Тараз қаласы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен 2020 жылдың 11 қыркүйек күні жастар мен жасөспірімдер арасындағы нашақорлық пен есірткі бизнесінің алдын алу, есірткіге қатысты проблемалар және есірткіні қолданудың алдын алу, жастар арасында есірткіге қатысты проблемалар жайлы ақпараттандыру деңгейін жоғарылату, психоактивтік заттарды қолдануға қарсы дағдыларды дамыту мақсатында семинар-тренинг өткізілді.

Іс-шараға «Зер-Күміс» салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімделген ЖШС директоры Арынбаева Зайда Арынбайқызы және «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сейімқұл Шарапат Батырбекқызы қонаққа келді.

Әр қоғамның өзiнiң бас ауыртар iрi-iрi мәселесi болады. Қоғам өркендеп, адам ой-санасы дамыған сайын оған төнер дерт, кесел де ғаламаттай қуаттанып, бой бермес бас асаудай күшейе түсетiн түрi бар. Өкiнiштiсi сол, қарап отырсаңыз, осындай ем қонбайтын кеселдi, дерттердi адамдар өздерi ойлап табады.

– Нашақорлық (грек тілінде narcomania – құмарту) – есірткі заттарына патологиялық құмарлық. Нашақорлық – бүкіл қоғамның қасіреті, болашағымызға қауіп төндіріп тұрған індет. Нашақорлыққа көбінесе жасөспірімдер шалдығады, алайда осы кезде ересектер арасында да есірткінің тұзағына түсіп қалған адамдар көбейіп келеді. Нашақорлық – жеке тұлғаның толық бұзылуы. Нашақорлықты емдеумен айналысатын мамандар оны биопсихоәлеуметтік рухани бұзылыс деп атайды. Яғни есірткіге тәуелді адам бірте-бірте өзін-өзі сыйлауды жоғалтады: өзінің адамгершілік қасиеттерін жояды, психикасы қалыпты болмайды, достарынан, отбасынан айырылады, мамандық ала алмайды және қоршаған адамдарға, өзіне зиян келтіреді, – деп «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы Тұрдалы Таңшолпан Әжібекқызы өз сөзін аяқтады.

Бірінші сөз кезегі «Зер-Күміс» салауатты өмір салтын қалыптастыруға бейімделген ЖШС директоры Арынбаева Зайда Арынбайқызына берілді.

Зайда Арынбайқызы семинар-тренингке қатысуға келген жастарға нашақорлықтың қауіптілігін, есірткіге тәуелділікті, нашақорлық себептерін айтып өтті. Жастардың зерігіп кетпеуі мақсатында баяндамашының баяндамасы аяқталғаннан соң, қатысушылармен тренинг ойындары ойналды.

Сергіту ойыны аяқталғаннан соң, «Нығмет нұры» қоғамдық бірлестігінің басшысы Сейімқұл Шарапат Батырбекқызына сөз кезегі берілді. Шарапат ханым нашақорлыққа қатысты видеоролик көрсету арқылы өз сөзін бастады.

– Нашақорлықтың қалыптасуының екі негізі бар: отбасының қалыптастырған жеке тұлғаның спецификалық белгілері. Сыртқы факторлар, әлеуметтік ортаның ықпалы, есірткінің сәнге айналуы, қиыншылықтар, т.б. Нашақорлықтың негізі туралы тағы бір ерекше көзқарасты атап өтуге болады. Оның авторлары нашақорлық пен маскүнемдіктің негізі адамның ішкі нашақорлық жүйесіндегі «ауру» ретінде түсіндіреді. Бұл теория бойынша жануарлардың ағзасы сияқты адамның ағзасында табиғи ішкі есірткі деп аталатын заттарды өндіретін ішкі нашақорлық жүйе бар. Олар ағзаны аурудан, стрестен сақтайды, жақсы көңіл-күйді, жұмысқа қабілеттілікті, ұйқыны қалыпта ұстайды. Ішкі есірткілердің өңделуі төмендегенде (мысалы: ауру немесе стрестен соң), депрессия басталады: өмірге қызығушылығы жоғалады, көңіл-күйі өзгереді, өзін нашар сезінеді, ұйқысыздық пайда болады. Мұндай жағдайда адам ішкі есірткілердің қорғауынсыз қалады және әртүрлі себептермен теріс жолға түсіп кетуі мүмкін. Ішімдік, есірткі заттары ағзаға ішкі есірткілер сияқты әсер етеді. Бұл жасанды есірткілер деп аталады. Уақытша рахаттану сезімін тудыра отырып, олар адам ағзасының нашақорлық жүйесін төмендетеді. Нашақор есірткі қабылдамаған жағдайда оның ағзасы ішкі есірткілердің қорғануынсыз қалады және соның әсерінен депрессия, «сындыру» синдромы басталады. Өзін қалыпқа келтіру үшін адам жасанды есірткі қабылдауға мәжбүр болады. Есірткінің зардабы және асқынуы туралы айтсақ, нашақорлардың есірткіден улануынан оның бүкіл психикасы өзгереді. Біріншіден, жүйке жүйесін бірден уландырады, елітіп, еліртіп жібереді, ақылмен істейтін жұмыстардан бас тартатын болады, өмірге қажетті барлық жұмысты орындауға ынтасы, белсенділігі пәс болып тұрады, енжар өмір кешеді. Есірткі адам психикасына өте қатерлі. Ол ойламаған қылмыстарға итермелейді, нашақор ашуланшақ келеді, – деп айтып кетті.
Шарапат Батырбекқызы жастармен ой алмасу үшін баяндамасының арасында сұрақ-жауап алды.

Семинар соңында қатысушылар келген қонақтарға өз көкейлерінде жүрген бірқатар сұрақтарды қойып, сауалдарына мардымды әрі қанағаттанарлық жауап алды. Семинар-тренингке 20-ға жуық жастар мен жасөспірімдер қатысты. Жастар семинар соңында кері байланыс парағын толтырып берді. Аталған іс-шара туралы видеоролик түсіріліп, @taraz_jastary «Инстаграм» әлеуметтік парақшасында жарияланып, 162 қаралым жинады.

Таңшолпан Тұрдалы,
Тараз қалалық «Жастар ресурстық орталығы» КММ
ұйымдастыру секторының жастар ісі жөніндегі инспекторы

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған