Қазіргі әлемде инженерия – ұлттардың технологиялық және зияткерлік қуатының негізгі өлшемі. Ол тек өндірісті автоматтандырумен шектелмейді: климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі, ресурстарды үнемді пайдалану және цифрлық трансформация сияқты ғаламдық мәселелерді шешуде басты рөлге ие. Осындай сын-қатерлерге жауап беретін, жаңа буын инженерлерін даярлауға бағытталған озық білім ордасы – Халықаралық инженерлік-технологиялық университет (МИТУ).
МИТУ – бұл стандартты бұзып, жаңа көзқараспен жұмыс істейтін технократиялық орта. Университеттің миссиясы – жоғары сапалы инженерлік білім беру арқылы Қазақстанды жаһандық инновациялар кеңістігіне интеграциялау. Мұнда студент білім алып қана қоймайды, ол зерттейді, жобалайды және нақты нәтижеге жұмыс істейді. МИТУ-дың оқу үдерісі тәжірибеге негізделген. Теория мен тәжірибе сабақтастығы нақты өндірістік жобалар арқылы жүзеге асырылады. Дәрістерді ғылым докторлары, шетелдік сарапшылар және өндірісте жұмыс істейтін тәжірибелі инженерлер жүргізеді. Бұл – кәсіби бейімделудің тиімді тетігі. Университет құрылымындағы алты кафедра – заманауи инженерлік білімнің тірегі.
Бағдарламалық инженерия кафедрасы ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы, бағдарламалау, жасанды интеллект, веб және мобильді қосымшалар, деректер базасы және киберқауіпсіздік салаларында терең білім береді. Студенттер стартап-жобалар құру арқылы кәсіпкерлік дағдыларын меңгереді. Түлектер IT-компанияларда, қаржы ұйымдарында, мемлекеттік мекемелерде және жеке жобаларда жұмыс істейді. Инженерлік смарт технологиялар кафедрасы автоматтандыру, робототехника, смарт-сенсорлар, өндірістік процестерді цифрландыру, радиотехника және телекоммуникация бағыттары бойынша мамандар даярлайды. Кафедра студенттерін өнеркәсіптің жаңа технологиялық дәуіріне бейімделген, цифрландыру мен автоматтандыру үрдістерін меңгерген бәсекеге қабілетті инженерлер ретінде даярлайды. Тағам өндірісінің техникасы және технологиясы кафедрасы тағам өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін, заманауи өндіріс орындарына қажетті технологиялар мен техниканы меңгерген мамандар даярлайды. Студенттер тағам өнімдерін өңдеу, экологиялық таза өндіріс және агроөнеркәсіптік инновацияларды меңгереді. Биохимиялық инженерия кафедрасы биотехнология, биоинженерия, биоинформатика, химиялық технология және экологиялық қауіпсіздік салаларында мамандар даярлайды. Кафедра студенттері ғылыми жобаларға белсенді араласып, өндірістік тәжірибеден өтеді. Түлектер биотехнологиялық өндірістерде, фармацевтикада, экология және ақпараттық салада табысты еңбек етеді. Экономика және бизнес кафедрасы қаржы, есеп, аудит, логистика, цифрлық маркетинг, жобалық менеджмент, технокәсіпкерлік және туризм бағыттарында кәсіби білім береді. Студенттер экономикалық модельдеу, бизнес-жоспарлау және цифрлық экономика жағдайында басқару дағдыларын меңгереді. Сонымен қатар, туризм бағыты бойынша студенттер қазіргі заманғы туристік индустрияның ерекшеліктерін, халықаралық туризмді ұйымдастыру, туристік өнімді әзірлеу мен маркетингін меңгереді. Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасы болашақ инженердің тілдік, мәдени, академиялық және тұлғалық құзыреттерін дамытуға бағытталған. Шетел тілдерін меңгеру, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарды оқу студенттердің кәсіби және жаһандық қарым-қатынасқа қабілеттілігін арттырады.
МИТУ-да ғылыми-зерттеу – оқу үдерісінің ажырамас бөлігі. Университет қабырғасында энергия тиімділігі, қалдықтарды басқару, жасыл технологиялар, цифрлық жүйелер және агротех салаларында ғылыми жобалар жүзеге асырылады. Зертханалар мен симуляторлық кешендер студенттерге нақты құралдармен жұмыс істеу дағдысын үйретеді. Жыл сайын студенттер халықаралық форумдарға, ғылыми конференцияларға қатысады, патенттелетін жаңалықтар мен стартаптар әзірлейді. МИТУ халықаралық әріптестік арқылы әлемдік тәжірибеге жол ашады. Университет Түркия, Корея, Қытай, Германия, Польша, Ресей, Өзбекстан және басқа елдердің жоғары оқу орындарымен бірлесіп қос дипломды бағдарламалар, академиялық алмасу, бірлескен зерттеулер жүргізуде. Бұл – студенттердің жаһандық кәсіби қоғамдастыққа кіруінің нақты жолы. МИТУ-дың әлеуметтік қолдау жүйесі – инклюзивті және әділетті орта қалыптастырудың негізі.
Университет ректорлық гранттар, оқу ақысына жеңілдіктер, көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге, жетімдер мен мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған арнайы бағдарламалармен ерекшеленеді. Бұл – тек білім ғана емес, әлеуметтік әділеттіліктің үлгісі. МИТУ-да студенттік өмір – белсенді әрі мазмұнды. Заманауи жатақханалар, кітапханалар, ІТ-зертханалар, медиа және демалыс аймақтары студенттердің шығармашылықпен айналысуына және өзін жан-жақты дамытуына мүмкіндік береді. Университет спорт пен өнерді де қолдайды, әр студенттің әлеуеті жан-жақты ашылуы үшін жағдай жасайды. МИТУ – бұл білім мен технологияны біріктірген, жаңа буын инженерлерін тәрбиелейтін стратегиялық бастамалар алаңы. Бұл – болашақтың іргесін қалауға дайын жастардың таңдауын табатын орны. Университет туралы толық ақпаратты metu.edu.kz сайтынан, қабылдау комиссиясының +7 775 007 5055 нөмірінен және әлеуметтік желілердегі ресми парақшалардан алуға болады.
Айткулова Құралай Оңғарқызы, педагогика ғылымдарының магистрі, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасының аға оқытушысы.
Балсариева Құндыз Темірханқызы, педагогика ғылымдарының магистрі, Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері кафедрасының аға оқытушысы.