Өмір – адамзатқа берілген нығметтің ең үлкені. Тірліктің қадірін ұғынып, оны мәнді ету тірі жанның жер бетіне келгендегі ұлы мұраттарының бірі. Өкінішке орай, дүние есігін күні кеше ашып, келмеске кетуді қош көрген жастардың саны бүгінде азаймай тұр. Қынжылатынымыз да осы жайт.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Баланың дүние есігін ашқан шақтан бастап қаз тұрып, айналасын жете танығанға дейінгі жан досы – ата-анасы екені белгілі. Ал алтын ұя мектептің табалдырығын аттап, қоғам өміріне етене араласа бастаған шақта балада тағы бір құрметті адам пайда болады. Ол – әлбетте, мұғалім. Дүниенің дөңгелек, көктің шексіз екенін үйрететін осы бір асыл мамандық иелерінің жауапкершілігі бүгінгі күні көбеймесе азаймай отыр. Бірден-бір себебі – еліміздегі суицид фактілерінің кейінгі жылдары күрт көбеюі.

Өзекті өртеген өкініштерді азайтып, тығырықтан шығу тетіктерін түсіндіру мақсатында Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты білім басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Байзақ ауданындағы №1 орта мектепте «Жасөспірімдердің психикалық денсаулығын нығайту және суицидтің алдын алу» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Сынып жетекшілер мен мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысқан жиынға өзек болған тақырып та, қозғалған мәселе де дүние жүзінің мамандарын алаңдатып отыр. Семинарды статистикалық мәліметтермен бастаған «Арылу-Оңтүстік» қоғамдық қорының төрағасы Дәурен Бағжановтың айтуынша, биыл америкалық Хьюстон-Даунтаун университетінің оқытушысы Шахназ Савани әлемде жылына 1,5 миллион адам өз-өзіне қол жұмсайтынын хабарлаған. Оның 76 пайызы табысы орта және төмен елдерде жасалса, 60 пайызы Азия елдерінде орын алады. Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда, Қазақстанда өзіне қол жұмсайтындар саны көп. Яғни 48,1 пайызды құрайды. Бұл көрсеткіш Түркіменстанда – 15,8, Өзбекстанда – 13,6, Қырғызстанда – 13,4, Тәжікстанда 7,2 пайызды көрсеткен. Сананы сарсаң еткен сұмдық сандардың негізгі салдарын, алдын алу жолдарын түсіндірмекке Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетінің оқытушысы, психикалық сауықтыру орталығының маманы Мейрамгүл Ибашова арнайы келді. Аталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде өткізілген бұл семинар-тренинг өңірдің Талас, Жуалы, Сарысу, Жамбыл аудандарында да кең көлемде ұйымдастырылды. Дәл осы күні кезек Байзақ ауданына келіп, аудан мектептерінің ұстаздары психолог маманмен емен-жарқын сұқбат құрып, көкейдегі көптеген сауалға жауап алды. Маманның айтуынша, әлемде әрбір 40 секунд сайын бір адам өз-өзіне қол жұмсайды. Адам шошитын бұл дерек көбіне жасөспірімдер арасында орын алатыны жасырын емес. Семинар-тренинг барысында ең әуелі баламен күн сайын бетпе-бет келіп жұмыс жасайтын педагог мамандардан арнайы сауалнама алынды. Мұнан соң ұстаздар алдын ала әзірленген видеороликті тамашалады. Ізінше Мейрамгүл Ибашова саладағы 25 жылдан асып жығылатын тәжірибесінде кездескен жайттарды, олармен күресу жолдарын, суицидке баруды жоспарлаған баладағы алғашқы белгілер жөнінде кеңінен баяндап берді.

– 2011 жылға дейін суицид сөзін ашық айтудың өзі қауіпті болатын. Қазақы көзқарасқа сай біз жаманды жасырып жүруге мәжбүр едік. Сол жылдары елімізде ең көп суицид Қызылорда облысында тіркелді. Өзге де психологтармен бірігіп, біз бұл дертпен ашық түрде күресуді бастап кеттік. Өкінішке орай, өз өміріндегі қиындықтардан тек өлім арқылы құтылуды көздеген адамға көмек қолын созу тым кеш болып жатады. Себебі мұны ойға алған адам міндетті түрде мақсатына жетіп тынады. Сол үшін де психологтар мен педагогтардың сауатын ашып, суицид белгілерін анықтап, алдын алу аса маңызды екенін естен шығармау керек, – деді Мейрамгүл Смағұлқызы.

Суицидтің негізгі белгілері тренингке қатысқан ұстаздардың үлкен қызығушылығын тудырды. Маманның берген мәліметі бойынша жасөспірімдердің суицид алды мінез-құлқына ең әуелі әлеуметтік факторлар әсер етеді. Ата-ана жылуын сезінбеуі, ішімдікке тәуелді адаммен бір жанұяда өмір сүруі сынды жайттар баланы бойкүйездікке алып келеді. Сүлесоқ күй кешкен жасөспірім өзін қоғамға қажетсіз санайды. Келесісі – медико-биологиялық фактор. Бұл тұста жағдай өте түсінікті. Суицид тұқым қуалау, шизофрения, психоз, түрлі травма, ұзаққа созылған емі жоқ диагноздардың әсерінен орын алады. Тағы бір себебі – тұлғалық-психологиялық фактор. Мұндай жағдайда баланың бойындағы темпераменттердің бірі басым келеді. Баланың сезімтал немесе ашушаң, тұйық немесе аса эмоционалды болуы, девиантты мінез-құлыққа бейімділігі, өзіне зиян келтіруге құмарлығы суицид жағдайына алып келуі әбден мүмкін. Мұндай халде жүрген жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау жайында мақсаты барын бәрі бірдей біле бермейді. Бала ешқашан өлгісі келетінін алдын ала нақты айтпайды. Әрбір жасөспірім суицидке саналы түрде барады. Ол – оның аутоагрессивті әрекеті. Жасөспірім «мен өлгенді қалар едім», «мен бәрін аяқтағым келеді», «біз ең соңғы рет көрісіп тұрмыз» деген сөздері арқылы немесе өзінің қымбат затын біреуге беру, ғаламтордан өлім туралы іздеу, аяқ астынан дінге деген күтпеген қызығушылығы ояну, таблеткалар жинау, қару сатып алу сынды әрекеттері арқылы белгі береді. Сонымен қатар бала ұйқысыздыққа ұшырайды немесе тым ұзақ ұйқыға беріледі. Әдетте жасап жүрген іс-әрекетін кенеттен тоқтатады. Сабақ үлгерімі төмендейді. Тәртібі бұзылады. Осындай халге душар болған баламен тығыз қарым-қатынаста болған дұрыс немесе дереу психолог маманға, баланың ата-анасына хабар берген жөн. Алайда бар жауапкершілікті психологқа жүктеу дұрыс емес. Психологты сиқыршы көру – мүлде қате тұжырым. Бұл – осы саладағы мықты мамандардың пайымы. Психологқа баламен жұмыс істеп, оның бойындағы негізгі проблемаларды табуға ұзақ уақыт керек. Қазақстанда науқасқа мұндай жағдайда көбіне жалпы тәжірибелік дәрігер қарайды. Себебі арнайы психологиялық сауықтыру орталықтары жоқтың қасы. Мұнымен қоса, келеңсіздіктер мектепте де баршылық. Білім беру бағдарламасында психологтарға сағат бөлінбеген. Мектептегі психологтар әр баламен жұмыс істеп, сауалнама алып, оқушының психикалық денсаулығын тексеру үшін әр сабақтан 15-20 минуттан сұрап алуға мәжбүр. Ал көп жағдайда пән мұғалімі мұндай уақытты психологқа беруден бас тартады. Осындай факторлардан соң баламен жұмыс істеу мүмкін болмай, арадағы нәзік байланыс үзіліп кетеді. Ата-ана баланың тұлға болып қалыптасуына атсалысқанымен, оның қылығы түзде болуы әбден мүмкін. Мұны бақылайтын да, шара қолданатын да – мұғалім. Жасөспірімді аса қауіпті жағдайдан құтқарудың бірден-бір әдісі – қарым-қатынас. Тренингте психолог коммуникация түрлерінің қиын жағдайда жүрген жасөспірімге көмектесуге тиімді екенін ортаға салды. Психологияда қарым-қатынас вербалды – сөйлеу, вербалды емес – қимыл-қозғалыс, визуалды – көру, сезіну деп бөлінеді. Суицидті ойға алған жасөспірімге көру және сезіну арқылы ғана көмектесе аласыз. Сенімді қарым-қатынас орнату арқылы суицидтің алдын алуына алғашқы қадам жасайсыз. Ол сіздің құшақтағаныңызды, өзінің қажет екенін сезінуі тиіс. Көзіңіздегі мейірімге, жанашырлыққа шомылуы керек. Жиында осыған байланысты арнайы ойын ұйымдастырылды. Тренингтердің өзегі де осы ойындарда болса керек. Себебі теория жүзінде айтылған деректер ойын барысында көрсетіліп, көпшілік жағдайдың маңыздылығын ұғынады. Бұл тұста семинар лекторы мұғалімдерге психологиялық тренингтерде жүргізуге болатын ойындар жинақталған бірнеше әдебиетті атап, кеңес берді.

Айта кету керек, аталмыш семинар барысында сынып жетекшілері жекелей, тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлар келесі күні бөлек оқытылды. Ал психологтар қазіргі таңда республикалық деңгейде БҰҰ-ның UNICEF қорымен бірлесе ұйымдастырған семинарына қатысып, әлемдік деңгейдегі мамандармен тәжірибе алмасуда. Жиын соңында қатысушылар тренинг хақындағы ойларын ақ параққа жазып тапсырды. Сондай-ақ көпшілік психолог Мейрамгүл Ибашовамен кері байланыс орнатып, алған әсерлерін ортаға салды.

– Семинардан мол ақпарат алып, біраз ой түйдім. Біз әдетте баланың рухани әлеміне байланысты жұмыстарды психологтарға жүктеп қоятынбыз. Тренинг барысында бұл тек мектептегі ұстаздар мен психологтардың ғана емес, жалпы үлкендердің жұмысы екенін түсіндім. Сонымен қатар адамда болатын түрлі стрестік жағдайларда баламен жұмыс істеу әдістерін кеңінен талқылап, үйреніп, тәжірибе алмастық. Ендігі жолы дәл осындай мазмұндағы семинар ата-аналар арасында да өткізілсе деген ұсынысымыз бар, – деді №30 Көктөбе орта мектебінің мұғалімі Салима Ногаева.

Сонымен қатар семинарға қатысқан әр мектептің мұғаліміне жасөспірімдер психологиясына қатысты таңдаулы әдебиеттер топтастырылған дискілер үлестірілді.
Өз-өзіне қол жұмсау деректерінің жасөспірімдер арасында аса көп белең алып отырғаны жанға батады. Мұның себептерін әркім әр тараптан іздеуге тырысатыны да белгілі. Әдетте «әр аттаған сайын семинар-тренинг» деп төбе шаштары тік тұратын әлеуметтік желі белсенділері бұқараның психологиялық, психотерапиялық сауатын ашатын бүгінгідей семинарлардың маңызын түсінсе екен дейміз. Бұл ретте Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасына алғыс айта кеткен жөн. Бала өмірін басты құндылық санаған мекеменің тапсырысы аясында өткен шара көп ұстаздың көңіл көзесін кеңейтіп, сауатын арттыра түскендей. Біз мұны мұғалімдердің ілтипаты мен зор алғысынан түсіндік, сезіндік. Мұндай жиынға қатысу арқылы сіз қаракөздеріміздің өмірін құтқарып қалуыңыз ықтимал. Адамды, адамның өмірін басты капитал санайтын зайырлы қоғамда өмір сүргендіктен, бүгінде мемлекет тарапынан осы салаға зор ыждағаттылықтың қажет екенін жасырмаймыз.

Психологиялық сауаттылықты арттыру жұмыстарын балабақшадан, мектептен, одан кейін әрбір жұмыс орнынан бастаудың қажеттіліктерін анық аңғарып, түсініп отырмыз. Психологқа бару сіздің санаңыздың сау болуына, балаңыздың жан күйзелісін дер кезінде анықтауға, айналаға көмек көрсетуге, ең бастысы, суицид фактілерін болдырмауға сеп болады. Ал бізде өмірден бағалы не бар?!

Психологиялық сауаттылықты арттыру жұмыстарын балабақшадан, мектептен, одан кейін әрбір жұмыс орнынан бастаудың қажеттіліктерін анық аңғарып, түсініп отырмыз. Психологқа бару сіздің санаңыздың сау болуына, балаңыздың жан күйзелісін дер кезінде анықтауға, айналаға көмек көрсетуге, ең бастысы, суицид фактілерін болдырмауға сеп болады. Ал бізде өмірден бағалы не бар?!

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған