Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мықты қоғам – қуатты Қазақстанның тірегі

0 468

«Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенінде азаматтық қоғам өкілдеріне арналған Жамбыл облысының «Мықты қоғам – Қуатты Қазақстан» атты XII Өңірлік Азаматтық форумы өттті.

Тәжірибе алмасу, Қазақстанның стратегиялық мақсаттарына қол жеткізу үшін азаматтық қоғамды дамыту тұжырымдамасының 2-кезеңін іске асыру, мемлекет, азаматтық сектор және бизнес арасындағы әріптестікті нығайту бойынша ұсынымдар әзірлеу үшін қолданыстағы платформаны дамытуды мақсат еткен жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Серік Сәлемов, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Азаматтық қоғам істері комитетінің төрағасы Гүлбара Сұлтанова, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Бану Нұрғазиева және PhD доктор, Қазақстан-Британ техникалық университетінің профессоры Қайыржан Әбдіхалықов, азаматтық белсенділер, қоғам қайраткерлері, қоғамдық пікір көшбасшылары, әр түрлі деңгейдегі депутаттар, «Атамекен» ҚР ҰКП, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері және қоғамдық кеңестердің төрағалары арнайы қатысты.
Басқосу барысында мәртебелі меймандар азаматтық қоғамның еліміздегі айрықша орны төңірегінде орамды ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты.
Форум аясында секциялық, пленарлық отырыстар, «Мемлекеттік гранттарға тапсырыс беру, гранттық қаржыландырудың тетіктері, салалары және тағы басқа мәселелер» және «ҮЕҰ-дың институционалдық әлеуетін нығайту, мемлекеттік әлеуметтік тапсырысқа өтінімдер дайындау, оған қатысу, жеңімпаз атану бойынша» тақырыптарында шеберлік сыныптары ұйымдастырылды.
Айта кетерлігі, 2024 жылы Жамбыл облысының әкімдігі алғаш рет үкіметтік емес ұйымдарға гранттық қаржыландыру бөлді. Бөлінген 16 720 000 теңгеге үш гранттық жобада коммерциялық емес сектордың әлеуетін нығайтуға бағытталған елеулі нәтижелерге қол жеткізілді. Онда үкіметтік емес ұйымдарға грант сомасының 10 пайызға дейінгі бөлігін материалдық-техникалық базаны дамытуға, институционалдық нығайтуға және еңбекақы төлеуге бағыттау мүмкіндігі берілді. Бұл олардың тұрақты дамуы жолындағы маңызды қадам болғаны сөзсіз.
Оң тәжірибені ескере отырып, бұл бағытта жұмыстар биыл да өз жалғасын тапты. Мәселен, бүгінгі күні Жамбыл облысының жергілікті атқарушы органдары үкіметтік емес ұйымдарға жалпы сомасы 29 488 000 теңгеге 5 грант бөлді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы облыс әкімдігінің қолдауымен «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы ауылдағы бастамаларды дамыту үшін мемлекеттік емес гранттар бөлуді қолға алу жоспарлануда. Бұрын осындай қолдау түрлерін компаниялардың өздері Қазақстанның басқа аймақтарында да көрсеткен болатын.
Осылайша, Жамбыл облысы азаматтық бастамаларды тұрақты дамыту құралы ретінде «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» арқылы мемлекеттік емес гранттарды енгізген алғашқы өңір болмақ.
Форум соңында аймақтың әлеуметтік-экомикалық дамуына үлес қосқан азаматтық қоғам өкілдерін облыс әкімінің және қазақстанның Азаматтық Альянсының Құрмет және Алғыс хаттарымен марапатталды.

Дилназ ЖАҚЫП,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
«6В03213- Веб-журналистика»
білім беру бағдарламасының 2-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.