Қалалық қоғамдық-саяси газет

Нәзікжандылар – партия назарында

0 171

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай «Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерқанат Манжуов аймақтың қоғамдық-саяси өмірінде белсенділік танытып жүрген әйел азаматшаларын қабылдап, сый-сияпат көрсетті.

Зере Қуаныш

Ерқанат Нұрбапаұлының қабылдауына облысқа еңбегі сіңген аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, еңбек озаттары, кәсіпкерлер, ғалымдар, мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, бастауыш партия ұйымының төрайымдары, ақын-жазушылар, Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестік басшылары, ұстаздар мен дәрігерлер, көпбалалы аналар шақырылды. Салтанатты жиында Ерқанат Нұрбапаұлы нәзікжанды азаматтардың ұрпақты өмірге шыңдап, ұлтжанды азамат болып өсіп, елін сүюге, туған Отанын құрметтеп, ұлттық салт-дәстүрді сақтаудағы еңбектерінің өлшеусіз екенін айтты. Қоғам бойын, адамзат ойын анаға қарап түзейтіндігін тілге тиек еткен ол өңірдегі әйелдердің барлық салада қажырлы еңбек етіп жүргенін атап өтті.

– Бүгінде біздің қасиетті Әулиеата өңірінде әйелдер қоғамның барлық саласында ер азаматтармен қатар қажырлы еңбек етіп жүр. Біз оларды әрқашан мақтан тұтамыз. Қоғамда жыл санап әйелдер белсенділігі артып келеді. Қазір облыста көптеген қыз-келіншектер облыстық, қалалық және аудандық мекемелерді басқарып отыр. Әрбір қыз баланың арманы – ана атану. Ал ананың басты арманы – бейбіт өмір, тыныш заман, сәбиінің амандығы, ағайынның татулығы, көпұлтты халқымыздың бірлігі. Ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ. Тәуелсіз еліміздің әрбір отбасында абзал ана отыр десем артық айтқандық болмас. Бүгінде еркін елімізде, саналы қоғамда ананың беделі артып, әйел азаматтардың белсенді позициясы қалыптасты, – деген Ерқанат Манжуов шараға жиналған азаматшаларды мерекелерімен құттықтап, ізгі лебізін білдірді. Сондай-ақ оларға партия төрағасының орынбасары сыйлықтар мен гүл себеттерін табыс етті. Өз кезегінде марапат иелері партия басшылығына алғыстарын жаудырып, әдемі әңгіме өрбітті.

Сонымен қатар мереке қарсаңында облыстық филиал қызметкерлері «Наурыз Challenge» акциясы аясында облыстағы барлық 100-ден асқан әжелерді, Ұлы Отан соғысының ардагерлерін, көпбалалы, аз қамтылған отбасы аналарын, ерекше күтімді қажет ететін мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған аналарды мерекемен құттықтап, арнайы сый-сияпат табыс етті. Партия облыстық филиалының төрағасы Ерқанат Манжуов төрт баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана Алтынай Әбдіқұлованың отбасына арнайы барып, хал-жағдайын біліп қайтты. Денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болып, бала күтімімен отырған ананы құттықтап, деніне саулық тілеп, сияпат жасады. Жалпы партия тарапынан облыс көлемінде 300-ге жуық нәзікжандыларға құрмет көрсетілді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.