Қысылтаяң уақытта қарапайым халық сыналса, оларға ең әуелі көмек қолын созып, қасиетті міндеттерін орындауға асығатын – дәрігерлер. Бес айдан бері үй бетін көрмей, аты жаман дертке қарсы тұрып жүрген ақ халаттылардың жанқиярлық еңбегі барлық құрметке лайық.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген Юрий Ефимов

Бұл ретте отандық медицинада соңғы күндері оттегі концентраторлары мен өкпені жасанды желдету аппараттарының тапшы екені айтылуда. Жергілікті кәсіпкерлер мен атымтай жомарт азаматтар мұндай жағдайда қол қусырып отыруды жөн көрмеген.

Әсіресе «Қазфосфат» ЖШС директоры, Қазақстанның Еңбек ері Мұқаш Ескендіровтың өңірге Ресейден оттегі концентраторларын алдыруы аймақтағы игі істің алды болды.  Ол бұл құрылғыларды облыстық көпсалалы ауруханаға тапсырды. Ресейде өндірілген осындай құрылғының бір жиынтығы үшін аймақтың бас химигі 500 мың теңге төлеген. Оттегі концентраторы –  атмосфералық ауадан таза оттегі шығаратын құрылғы. Бұл медициналық құрылғы аурудың салдарынан оттегінің тұрақты немесе эпизодтық жетіспеушілігін сезінетін адамдарға арналған.

Түрлі ауруларды алдын алу мақсатында оттегі концентраторларын пайдаланып тыныс алу жүкті әйелдерге, балалар мен ересектерге, спортшыларға, қарттарға, сондай-ақ көп уақытты көп бөлмеде, ғимараттарда, газдалған аумақта өткізетін қала тұрғындарына ұсынылады. Яғни, пандемиядан кейін де бұл құрылғыларды дәрігерлер кеңінен қолдана бастайды.

– Біз барлығы 16 7F-5L құрылғысын сатып алдық. Олардың оны ауруханаға жеткізілді. Біздің кәсіпорынныі медициналық бөлмелеріне екеуден орнатамыз, онда олар амбулаториялық емделуге және көптеген аурулардың алдын алуға қажет. Мен қазіргідей жағдайда көптеген кәсіпкерлер медициналық мекемелерге көмектесетінін білемін, біздің серіктестік оларға оттегін қолжетімді бағада сатады, өйткені дәл қазір пайда туралы емес, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалу туралы ойлану керек, – деді Мұқаш Ескендіров.

Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов өзінің және ұжымы атынан азаматтық бастама мен асқан жомарттық үшін «Қазфосфат» ЖШС директорына алғыс білдірді. Дәрігер журналистерге түсіндіргендей, «5L» бұл құрылғы минутына бес литр оттегі шығарады. Мұндай концентратор ауруханаларға ауадай қажет. Сол себепті де бұл құрылғыны меицинаға тамаша тарту деуге болады. Ол кез келген  жағдайды жеңілдетеді және коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуді тездетеді.

Облыстық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Абай Нұржанов өзінің және ұжымы атынан азаматтық бастама мен асқан жомарттық үшін «Қазфосфат» ЖШС директорына алғыс білдірді. Дәрігер журналистерге түсіндіргендей, «5L» құрылғысы минутына бес литр оттегі шығарады. Мұндай концентратор ауруханаларға ауадай қажет. Сол себепті де бұл құрылғыны медицинаға тамаша тарту деуге болады. Ол кез келген жағдайды жеңілдетеді және коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуді тездетеді.

Мұнымен қоса, «Қазфосфат» ЖШС облыстық ауруханаларға тәулігіне екі тоннаға дейін сұйық оттегі жеткізуді де қолға алған. Коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда, пневмониямен ауырғандардың саны да арта түсті. Салдарынан науқастардың тыныс алу жолдары зақымданып, оттегі тапшылығы біліне бастаған. Ауруханаларды оттегімен қамту – уақыт күттірмейтін мәселе. Бақытымызға орай, адам өміріне маңызы зор элемент Тараз қаласында өндірілуде. Бұл процесс осыдан бірнеше жыл бұрын өндіріс ошағында кәнігі атмосфералық ауаны булану арқылы және азот пен оттегіге ыдырату арқылы жүзеге аса бастаған. Аталмыш газдар өнеркәсіпте кеңінен қолданылады, бірақ елдегі ахуалға байланысты медицинаға да қажеттілігі туындап отыр. «Қазфосфат» ЖШС-нің директоры Мұқаш Ескендіровтің айтуынша, өндірілген оттегінің барлығы медицинада қолданылуда. Сондай-ақ осы шілде айында өндіріс жаңа технологиялармен жабдықталады. Нәтижесінде шамамен тамыз айынан бастап тәулігіне 6-7 тонна сұйық оттегі өндіруді жоспарлап отыр. Ал оның бағасына тоқталар болсақ, сұйық оттегінің 1 тоннасы 45 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз оттегі толтырылған әр баллонның бағасы 400 теңге деген сөз. Қазіргі таңда қалада оттегі толтырылған баллонның құны 4000 теңге болса, өндіріс ошағының негізгі мақсаты табыс көзі еместігін бірден аңғаруға болады. Бұл туралы Мұқаш Ескендіровтің өзі де мына жағдайда пайданы емес, халықтың жанын сақтап, арды ойлау керектігін айтқан. Бұл – елінің қамын ойлаған азаматқа тән қасиет.

Адамзатты ауруынан айықтыру үшін таңды таңға ұрып қалтқысыз қызмет көрсетіп жүрген осы мамандық иелері бүгінде жан-жақты қолдауға, қорғауға зәру. Бүгінде дүйім ел осы жандардың бір ауыз жұбату сөзіне, бір мезгіл көрсететін еміне, тұрақты бақылауына тәуелді. Індетпен күресте алдыңғы шепте жүрген ақ халатты жандарға облысқа белгілі кәсіпкер, «Гауһартас» мейрамханасының иесі, өзінің ізгі бастамаларымен көпке үлгі болып жүрген Меруерт Лештаева ыстық ас әзірлеп таратты. Журналист Мөлдір Анарбаеваның идеясымен жүзеге асқан қайырымды іс көптің көңіліне ізгілік нұрын ұялатып, жақсылық жасаудың ерте-кеші болмайтынын ұқтырғандай.

– Елімізде болып жатқан жағдайды көзбен көріп, құлақпен естіп жүргендіктен, үйімізде тыныш отыра алмадық. Қаламызда дертке шалдыққан қаншама науқас бар. Оларға дер кезінде көмек көрсетіп, бала-шағаларымен қауышуды аңсап жүрген қаншама дәрігер бар. Біз осы қаһармандарға біз мезгіл ас-ауқат әзірлеуді жөн көрдік. Бұл бастамамызды кәсіпкер Меруерт Лештаева бірден қолдай кетті, – дейді Мөлдір Анарбаева.

Ел дағдарып, дүние дүрлігіп жатқан шақта қол қусырып отыру – қол-аяғы сау, қоғамға жәрдем беруге мүмкіндігі мол әр адамға үлкен сын. Құдай берген нығметтің бір бөлігін қайтарымсыз қайырымдылыққа жұмсау – дінде де, жалпыадамзаттық құндылықтар санатында да құптарлық яки сауап жинайтын ізгілікті іс. Бұл ретте атымтай жомарттығымен қалың елге үлгі көрсеткен Меруерт Қаттабайқызы қаладағы ауруханаларда қызмет ететін дәрігерлерге ас дайындап апарып беремін деп ниеттенген кез келген азаматқа өз мейрамханаларының ас үйін беріп, аспаздарын жұмылдыруға әр кез дайын екенін жеткізді.

– Бүгінгідей пандемия уақытында кім-кімнің де болсын дәрігерлерге деген қолдауы аса маңызды. Біздің ешқандай байлықпен өлшенбейтін ғұмырымыз өз кәсіптеріне адал осы жандардың қолында. Қазір барлығымыздың ең болмағанда бір танысымыз ауруханада дертпен күресіп жатыр. Дәрігерлерді біз қолдамасақ, кім қолдайды?! Бүгін үш қой сойып, аспаздармен бірге ас дайындап, індет жұқтырған науқастар жатқан ауруханаларға таратып шықтық. Бірлігіміз беки түссе, мұндай істі жұмыла жасаған жақсы, әрине. Халықты мұндайда сабырға шақырамын. Басымыздан бұл күнде өтер. Осы игі бастама жалғасын тауып кетсе деген тілегіміз бар. Мен өз тарапымнан ас үй мен аспаздарымды жұмылдырамын. Тіпті мал тауып беріп, оны сойып, жіліктеп беруге де дайынмын, – дейді кәсіпкер.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған