Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі

0 468

Еліміздегі барша халықтың басын біріктіруші фактор ретінде қазақ тілін ілгерілету – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Себебі, тіл – ұлттың жаны, рухы, ұлттық нышаны. Ал мемлекеттік тіл – Қазақстан халқын ұйыстырушы ұлы күш.

Бұл орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл – отаншылдықтың басты белгісі», – деген сөзі мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындай түсетіні сөзсіз.
Тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі заң жүзінде бекітіліп, оның қолдану аясын кеңейту жолында түрлі бағдарламалар мен стратегиялық жобалар жүзеге асырылып келеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабында: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп нақты жазылған. Бұл бап – тек заңдық норма ғана емес, сонымен бірге ел азаматтарының жүрегінде жатталып, санасында сіңуі тиіс ұлттық ұстаным.
Қазақ тілі – ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар аманаты. Ол тек қарым-қатынас құралы емес, халқымыздың тарихы, мәдениеті, дүниетанымы, салт-дәстүрі мен рухани әлемі сақталған алтын қазына. Сондықтан да мемлекеттік тілдің дамуы – елдің рухани жаңғыруының басты шарты. Тілді құрметтеу – ата-бабаны құрметтеу, ұрпақ алдындағы парызды өтеу.
Мемлекеттік тіл – тек қазақ ұлтының ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың ортақ тілі. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Демек, елдегі түрлі этнос өкілдерінің ортақ тілде сөйлесуі олардың өзара түсінісуі мен татулығына жол ашады. Осы тұрғыдан алғанда мемлекеттік тіл ұлттар мен ұлыстар арасындағы алтын көпір, ынтымақ пен бірліктің іргетасы екені сөзсіз.
Қазіргі таңда өзге ұлт өкілдерінің қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығы артып келеді. Бұл – еліміздегі тіл саясатының жемісті нәтижесі. «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» қағидасын ұстанған еліміз үшін мемлекеттік тілдің ортақ құндылыққа айналуы – стратегиялық маңызды мәселе. Бұған ел Президенті биыл өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында арнайы тоқталған еді.
– Этносаралық қатынастар мен ұлттық бірліктің бүкіл құрылымы «Біз – әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз» деген мызғымас қағидаға негізделген. Мемлекет азаматтардың ұлтына, діни нанымына немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамай, бәріне бірдей әділ әрі тең жағдай жасайды. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы. Біз популистік асығыс шешімдерден бойымызды аулақ ұстаймыз. Әрқашан нақты жағдайға қарап, байыпты саясатты басшылыққа аламыз. Бұл, ең алдымен, мемлекеттік тілдің мәртебесін этносаралық қатынас тілі ретінде бекіту мәселесіне тікелей қатысты.
Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктивті әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз, – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болатынын баса айтты.
Қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесі – халқымыздың тәуелсіз ел ретіндегі ең басты белгілерінің бірі. Оны қорғау, дамыту, дәріптеу – әрбір қазақстандықтың қасиетті борышы. Ел бірлігі мен татулығының кепілі ретінде мемлекеттік тілдің орны ерекше. Тілге деген құрмет – елге деген құрмет. Сондықтан да «Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі» деген сөз жай ұран емес, ұлттың ұлы мұратына айналуға тиіс.

Жұматай Көксубай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.