Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өнертапқыштар өндірісті өрге сүйрейді

0 15

Өнертапқыштық қасиет – кез келген ұлттың маңдайына жазылған өнер. Ал осындай таланттың көзін аша білу де маңызды.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Ю.КИМ

Өркениетті елдер қатарына көш алған мемлекетімізде жастарға артылған жауапкершілік жүгі жоғары. Әртүрлі салада тың идеялар ойлап тауып жүрген жастардың теңдессіз жобаларын көз көріп, құлақ естіп те жүр. Осындай дарынды азаматтарға қолдау көрсетіп, ұтымды ұсыныстарын назарға алған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Жастар жылына орай өндіріс саласында жүрген озық ойлы, өнертапқыштық қасиеті бар жасы 35-ке дейінгі азаматтар арасында «Болашақ біздің қолымызда» атты байқау ұйымдастырды. Бүгінгі таңда серіктестікте 6223 адам еңбек етсе, оның 2167-сі 18-35 аралығындағы жастар. Экологиялық байқаудың алғашқы кезеңінде осы компанияда жұмыс істейтін 70-ке жуық жас өздерінің 59 креативті жобасын ұсынып, соның ішінде 35-і ақтық сынға жолдама алған еді. Ал 35 үміткер озық ойлы жобаларын аталған серіктестіктің Минералды тыңайтқыштар зауытында арнайы құрылған қазылар алқасына таныстырды. «Қазфосфат» ЖШС-нің басқарма төрағасы Мақсұтбек Есенов байқаудың Жастар жылына арналған ауқымды жоба екенін айта келе, ақтық айналымға шыққандарға сәттілік тіледі.
– Жобаның мақсаты – компанияда еңбек ететін жастардың өзін-өзі дамытуына жағдай жасау. Көшбасшылық қабілетін арттырып, іскерлік белсенділігін, қарым-қабілетін, жобалау дағдыларын қалыптастыру және шығармашылық ұжымда әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, идеяларын қанаттандыру. Бұдан бөлек, жастардың идеясы арқылы қоғамдағы немесе өндіріс орнындағы техникалық, экономикалық, әлеуметтік секілді сан түрлі саладағы өзекті мәселелерді шешу. Осы байқаудың арқасында жастар тек қызметкер болып қана қоймай, өзекті мәселелерді шешуде басшылық қабілетке ие екенін көрсете алатынына сенімдімін, – дейді қазылар құрамы төрағасының орынбасары, «Қазфосфат» ЖШС-нің бас директоры Мұқаш Ескендіров.

Иә, теңдессіз жобаларды қаржыландыру арқылы оны қазіргі қоғамда қолданысқа енгізудің пайдасы түсіне білгенге мол. Өз кезегінде бұл мемлекетімізді гүлдендірумен қатар, елімізді әлемдік бәсекеге қабілетті ететіні даусыз. Өздерінің креативті идеялары мен ұтымды ұсыныстарын көптің талқысына салған өнертапқыштың бірі – «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыштар зауыты бас энергетигінің орынбасары Абзал Қонысбаев. Ол өз жобасында өндіріс орнындағы жүк көтергіш механизмдердегі пайдаланылатын сымдарды алып тастап, оның орнына қабылдағыш және жібергіш сигналдарды енгізу арқылы механизмді пультпен басқару ұсынылғанын айтады.

– Конкурсқа жастар экологиялық, әлеуметтік, техникалық, электрлік, механикалық және өндірістік салалар бойынша өз жобаларын әкеліп қорғап жатыр. Негізінен менің жобам сымсыз басқару деп аталады. Бұл – жүк көтергіш заттарды пульт арқылы алыстан басқару. Аталған жаңа құрылғы алғаш Минералды тыңайтқыштар зауытында қолданылып, қазір өңірдегі өндіріс орындарының сексеннен астам нүктелерінде пайдалануға енгізіліп үлгерді. Осы құрылғы арқылы 600-900 келіні тартатын жүкті ашық вагондарға артуға болады. Бұл өз кезегінде еңбек өнімділігін арттыратыны анық, – дейді Абзал Қамбарұлы.

Қазылар алқасының шешімі бойынша бірінші орынды Жаңа Жамбыл фосфор зауыты өндіріс бөлімінің инженері Роман Сырцов жеңіп алып, 300 мың теңге жүлде қорымен марапатталды. Ал екінші орын Минералды тыңайтқыштар зауытының лаборанты Вера Далингерге бұйырып, 200 мың теңге қаржылай сыйлыққа ие болды. «Қаратау» тау-кен өндірісінің бақылау-өлшеу құрылғылары және автоматика бөлімінің басшысы Нұргелді Саттарханов үшінші орынға лайық деп танылып, 100 мың теңге иемденді. Бұдан бөлек, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының лаборанты Ақтолқын Дәулетова «Үздік әлеуметтік жоба» және «Қазфосфат» ЖШС Тараз офисінің бағдарламашы-кеңесшісі Әнел Ержанова «Әлеуметтік маңызы бар жоба» аталымдары бойынша марапатталып, оларға да 100 мың теңгеден сыйақы берілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.