Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мерейлі меже алдындағы мағыналы мақала

0 13

Жаңа 2021 жылдың алғашқы жұмыс аптасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Теуелсіздік бәрінен қымбат» атты «Егемен Қазақстан» газетінде тарихи мақаласы жарық көрді. Мақалада егемендік дәуірінің 30 жылдық межесін басып жатқан қоғамымыздың тарихи жолына баға беріп, алдағы онжылдықтың мақсаты ретінде «қуатты елдің иесі және кемел халық болу» деп айқындап көрсетіп берді.

Ең алдымен, мақала өзекті өрелігімен, тарихи тереңдігімен аса қымбат. Егемен еліміздің отыз жылдық сындарлы да сынақты жолдарына терең талдау жасалған. Тәуелсіз еліміздің әрбір он жылы ғасырдан да жоғары қоюға тұрарлық. Шындығы мен ақиқаты солай. Мақаланы оқып отырып көңілден кетпейтін сол жылдарды көз алдымызға әкелгеніміз бекер болмаса керек. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бала болсақ та, бәрі есімізде.

Осы тұста, идеологиялық тұрғыда Президентіміз тарихшылар қауымы алдында тұрған мақсат-міндеттері жайлы сөз меңзеді: «Әрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді», – деген болатын. Президентіміз бұл ұлт шежіресін дәріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мәселе деп белгіледі. Аюдың азуын көрсетіп, өткенді көксейтін көршің болса, оның ықпалы мен қаһарына қарсы тұрар, санасы бөгде идеялармен уланбаған жастарды мемлекеттік идея аясында тәрбиелеудің қажеттілігі өсіп отыр.

Біздің осы уақытқа дейін бір олқы тұсымыз – Қазақстан тарихын тұтас қамтып жаза алмағанымыз. Президент осы мәселені де тап басып айтыпты. «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет. Сонымен қатар шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, әлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын әлемге танытудың бірден-бір жолы», – деп жазады Президент. Осы ретте өте білікті жас тарихшыларды әлемнің әр шалғайына аттандырып, арнайы қазақ тарихын зерттеу мен зерделеу ісіне көңіл бөлу керек. Әсіресе, ағылшын, араб, қытай, үнді, парсы және Еуропа елдерінің тілін жақсы білетін жастардан мақсатты топ құрып, шетел архивтерін үңгіп зерттеу керек. Тарихымызды дұрыстап алу – мемлекеттік мәселе. Ұлттық сана тарихи сананы жаңғыртудан бастау алады.

Иә, тәуелсіздіктің алғашқы он жылы Кеңес Одағының құлазыған экономикасынан қалған қиыншылықтарды жоюға арналды. Күн ұзатпай тәуелсіз, егемен еліміздің мемлекеттік құрылымы жасалынды. Президенттік басқару жүйесі орнықты. Мемлекеттік рәміздеріміз – Туымыз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз нақтыланды. Әлем елдерімен сыртқы саясат қалыптасып, бабалар арман еткен шекарамызды шегендеу басталды. Ата Заңымыз қабылданды. Ұлттық валютамыз – теңге айналымға түсті. Күні кеше Кеңес Одағының құрамдас бөлігі болған Қазақстан енді әлемдік өркениет жолына осылай бағыт алды. Елде демократиялық құндылықтар орнықты. Шынайы сөз бостандығына қол жеткізілді.

Жекеменшік БАҚ қалыптасты, әлеуметтік желілер орнықты. Халық арасында ақпарат алудың ауқымы өсті.
Мемлекет басшысы келесі онжылдықты «Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі» деп орынды атап отыр. Жүрекке қонымды, дәл айтылған сөз. Президент жазғандай, ежелгі Сарыарқада, әсем Есілдің жағасында айшықты елорда салынды. Алғашқы кезде әртүрлі пікірлер айтылғаны да жасырын емес. Бірақ астана ешқашан шекараға жақын орналаспайды. Сондықтан Еуразияның кіндігі Ақмола қаласының жаңа астанаға лайықты болуы, көрегендік пен стратегиялық таңдау болатын. Мұны қазір бәрі мойындады.

Руханият саласында да ұлттың ұйытқысы болған іс-шаралар жүзеге асырылды. Мәселен, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы жарияланды. Көптеген тарихи жәдігерлеріміз елімізге әкелінді. Тәуелсіздіктің үшінші кезеңі Қазақстанның әлемдік саясатта өзінің тұрақты орны мен ұстанымы бар мемлекетке айналғанын көрсеткенін жеткізді.

Әрине, ұлттық сананы тарихи сана қалыптастырады. Тарихын терең білген, тамыр тартып, тағылым алған ұлт тәуелсіздіктің тегін келмегенін ұғынады. Бұл ретте Елбасының «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» сынды кешенді бағдарламалар жасау арқылы тарихи санамызды жаңғыртуға рухани негіз, деректемелік бай қор жасап, таптаурын қияс түсініктерден санамызды азат еткенін айтқан Президенттің тарихшыларға отандық канондық тарих жазу, сол арқылы ұрпаққа ұғынықты, қарапайым тілмен өткенімізді насихаттау, көркем және деректі фильмдерді көбейту секілді тапсырмалар беруі уақыт созбай шешімін табуға тиісті өзекті мәселе екені айдан анық.

Президент атап өткендей, Елбасы тәуелсіздігіміздің мәңгі символына айналды десек артық айтқандық емес. Ақиқат сөз. Шындықтың аты – шындық.

Жаңа заман жаңа танымды, зерделеуді қажет етеді. Енді «әділетті мемлекет орнату миссиясы» ұлтқа сын болып отыр. Бұл сыннан халқымыз сүрінбей өтетініне сенеміз. Ел байлығы – жерде, жер байлығы – елге. Президент мақаласынан осындай ой түйдік. Тарих терең танымды, зерделеуді қажет етеді.

Сан ғасырлық тарихы бар қазақ елі, қазақ жері теріс пиғылды адамдардың көз сұғына айналғаны да жасырын емес. Президент сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» замандардан бері ұлтымыздың небір нәубетті көргенін ашық жазады, ашып жазады. Қ.К.Тоқаевтың «Бостандық бізге оңай келген жоқ» деген сөзі ұлт жүрегіне жетті ғой деп ойлаймын. Әсіресе, 1921-22 жылдардағы нәубеттен бері 100 жыл өтсе де, осы зұлматтың шындығы әлі күнге тарихи, саяси тұрғыда бағаланбағанына назар аудартады.

Ашаршылық, қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау, тізімін жасау, ақиқатты қалпына келтіру – бостандық пен елдік жолында шейіт болған боздақтардың алдындағы өтелмеген парыз. Қызыл қырғын, зұлмат сүргін, соғыстың зардабы, сай-салада шашылып қалған ақсөңке сүйектер, жат жерді жастанып көз жұмған босқындар тағдыры – жанкешті қазақ елінің басынан кешкен әлемдік тарихта сирек болатын ұлы нәубет. Биыл оған да 100 жыл толмақ. Өткенге салауат айту үшін де осы қасіретті шежірені архив деректерімен, бұлтартпас құжаттармен айғақ-тау – ұрпаққа борыш, ұлтқа сын. Бұл ретте таяуда ғана Президент Жарлығымен құрылған Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға жауапкершілік жүгі артылары анық. Президент мұны ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен шешу керектігін дұрыс деп біледі. Президент сөзі мығым, нақты әрі берік.

Мемлекет басшысы жазғандай, ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғаймыз. Осындай қастерлі, уәлі сөз жүрекке жетіп жатыр, халық сенімін нығайтып отыр.
Ел мен жер – егіз ұғым. «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды». Президент айтқан келісті ой, кесімді сөз осы, ағайын!

Индира АТАЙБЕКОВА,
Ш.Смаханұлы атындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.