Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерекелік достық әзіл

0 359

Эльмира МЫРЗА-ҒАЛИ,
«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры

Аналардың жан сырласы Эльмира,
Арулардың шын мұңдасы Эльмира.
Айналасын шуақ нұрға бөлеген,
Күлімсіреп жүретін жан ылғида.

Тағзым етіп тұрамыз біз анаға,
Тең келетін жан бар ма оған ғаламда?!
Үлгересіз кездесуге, кештерге,
Отбасыға, қызметке, балаға.


Толқын ӨМІРБАЕВА,
Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз
қызметінің жетекшісі

Барша адамға бұйырса деп жарық күн,
Жақыныңдай жатқа жылу таныттың.
«Ұлт саулығы» қолға алдың хабарын,
Қамын ойлап қарапайым халықтың.

Журналистика саласында сан шәкірт,
Тәрбиелеп арттыңыз да қанша үміт.
Денсаулық сақтау саласында өңірде,
Қаратаудай сіздің еңбек баршылық.


Гүлсара МҰХТАРҚҰЛОВА,
Жамбыл облыстық Полиция департаменті
баспасөз қызметінің жетекшісі-баспасөз хатшысы

Баспасөздің гүлі болған Гүлсара,
Жаңалықтың үні болған Гүлсара.
Әпкелерге сіңілі болған сүйкімді,
Сіңілілерге үлгі болған Гүлсара.

Бұл өмірге адам келер бір рет,
Сол өмірде жасау керек ұлы боп.
Құрметтейді өзіңізді бар халық,
Бұл қазақтың қарапайым қызы деп.


Динара СӘРСЕНОВА,
Тараз қалалық №5 емхананың бас дәрігері

Ақ халатты асыл адам Динара,
Қиындықтан жасымаған Динара.
Қамкөңілді жанға қолдау көрсеткен,
Шуақ нұры шашыраған Динара.

Қызметі болса дағы жапалы,
Болған емес оған бола қапалы.
Жалғандыққа бұл өмірде жаны қас,
Көбейсе екен сіздей жанның қатары.


Гүлбаршын ҚҰЛАНБАЕВА,
«Jambyl» телеарнасының директоры

Телеарнаға алғаш бастық болғалы,
Жасап түрлі хабар менен жобаны.
Көрерменнің ықыласына бөленіп,
Мақсаттарым дейді алда көп әлі.

Алтын қордан үлестіріп халыққа,
Архивтерді шығаруда жарыққа.
Құланбаева – қара қызы қазақтың,
Жетеді деп біз сенеміз мұратқа.


Айжан АБДЕШОВА,
Тараз қалалық №47 орта мектептің директоры

Білім көшін алға сүйреп тынымсыз,
Халыққа еңбек істеп жатсыз сіз үнсіз.
Қараңғыдан алып шығар жарыққа,
Күндеріміз күн емес қой білімсіз.

Балалардың тілін әркез табасыз,
Әріптестің алғысын көп аласыз.
«Білімділер көбейсін» деп елімде,
Білім көшін алға сүйреп барасыз.

Достық әзілдерді дайындаған Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.