 заң қабылданды. Оның ішінде қоғамдық бақылауға, адам саудасына қарсы күреске қатысты заңдар бар. Сондай-ақ ғылым және технология саясатын, жылу энергетикасын, басқа да мәселелерді реттейтін заңдар күшіне енді. Әлеуметтік салаға, әсіресе, балаларды қорғау ісіне айрықша көңіл бөлінді. Ұлттық қордан балалардың есепшотына қаржы аударуға қатысты заң қабылданды. Балаларды құмар ойынға тартқандар әкімшілік заң бойынша жазаға тартылатын болды. Кәмелетке толмаған балаларға зорлық-зомбылық көрсеткені үшін берілетін жаза қатайды. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, әйелдер мен балаларға қатысты қылмыстың алдын алуға арналған заң қабылданды. Қазір көптеген азаматтың мойнында бірнеше несие бар екені жасырын емес. Бұл – өте өзекті мәселе, қоғамдық қатер десек те болады. Сондықтан осы бағытта арнайы заңдар қабылданды. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға септігі тиетін басқа да көптеген шара қолға алынды. Сіздер бұл жұмыспен тікелей айналысып, халықпен әрдайым тығыз байланыста болдыңыздар. Мұның бәрі «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын орнықтыруға ықпал ететіні сөзсіз», – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалып жатқанын айтты. Осал азаматтарға көмектесу барысында бірқатар шара жүзеге асқанын жеткізді.
– Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтарға биылдан бастап арнайы төлемдер беріліп жатыр. «Ұлттық қор – балаларға» ауқымды жобасы іске қосылды. 7 миллион баланың есепшотына Ұлттық қордың табысынан жалпы сомасы 300 миллиардтан астам теңге аударылды, – деді Қ.Тоқаев.
Әрине, бүгінгі бала – ертең еліміздің тұтқасын ұстар азаматы, мемлекеттің болашағы. Сондықтан болашақ иелерінің жаны мен дені сау болып өсуі аса маңызды. Ұрпақ денсаулығы – ұлт саулығы. Дені сау ұрпақ қалыптастыру үшін оны назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұл жайында Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Балалы отбасыларды қолдау үшін сәби күтіміне өтемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзарды», – деп атап өтті. Бұл, өз кезегінде, аналарға көмек қана емес, үлкен қолдау болары сөзсіз.
Әр елдің басты капиталы – ұлты. Біздің мемлекет те мұны жақсы түсінеді және әрқашан ұлт саулығына баса назар аударады. Жыл сайын елімізде тұрғындардың денсаулығын нығайту мақсатында, оның ішінде адам өміріне қауіп-қатер төндіретін індеттерден қоғамды аман сақтап, ұжымдық иммунитетті қалыптастыру бағытында түрлі шаралар қолға алынды. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Ол өз кезегінде денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізіп жатыр.
Мемлекет басшысының: «Әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға қолдау көрсету – өте маңызды міндет. Сондықтан мемлекет әлеуметтік шығыстарды біртіндеп ұлғайтып жатыр. Қазір бюджеттің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады» деген сөзі көпшілікті қуантты. Ендігі кезекте мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілсе және әлеуметтік көмектер әділ, ашық және тиімді болса игі.
Ел Президенті мемлекеттің саяси, экономикалық тұрақтылығының мәселелері де, оның халықаралық бедел бағасы да, сондай-ақ қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқатының мәселелері де бірдей маңызды екенін айтты. Халық денсаулығын сақтау жүйесі, әлеуетінің артуы тек дамыған, үнемі жетілдіріліп отыратын, саламатты ізгіліктер мен жарқын келешекті көздеген қоғамда ғана кемел деңгейге көтеріле алады.
Сонымен қатар Президент бүгінде азаматтардың нақты табысы ескерілмей, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті мүлдем мұқтаж емес, ауқатты отбасылар да алып жатқанын жеткізді. Бұл тұрғыда Тоқаев үкіметке нақты тапсырма берді.
– Дегенмен, қазір мемлекет тарапынан қолдау көрсетілген кезде азаматтардың нақты табысы ескерілмей жатқанын мойындау қажет. Басқаша айтсақ, әлеуметтік қолдауға мүлде мұқтаж емес ауқатты отбасылар да мемлекеттен көмек алады. Мұндай жайттар аз емес. Осыны ескере отырып, халықты қолдау тәсілдерін жетілдіре түсу қажет. Сондықтан Үкіметке алдағы жылдың басынан бастап «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыруды тапсырамын. Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет. Бір сөзбен, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс, – деген еді Президент.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «Әлеуметтік әмиян» идеясы бұрыннан бері айтылып жүр. Бірақ енді ғана техникалық жағынан толық іске асыруға мүмкіндік ашылды. Себебі цифрлы теңге жобасы өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бұл жоба арқылы ақшаның қай жаққа бара жатқанын көре алу мүмкіндігі пайда болды. Әлеуметтік әмиян дегеніміз не? Ол – әлеуметтік көмектің нақты адреске жұмсалуы. Мысалы, әлеуметтік көмек 50 мың теңге деп көрсетейік. Оны әлеуметтік көмекті алушы адам қайда жұмсағысы келеді, тойға бере ме, жоқ, әлде одан да маңызды дүниелерге арнай ма – оны өзі біледі. Бұрын-соңды мемлекет ол қаржының қайда жұмсалатынын білмейтін. Ал әлеуметтік әмиян арқылы осыны мемлекет бақылап, көріп отырады. Және жай ғана көріп қоймайды, бұған шектеу де қояды. Мысалы, сіздің әлеуметтік әмияныңызға түскен ақша арқылы сіз балабақша ақысын төлеуіңіз мүмкін, дүкеннен азық-түлік алуыңыз мүмкін. Бірақ тойға, ойын-сауық, көлік секілді дүниелерді алуға жұмсай алмайсыз. Оған үзілді-кесілді шектеу қойып қояды. Яғни цифрлы теңгеңіз әрі қарай жүрмейді. Әлеуметтік мақсатта берілген ақша тек қана әлеуметтік істерге жұмсалады. Яғни ол жерден тек белгілі бір азық-түлік, дәрі, коммуналдық төлемдерді ғана жасай аласыз. Қолға қағаз ақшаны банкоматтан шығара алмайсыз. Сол кезде шынымен де әлеуметтік көмек кімге қажет, кімге қажетсіз, кім пайдаланып жүр, нақты білінеді. Бұл, өз кезегінде, бюджеттегі өсіп бара жатқан барлық шығынды ретке келтіріп, ауыздықтап, шын мәнінде мұқтаж адамның көмекті алуына мүмкіндік туғызады. Сол кезде нағыз мұқтаж жанға көмекті көбейтіп, мұқтаж емес адамды жүйеден алып тастауға жол ашылады.
Бұл, әрине, қуанышты жағдай, шетелде бар тәжірибе. Цифрландыруға түбегейлі өтіп жатқанымыздың көрсеткіші. Жалпы, әлеуметтік әмиян – мемлекеттен көрсетілетін көмектің әділетті механизмі. Мәселен, бала мектепте тегін тамақтану үшін ата-анаға құжат жинап, мектепке барып, өтініш жазудың қажеті жоқ. Ата-ана телефонына хат келеді. Хаттың келгенін олар растауы керек, болды. Не болмаса, атаулы әлеуметтік көмек алатындардың цифрлы әмиянына қаражат түседі. Оны АӘК алатындар QR қосымшасын қолдану арқылы дүкеннен азық-түлік, дәрі-дәрмек секілді дүниелер алады. Ал басқа қызметке рұқсат етілмейді. Және бір жақсысы, дәрігердің цифрлық рецепті де жүйеге түседі. Яғни психотропты дәрілерді тұтынушы рецептісіз ала алмайды. Нәтижесінде дәрігердің, дәріханалардың жұмысы да көрініп отырады. Жалпы, бұл әлеуметтік әмиян барлық салада бақылау жүргізуге арналған. Басты мақсаты – жемқорлықты азайту, нағыз мұқтаждардың көмек алуына жағдай жасау, мемлекет қаржысын үнемдеу. Менің ойымша, бұл – «жемқорлыққа жол жоқ» деген ұранның іс жүзінде жүзеге асуы.
Мемлекет басшысының құнды құжатында ел дамуы үшін маңызды 9 стратегиялық бағыт айқындалды. Олардың қатарында ақша-несие және салық саясаты арасындағы үйлесімсіздікті жою, инвестициялық ахуалды және бизнес жүргізуге қажетті жағдайды жақсарту, өнеркәсіп әлеуетін толық пайдалану, инфрақұрылымға қатысты өзекті мәселелерді шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алу, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту, экологиялық ахуалды жақсарту, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру және қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын терең орнықтыру сияқты маңызды тақырыптар көтерілген. Отандық экономиканың тұрақтылығын және еліміздің дәйекті дамуын қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық басымдықтарды айқындап берді. Сондай-ақ бас құжатта заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге және саяси жүйенің тиімділігін арттыруға арналған маңызды міндеттер де нақтыланып, белгіленді.
Сонымен бірге Жолдауда әлеуметтік, қаржылық, энергетикалық, аграрлық салалардағы туындаған мәселелер мен олардан шығу жолдары сөз болды. Халықтың басындағы несиеге алаңдаушылық білдірген Президент бұл қоғамдық қатердің алдын алу үшін банктердің ақша-несие саясатына байланысты жүйелі талдау жүргізіліп, үйлесімсіздікті жою үшін банктер туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Қазына қаржысын стратегиялық маңызы жоқ шаруаларға жұмсамауды қатаң ескертті. Ұлттық қордың маңызына тоқталып: «Қор қаржысы шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек», – деп қадап айтты.
Осы Жолдаудағы басымдық берген бағыттың бірі – салық саясаты. Салық төлеуде әкімшілік жазалау тәсілі цифрлық жүйемен хабарлама жіберуге көшпек. Сонымен қатар агросектордағы ақтаңдақтар өте көп. Президент сөзімен айтсақ: «5 миллион мал басы «қағазда» ғана болған». Халықтың тұрмысын жақсартуға арналған жүзден астам бағдарлама бар, алайда оны халық түгілі сол салада қызмет істеп жүрген мамандар да білмейді. Сондықтан бағдарламаларды жүйелендіру арқылы мемлекеттік жеңілдіктердің шаруалардың қолына жеткен-жетпегенін қатаң қадағалау қажеттігін қатаң ескертті Мемлекет басшысы. Әлі де қамсыз, қайғысыз отырған жергілікті билікке қарата ескерту жасаған Президент: «Елдегі айтып келмейтін төтенше жағдайлардың алдын алуда кеткен бұрынғы кемшіліктерден терең сабақ алу керек», – деді.
Бұдан бөлек, Президент Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығын ашуды ұсынды. Бұл орталықтың мектеп оқушыларынан бастап студенттер, ғалымдар, кәсіпкерлер үшін қолжетімді болуы да көптеген мәселенің түйінін шешетіндей. Анығында, бұл ғылыми жүйедегі орталық цифрлық инфрақұрылымның әр сала бойынша жаңа үрдісін қалыптастырады. Жүйені өзгертетін бірден-бір әділ орталық осы – Жасанды интеллект ұлттық орталығы болмақ. Әрине, аталған орталықтың әлемдік деңгейдегі тәжірибемен іске қосылатынын, біздің кәсіби мамандардың білімдерін толықтырып, осы жолда қызмет ететінін Мемлекет басшысы ерекше атап өтті.
Сондай-ақ Президент өткен жылы денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінгенмен, оның нәтижесі әлі көрінбегенін, мемлекеттік-жекеменшік әріптeстік тетігі арқылы қаржы тартудың халықаралық тәжірибесі ескерілмей жатқанын сынап, денсаулық сақтау саласындағы жүйесіздікті реттеу жағы тапсырылды. Үкімет «Жайлы мектеп» жобасын арнайы басқару жүйесін енгізуді ойластырып, 1300 білім беру мекемесін күрделі жөндеуден өткізуді міндеттеді.
Құнды құжатта Әділетті Қазақстанды бірге құруға, қасиетті Отанымызды бірге өркендетуге шақырған Президент жаңа экономикалық саясат, шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру, банктер туралы жаңа заң қабылдау, салық саясатын тұрақтандыру, бюджет қаражатын орынды пайдалану, жаңа Салық кодексін әзірлеу, елімізге инвесторларды тарту, диқандарды қолдау, пайдаланылмай жатқан жерлерді мемлекетке қайтару, аймақтардың өркендеуі үшін жаңа өндіріс орындарын дамыту, теміржол саласында реформа жасау, автокөлік жолдардың сапасын жақсылау, цифрлік технологияны, туризмді дамыту, суды барынша үнемдеу сияқты өте маңызды мәселелерге кеңінен тоқталып өтті.
Сондай-ақ Жолдауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың кадр мәселесі, яғни су, энергетика, құрылыс салалары бойынша, яғни бүгінгі күнде елімізде сұранысқа ие кәсіптер үшін білікті мамандарды даярлау, еңбегімен табысқа жеткен адамдарды құрметтеу, еңбекті мемлекеттік деңгейде бағалау туралы айтқандары, мұғалімдердің біліктілігін арттыру, мәртебесін көтеру, ұстаздардың білімді ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі, жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдау керектігі туралы айтқандары келешекте еліміздің өркендеуіне оң ықпалын тигізеді деп айтуға болады.
Бүгінгі таңда елімізді одан әрі өркендетуде кез келген саланы білікті мамандармен қамтамасыз етудің маңызы өте үлкен. Жолдауда бұл жағдайды дұрыс жолға қоюдың жолдары нақты көрсетілген, яғни Мемлекет басшысы: «Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды. Үкімет жоғары білім саласын халықаралық білім беру кеңістігімен ықпалдастырып жатыр. Қазірдің өзінде елімізде шетелдің белгілі 23 жоғары оқу орны жұмыс жүргізе бастады. Оларға мейлінше қолдау көрсету керек. Атап айтқанда, маман даярлауға берілетін мемлекеттік тапсырысты біртіндеп көбейткен жөн. Бұл тәсілді білім бағдарламасы заман талабына сай келетін өз оқу орындарымызға да қолдануға болады», – деп атап айтты.
Шынымен де, елдің жағдайы қалай деп елеңдегенде ең алдымен шалғай аудандарда, шекаралық аудандарда мұғалімдер мен дәрігерлердің жетіспеушілігі – өте алаңдатарлық ахуал. Кадрлардың тапшылығы, әсіресе ауылдық жерлерде қатты сезілуде. Жол жөнделетін болды, құбыр тартылатын болды, мектеп ашылатын болды, шағын кәсіпкерлік дамитын болды деп қуанды жұртшылық. Не нәрсені болсын бүлдіріп алып, одан соң қалпына келтіру оңай шаруа емес. Осыдан отыз жылдан астам уақыт бұрын басталған ауылдан қалаға жұмыс іздеп, күнкөріс қамын ойлап үдере көшу үрдісі сәл саябырласа да, тоқтаған жоқ. Қала мектептерінде бір сыныпта 40 бала отырса, ауыл мектептерінде бір сыныпта 4-ақ оқушы қалған жағдайлар бар. Міне, ауылдық жерлерде мұғалімдердің, дәрігерлердің, мәдениет саласы қызметкерлерінің жетіспеушілігінің бір ұштығы осында жатыр. Енді осының бәрін қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.
Президент Жолдауында ел экономикасын әртараптандыруға ерекше тоқталды. Соның бірі – ауыл тұрғындарына, яғни қолына кетпен ұстаған қара шаруаға өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру мүмкіндіктерін қалыптастыру мәселесі. Ел мен жердің, қойшы мен диқан еңбегінің сан қилы қатпарлары бар. Шаруа жерден пайда көрмесе, ала жаздай белі бүгіліп несіне егін салады? Оның шиеттей бала-шағасын кім асырайды? Осы жерде меншік иелеріне айтылар сын бар. «Көптеген меншік иелері өзі пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады. Ондағы ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай меншік иелерінің қажеті жоқ!» – деп қатаң сынға алған Президент: «Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті ел боламыз десек, ең алдымен адам еңбегін бағалаған жөн», – деді. Бұл – жер иелерін құрметтеу деген сөз. Әрине, жер – адамға аманатқа берілген асыл қазына, топырақ – біздің бесігіміз. Ауыл шаруашылығын дамыту, диқанды құрметтеу, «бармақ басты, көз қыстыға» салмай, олардың еңбегін бағалап, марапаттап отыру – бүгінгі күннің күретамыр мәселесі. Ал кезекті Жолдаудың нәтижесінде бұл мәселе өз шешімін табады деп сенеміз.
Сонымен бірге соңғы Жолдауда заңның үстемдігін қамтамасыз ету, экономиканы дамыту және қоғамдағы оптимизмді арттыру мәселелері көтерілген. Заңның үстемдігін қамтамасыз ету арқылы қоғамдағы тәртіпті нығайту, құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіру – бұл халықтың сенімін арттырады.
Экономиканы әртараптандыру, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерлікті қолдау – бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдар. Халықтың әлеуметтік көңіл-күйін көтеру, жастарға мүмкіндік беру және білім беру жүйесін жетілдіру – бұл еліміздің болашағы үшін аса маңызды. Жалпы, Жолдаудағы ұсыныстар мен міндеттер еліміздің тұрақты дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына және қоғамдағы сенімді нығайтуға бағытталған.
Сонымен бірге Қасым-Жомарт Тоқаев ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажет екеніне ерекше тоқталды.
– Қазір нақты секторға несие әлі де ойдағыдай берілмей жатқанын ашық айтуымыз керек. Шағын және орта бизнесті жеткілікті қаржыландыру мәселесі де шешімін тапқан жоқ. Бұл жағдай еліміздегі іскерлік ортаның белсенділігіне, экономиканың тұрақтылығына және дәйекті дамуына кедергі келтіріп отыр. Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп, осыған қатысты оңтайлы шешімдер ойластыруы керек. Банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет. Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным.
Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды. Ашығын айтуымыз керек, бізде республикалық бюджеттің кіріс бөлігі орындалмай жатыр, – деді Президент.
Жалпы, Мемлекет басшысы өз Жолдауында белгілеп берген басымдықтарды сапалы әрі дер кезінде жүзеге асыру әділетті Қазақстанның тұрақты экономикалық дамуына және тәуелсіз еліміздің тұғырын нығайтуға тың серпін береді. Бұл бағыттағы жұмыстарды ел азаматтары да толық қолдап, бір кісідей үлес қосады деп сенім артамыз.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ