Әр ұлттың, әр мемлекеттің өмірінде өшпестей орын алатын, мағынасы терең, мазмұны бай киелі белгілері болады. Ол – сол халықтың болмысын, өткені мен бүгінін, арманы мен мұратын бейнелейтін рәміздері. Рәміздер – құр таңба немесе сурет қана емес, ол – ұлт рухының, мемлекет мәртебесінің, елдің еркіндігі мен егемендігінің бейнесі.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба және Әнұран – тәуелсіздіктің тұмарына айналған қасиетті нышандар. Бұлар халқымыздың асыл армандарынан, бабалардың қанымен жазылған тарихынан, еркіндікке ұмтылған ел жүрегінен тамыр тартып тұр.
Көк Ту – ашық аспанның, кең даланың, тектіліктің белгісі. Оның көк түсі – бейбітшіліктің, тұрақтылық пен татулықтың символы. Ортасындағы алтын күн – нұр мен берекенің белгісі болса, оның астындағы қыран – азаттықтың, еркіндіктің, биік мұраттардың бейнесі. Бұл байрақ тек бір елдің туы ғана емес, бұл – ұлттың рухы, елдің еңсесі. Ол самал желмен желбіреген сайын әр жүрек тебіреніп, көкіректі мақтаныш сезімі кернейді.
Елтаңба – ел тарихының, халықтың жан дүниесінің көрінісі. Ондағы шаңырақ – қазақ халқының бірлігін, отбасының тұтастығын бейнелейді. Шаңырақты айнала қоршаған уықтар – түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңырақ астында біріктірген татулық пен келісімнің белгісі. Қос пырақ – еркіндікке ұмтылған елдің ерлігін, бабалардан мирас болған батырлықты білдіреді. Ал жарқыраған бес бұрышты жұлдыз – ұлттың жарқын болашағына деген сенімді, биік мұратқа бағыт алған жолды меңзейді. Елтаңбадағы әрбір таңба – ғасырлар қойнауынан сыр шертетін рухани хат іспетті.
Әнұран – халықтың жүрегінен шыққан үні, ұлттың жанын тербеген саз. Оның әрбір сөзі – елдің ертеңіне деген сенім, әуені – бабалар ерлігінің жаңғырығы. Әнұран шырқалған сәтте ел намысы оянып, жүрек дүрсілімен бірге елге деген махаббат та шарықтайды. Бұл – халықтың ар-намысы мен абыройының айнасы.
Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздіктің тұғыры, елдіктің еңсесі. Олар – ұлттың рухани діңгегі, халықтың намыс пен жігерінің жарқын көрінісі. Рәміздер арқылы біз тарихымызды танып, болашағымызға жол саламыз. Сол үшін әрбір азамат мемлекеттік рәміздерді қадірлеп, қастерлеуге тиіс. Бұл – туған жер, тәуелсіздік алдындағы ең асыл борыш. Бүгінгі ұрпақтың ең басты парызы – осы қасиетті рәміздерге лайық болу. Туға қарап жүрегіңнің дүрсілін сезіну, Елтаңбаға қарап елдік мұратты тану, Әнұранды айтып тұрып еліңе қызмет етуді армандау – нағыз патриоттың белгісі.
Бабалар аманатына адал болу үшін, әрқашан мемлекеттік рәміздерімізді жоғары ұстап, оларды мақтанышпен қадірлеу – қасиетті борышымыз.
Абзал Есіркепов
Тараз қаласы «Жастар ресурстық орталығы»
КММ директоры