Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар түгел анықталып, жауапқа тартылуы тиіс!

0 1  254

ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, “Ақ жол” фракциясы мүшесі Қазыбек Иса ҚР Бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетовке және ҚР Президенті жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкіл Э.Азимоваға депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі kznews.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекеттік төңкеріс жасаушыларды бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу керек.

Талайды көрген тарихымызда 2022 жылғы қаңтардағы қанды қасірет бүкіл елімізді дүр сілкіндірді. Мемлекеттік төңкеріс жасамақ болғандар өз мақсаттарына жетуі үшін тіпті, ең қасиетті Тәуелсіздігіміздің өзін құрбан ете жаздады. Мемлекетіміз сақталып қалды, құдайға шүкір, бірақ қаншама адамның қаны төгілді… Пейіште рухтары шалқып, Имандары саламат болсын.

Басында әлеуметтік әділеттіліктер сұрап, бейбіт митингіге шыққан шерушілерді кейін Алматыдан бастап, көптеген қалаларда арнайы дайындалған бүлікшіл топтар пайдаланып кетіп, заңды шерудің арты қанды шеруге айналды.

Қаңтардағы қырғында 227 адам қаза тапты. Жалпы 4500-ден астам адам зардап шегіп, 4353 адам түрлі жарақат алған.

Мұндай қасиетті қазақ тарихына қара таңба салған қанды қасірет қайта қайталанбауы үшін, Мемлекеттік төңкерісті жасамақ болған кімдер, басшысы кім, қосшысы кім, орындаушылары кімдер, бәрі толық анықталып, түгел жауапқа тартылуы тиіс!

Ереуіл кезінде бейбіт шеруге шыққандары үшін ғана көп адам, әсіресе, жастарымыз жазықсыз тұтқындалып, соққыға жығылып, азапталып жатқандары туралы нақты мәліметтер мен видеолар келуде. Әлеуметтік желілерде де жиі жазылуда.

Тек қылмыс жасағандар ғана жауапқа тартылуы тиіс!

Бұндай жазықсыз жандарды тұтқындап, азаптау нағыз арандату, мемлекетке, Президенттің саясатына қарсы қасақана жасалып жатқан қастандық деп санаймыз.

Өйткені, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір істің әділ тергелуін, тіпті ауырлататын мән-жай болмаса, жазаларын жеңілдету керек деген талап қоюда.

Біз заң бұзушылардың есіне Конституцияның 13 бабы бар екенін саламыз. Әркімнің өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына және білікті заң көмегін тегін алуға құқығы бар.

Әркімнің әрекетіне әділ баға беру үшін, алдымен лаңкестер мен экстремистерді, содырлар мен қарақшы-тонаушыларды бір бөлек, ал бейбіт шеруге шығушыларды бір бөлек қарастыру керек. Түрлі ақпараттарға қарасақ, қазір содыр жейтін соққыны момын да жеп жатыр… “Ақ жол» партиясы түсіп жатқан арыздарға байланысты осындай талаппен бұған дейін де бірнеше рет Бас прокуратураға хат жазған болатын. Сонымен бірге арыздар көбейгендіктен, Президент жанындағы Адам құқы жөніндегі уәкілдіктің арнайы топтарына жергілікті мәслихат депутаттарын қосуды ұсындық.

Айта кету керек, осы уәкілдіктің Азаптаулардың алдын алудың ұлттық тетігі құрамын кеңейту керек. Өйткені, кей өңірлерде 4-5 адамнан артпайды. Бұлар әр қаладағы тұтқында ұстау мекемелерін араласа, бір адамнан да жетпейді. «Ақ жол» партиясы өздерінің қосатын адамдарының тізімін дайындап қойды.

Біз тергеудің әділ әрі ашық өтуін талап етеміз!

Ереуілден кейін елде болып жатқан адам құқын аяққа таптау мәселелеріне Мемлекеттік хатшы Ерлан Қарин де баса назар аударып, бұны «арандатушылық» деп бағалап, қоғамдық комиссиялар құруды қолдады.

Қазір бірнеше қоғамдық комиссиялар құрылып, алды іске кірісуде.
Иә, халықтық бақылау ғана заңсыздықтың жолын кесуге зор үлес қосады.

“Ақ жолдың” ұсыныстары:

1.Мемлекеттік төнкеріс жасамақ болғандар толық анықталып, жауапқа тартылуы қажет.

2. Шабуыл жасаған бүлікшілер мен бейбіт шерушілерді екі бөлек қарастыру керек

3. Тергеуді заң жолымен әділ өткізу керек: қамаудағыларды азаптауды тоқтатып, адвокаттарға жол ашылуы тиіс. Жаралыларды ауруханаларға жатқызу қажет.

4. Адам құқы мен бостандықтары сақталып, тергеудің әділ де, ашық өтуін тексеру үшін Адам құқы жөніндегі уәкілдігі жанынан комиссиялар құрып, парламент пен жергілікті мәслихат депутаттарын, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерін қосу керек.

5. Халықтан түсетін ақпараттар бойынша адам құқықтарын қорғау жұмыстары нәтижелері ашық жариялануы тиіс.

6. Мемлекеттік төңкеріс жасау әрекеті толық тергеліп біткен соң, оның нәтижесін бүкіл ел білуі үшін Парламенттік тыңдау өткізу жөн деп санаймыз.

Құрметпен, «Ақ жол» фракциясы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.