Қалалық қоғамдық-саяси газет

Құнарлы тағам – бала денсаулығының кепілі

0 2  140

Бала денсаулығының негізгі көрсеткіші – дұрыс тамақтану. Соның ішінде мектеп оқушыларының сабақ кезінде сапалы әрі уақытылы тамақтануының маңызы зор. Сондықтан балғындарды ыстық тамақпен қамту мәселесі әрдайым күн тәртібінен түскен емес.

Осыған орай, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы №64 қаулысын басшылыққа ала отырып, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, өзге жанұяларда тұратын, төтенше жағдай орын алған, өрт кезінде, апаттық жағдайлардан, қауіптен зардап шеккен отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы (қамқоршылық кеңесі) айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілер бір реттік ыстық тамақпен қамтылуда.
Бұл жөнінде Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев білім қызметкерлерінің Тамыз кеңесінде мектеп асханаларында қоғамдық бақылауды күшейту қажеттігін баса айтқан еді. Осы мақсатта ағымдағы жылы 9,5 миллиард, оның ішінде жекелеген санаттағы 43 198 оқушыға 3,9 миллиард теңге, 1-4 сыныптағы 71 230 оқушының ыстық тамақпен қамтылуына, киімдер мен жазғы сауықтырумен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге қаржы бөлінген. Балалардың киім-кешектерінің ақшасы ата-аналардың шоттарына аударылған. Бүгінде бұл бағыттағы жұмыстар Тараз қаласында да жүзеге асуда.
– Қазіргі таңда мектебімізде 1 мен 4-сынып аралығындағы оқушылардың барлығы жаппай тегін тамақтанады. 5-11-сыныптарға санат бойынша беріледі. Сондай-ақ арнайы мәзір әзірленіп, оқушылар аптаның 5 күнінде бес түрлі тамақ ішуіне жағдай жасалған. Мәселен, дүйсенбі күні ботқа берілсе, келесі күні басқа тағамдар ұсынылады. Одан бөлек, адам денсаулығына пайдалы салат, жеміс-жидектер, бәліш, тәтті сүзбе секілді тағам түрлері де дастарқанға қойылады. Биыл арнайы санатқа жататын оқушылар құнарлы тамақпен қамтылып, тиісті әлеуметтік көмекке қол жеткізді. Айталық, оқу жылы басталардың алдында ата-аналарға балалардың киім-кешектеріне, мектеп жабдықтарына деп 43 000 қаражат берілді. Сонымен қатар мектеп әкімшілігі, социолог және ата-аналар тарапынан бракераждық комиссия құрылып, ай сайын асханаға зерделеу жүргізіледі. Яғни балалар тағамының сапасы тексеріліп, асхананың тазалығына баса мән беріледі. Осы ретте оқушыларға фаст-фуд секілді зиянды тағамдар берілмейтінін атап өткен жөн. Тек қана дәруменді, сапалы тағамдармен ғана қоректенеді. Әрі мектеп асханасында арнайы аппарат арқылы құйылатын ауызсу да қолжетімді. Мәзірдегі тағамдар белгілі бір граммен, мөлшерде беріледі, – дейді №61 орта мектептің социологы Жанерке Өсербай.
И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназиясында да балалардың ыстық тамақпен қамтылуы жүйелі жолға қойылған. Мектептің социологы Аружан Мұхтарқызының айтуы бойынша, оқу ордасындағы 2 130 оқушының 986-сы тегін ыстық тамаққа қол жеткізіп отыр екен.
– Бастауыш сынып оқушылары түгелдей тегін тамақ ішеді. Ал 5-11 сыныптарда аз қамтылған отбасыдан шыққан балалар тамақтанады. Мектеп асханасында барлық жағдай жасалған. Барлығымыз үшін ыңғайлы асхана мен тағамдардың сапасы маңызды. Қазіргі таңда тағамдардың түр-түрін ұсынып, бастауыш пен санаты бар оқушыларды қамтамасыз етудеміз. Балаларының тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілуін қалайтын ата-аналар өте көп. Соған байланысты әр келген ата-ананың әлеуметтік жағдайына зерделеу жүргізіп, тиісті шешім шығарамыз, – дейді социолог маман.
Министрлік тарапынан қолға алынған осынау игі іс көптеген отбасыны қуанышқа бөлегені анық. Солардың қатарында ата-ана Айнура Тажиева да бар.
– Менің 3-сынып оқитын қызым мен 5-сыныпта білім алатын ұлым бар. Екеуін бірдей қамтамасыз ету қиын болғандықтан, ұлым ыстық тамақпен қамтылуда. Сонымен қатар ұлым 2-санатқа жататын болғандықтан, ыстық тамақтан бөлек, жазда оқуына, киімдеріне, мектеп жабдықтарына деп арнайы 43 000 теңге қаражат берілді. Мектепте берілетін тағамдардың сапасы жоғары әрі денсаулықтарына пайдасы мол. Бұл балаларға жасалған ерекше қамқорлық деп білемін, – дейді А.Тажиева.
Бала – мемлекетіміздің болашағы. Сондықтан олардың алаңсыз білім алуына барлық жағдай жасалуға тиіс. Оқушылардың ыстық тамақпен қамтылуы – соның бір көрінісі. Ал оның құнарлы әрі сапалы болуы – қоғамның тұрақты бақылауында.

Лаула СЕЙДІЛДА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.