Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мемлекеттік сатып алу ашық әрі әділ өтуі керек

0 367

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте «Асарлатып үй салу», өткен жылғы бюджет қаржысының игерілуі және мемлекеттік сатып алу конкурстарының орындалу барысы қаралып, алда тұрған мақсатты міндеттер нақтыланды. Сондай-ақ он бір округтің инспекторы шаһар басшысының алдында есеп беріп, өздеріне қарасты аумақтағы өзекті мәселелерді көтерді.

Ең әуелі қала әкімі «Асарлатып үй салу» бабадан балаға жалғасқан салтымыз екенін тілге тиек етіп, игі жобадан биыл шаһарлықтар шет қалмауы қажеттігін ескертті. Бұдан кейін қала әкімдігі қаржы бөлімінің басшысы Жеңіс Пәрімбеков сөз алып, шаһар бюджетінің 2022 жылғы қаңтар-желтоқсан айларының қорытындысымен таныстырды. Бөлім басшысының сөзіне сүйенсек, қала бюджетінің кіріс бөлігі 101,7 пайызға жетіп, жоспар 1247,6 миллион теңгеге артық орындалыпты. Оның ішінде өзіндік кірістер 104,3 пайызды құраған.
Өз кезегінде қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Жандос Ордабаев мемлекеттік сатып алу конкурсы хақында баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, бөлім тарапынан өткен жылы 3 миллиард теңгеге 94 лот мемлекеттік сатып алу өткізген. Ал қазір Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі тарапынан жалпы сомасы 955 миллион теңгеге 5 мемлекеттік сатып алу конкурсы ұйымдастырылуда. Оның ішінде Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жамбыл су» ШЖҚ МКК-нен 43 миллион теңгеге 1 конкурс, Тараз қаласы әкімдігінің құрылыс бөлімінен 448 миллион теңгеге 9 лот, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нен 431 миллион теңгеге 2 конкурс және Тараз қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Тараз қалалық өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды қайта әлеуметтендірілуге арналған орталығы» КММ-нен 33 миллион теңгеге 1 конкурс (55 лот) бар.
Ал Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің «Жамбыл су» ШЖҚ МКК-нен 43 миллион теңгеге 1 конкурстың қорытындысы шығарылып, жеңімпазы анықталған.
Қала әкімі Бақытжан Орынбеков баяндамашыларды тыңдағаннан кейін барлық мемлекеттік сатып алу конкурстары ашық әрі әділ өтуі қажеттігін ескертіп, келесі кезекте округ инспекторларының есебіне құлақ түрді. Өздеріне қарасты аумақтың тынысы мен түйткілдерін рет-ретімен баян еткен округ инспекторларының мәселелері бойынша қала әкімі бірден жауапты мамандарға тапсырмасын беріп, жақын арада біржақты шешуді жүктеді. Жол, көшелерді жарықтандыру мен тұрмыстық қалдықтарды шығару бойынша атқарылған жұмыстардың қорытындысын екі аптадан кейін тыңдайтынын ескертті.

Саян ТІЛЕУЖАН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.