Әне-міне дегенше күз де келді. Жұмыс науқаны қызып, дүйім жұрт қыстың қамына кірісіп те кетті. Ал қала жұртшылығын алаңдататын – әрине, жылыту маусымы. Бұл орайда, ыстық су мен жылуды уақтылы ала аламыз ба? Қала көшелерінде көктем айларынан басталған жылу құбырларын жөндеу жұмыстарын мердігер компания мерзімінде аяқтайды ма? Бұл сұрақтардың жауабын рейд барысында табуға тырыстық.

Арайлым Шабденова

Тараз қалалық мәслихатындағы «Nur Otan» партиясы фракциясы жанындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымын, сумен және жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту, тұрғын үй инфрақұрылымын нығайту жөніндегі комиссия шаһардың бірқатар нысандарын аралап көрді. Жалпы Тараз қаласы жылу құбырларының ұзындығы 190 шақырымды құрайды. Қазіргі таңда соның 9,3 шақырымында ескірген құбырларды қайта жаңалау жұмыстары жүргізілуде. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында биыл жалпы 45 жобаны іске асыруға 16,6 миллиард теңге қарастырылған екен. Оның ішінде жылумен қамту жүйелерін жаңалау жұмыстарына республикалық бюджеттен 7,6 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінген. Қарастырылған қаражат аясында 2 жобаны жүзеге асыру жоспарланған екен. Соның бірі – қала ішіндегі жылу магистралін қайта жаңғырту.
Бұл орайда, комиссия төрайымы, қалалық мәслихат депутаты Эльмира Мырза-Ғали бастаған топ, оның ішінде облыстық мәслихат депутаттары Абай Нұржанов пен Арман Еділбаев, «Nur Otan» партиясы Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов және комиссия мүшелері алдымен Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді батыр, Ниетқалиев, Жамбыл даңғылы көшелерімен өтетін М-4 жылу магистралін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Сонымен қатар комиссия мүшелері Қазыбек би және Ташкент көшелерінің қиылысында болып, онда бірқатар олқылықтардың барына көз жеткізді. Нысан толығымен 31 тамызда аяқталуы керек екен. Дегенмен жұмыс аяқталмаған.
– Бірқатар қолбайлау болған мәселелердің кесірінен екі аптаға кешігудеміз. Көшелердің тарлығынан техникалар да кіре алмады. Электр кабельдерін жылжытайын десең, астында су құбыры бар. Сондай-ақ Төле би көшесінің бойындағы екі бірдей көпір де жұмыстың барысына кедергі келтірді, – деді «Techno Construction Company» ЖШС-нің техникалық директоры Мелдихан Нұрышов.
Содан кейін депутаттар Ниетқалиев көшесінде жүргізіліп жатқан М-2 жылу магистралін жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. Мұнда да жағдай мәз емес. Жұмыс қарқыны аса байқалмайды. Ыстық су жүретін құбырлар да толық жалғанбаған. Мұны жауапты мамандар Ресейден келетін құбырлардың уақтылы жеткізілмегенінен дейді. Бірақ бұл нысанның тапсырылу уақыты қазан айында. Мердігер компания үлгереміз деп уәде берді.
Сондай-ақ қалалық мәслихат депутаттары мен комиссия мүшелері одан әрі «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында құрылысы жүріп жатқан №15 ықшам ауданға барып, жұмыс барысымен танысты. Комиссия мүшелері құрылысы аяқталған көпқабатты үйлердің құрылыс сапасын тексеру мақсатында үй-үйді аралап көрді.
– Жалпы қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, яғни құбырларды ауыстыру белгіленген уақыттан кешеуілдеп басталған. Рейд барысында бірқатар олқылықтардың да орын алғанын көрдік. Тіпті кейбір нысан жылыту маусымына дейін аяқталады дегенге сеніңкіремей тұрмыз. Өйткені құбырлар толығымен көршілес елден алып келінбеген. Ал оның барлығы құрылыс басталмай тұрғанда жасалыну керек. Жалпы кемшіліктердің орнын толтыру, берілген мерзімде аяқтамаған мердігер компанияның жұмысын партиялық бақылау комиссиясының отырысында қарайтын боламыз, – деді облыстық мәслихат депутаты Абай Нұржанов.
Партия жанындағы комиссия бұл жұмыстар аяқталғанша нысанды толығымен назарында ұстамақ. Бастысы, сапасы сын көтеріп, айтылған уәде уақытында орындалса болғаны.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған