Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік қызметтегі оң өзгерістер

0 212

Кез келген мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуында мемлекеттік қызметтің қосар үлесі орасан зор. Еліміздегі саяси-экономикалық жағдайдың тұрақтылығы мен қоғамдық қатынастардың қалыптасуы мемлекеттік қызметке тікелей байланысты.

Бүгінде мемлекеттік қызмет саласындағы мамандардың білім-біліктілігімен қатар, адами қасиеттеріне талап қойылатыны анық. Елбасы Н.Назарбаевтың еліміздің дамыған мемлекеттердің отыздығына кіру мақсатында жариялаған «Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамның» бірінші бағдарламасын кәсіби мемлекеттік аппаратты құруға арнап, мемлекеттік қызметтің кәсібилігін арттырып, мемлекеттік қызметшілерді халыққа қызмет етуге шақырған бағытының өзі осының дәлелі. Себебі заманауи мемлекет құруда кәсіби аппараттың рөлі өте зор.
Мемлекеттік қызмет саласын заман талабына сай жетілдіріп, сапасын жақсарту, мемлекеттік қызмет деңгейін көтеру, кадр саясатын мемлекеттік саясатқа сай жүйелеу сынды көптеген мәселелерді шешу – бұл реформалардың басты мақсаты.
Жалпы мемлекеттік қызметшілер қарапайым халықпен етене жұмыс істейтін, халыққа ең жақын адамдар болып табылады. Ол халықтың мұң-мұқтажын, әлеуметтік жағдайын жетік білетін, азаматтардың мәселелерін дер кезінде шешу бағытында тиісті жұмыстарды ұйымдастыра білу қажет. Ол кез келген орында, лауазымда, қандай жағдай болса да халықтың, өз елі азаматтарының сенімін жоғалтпай жұмыс істеуі керек. Бұл үшін білім мен кәсіби тәжірибе, қызметке деген адалдығы мен жауапкершілігі, Отанға деген ұлтжандылық рухы маңызды.
Мемлекеттік аппараттың әлеуетін одан әрі жетілдіру мақсатында 100 қадамның 5,6-қадамында көрсетілгендей, мемлекеттік қызметшілерді ынталандыру үшін қызметінің нәтижесіне қарай еңбек жалақысын көбейту көзделіп отыр. Осыған орай, мемлекеттік қызметкерлер үшін жеке жылдық жоспарларды орындау, ал мемлекеттік органдар үшін стратегиялық жоспарларды орындау өлшемдері алдағы уақытта қолданылатын болады. Бұл өз кезегінде белгілі бір мақсатқа, нақты нәтижеге қол жеткізуде түпкі көзделген міндеттің орындалуына әкеледі.
Әрине, жұмыстың жемісті болуының тағы бір кепілі – әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың дұрыс болуы. Мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік құқықтарын көтеру және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз ету қажет. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшінің бойындағы моральдық жауапкершілігі, кәсіби деңгейі мен құзыреттілігінің сәйкестігі, оны тәжірибеде қолдана білуі, сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілігі, әділдігі, адалдығы, белсенді өмірлік ұстаным қасиеттері жоғары бағаланады.
Бүгінгі таңда кадр саясатының өзекті мәселелерінің қатарында мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында заңдарда белгіленген шектеулер мен тыйымдарды қатаң түрде сақтауы болып отыр. Жергілікті атқарушы органдардың Әдеп жөніндегі уәкілі бекітіліп, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен заңды мүдделері бұзылған жағдайда оларды қорғауға, олардың қызметтік әдебіне, атқарып отырған қызметі мен іс-әрекетіне, заң нормалары талаптарының сақталуына, қызметтен тыс уақыттағы мінез-құлқына бақылау жүргізіп отырады. Бұл да мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыруда оң нәтиже екенін көрсетуде. Сонымен бірге сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін арттыру, оған қарсы қозғалысқа бүкіл қоғамды тарту және қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мүлдем төзбеушілікті қалыптастыру бағытында түрлі форматта түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызмет персоналын басқаруды жетілдірудегі «е-қызмет» жүйесі құрылып, кадрлық іс-қағаздардың басым көпшілігі жүйеге енгізілді. Осы ретте, қағаз түріндегі құжат айналымының қысқаруы, мемлекеттік қызметке үміткерлерді іріктеу конкурстарының ашықтығы жарияланып, кадр қызметінің тиімділігі артуда. Жалпы айтқанда, елдің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын дамытатын – мемлекеттік қызметші. Сондықтан еліміздің қоғамдық-саяси тұрақтылығы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жолында барлық күш-қайратымызды жұмсап, абыроймен қызмет ету мәртебелі, мерейлі міндет дей келе, мемлекеттік қызмет саласындағы оң өзгерістердің болуына әрбір мемлекеттік қызметшінің үлесі бар.

Күлзахира АМАНЖОЛОВА,
Жамбыл облысы бойынша Ішкі
мемлекеттік аудит департаментінің
қаржылық есептілік аудиті бөлімінің
бас маманы, мемлекеттік аудиторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.