Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Мемлекет кадр даярлауды күн тәртібінен түсірмеуі керек»

0 227

Тәуелсіздік таңы атқалы бері елімізде сайлау жүйесін оңтайландыруға барынша көңіл бөлініп келеді. Бірнеше рет өзгеріске ұшыраған аталған жүйе бүгінде өзінің демократияға негізделген үлгісін сақтауда. Бастысы, Ата Заңда көрсетілген ел азаматтарының құқығы сақталып, сайлау жүйесі жемісін берді.
Әлемде ақпан айының алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде аталып өтіледі. Осы айтулы күн қарсаңында облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Серғали Өмірзақұлы, алда Дүниежүзілік сайлау күні келе жатқаны белгілі. Осы датаның жай-жапсарына тоқталып өтсеңіз…
– Иә, ақпанның алғашқы бейсенбісі Дүниежүзілік сайлау күні ретінде 2005 жылы Будапештте (Венгрия) өткен сайлауды ұйымдастырушылардың жалпы конференциясында және БҰҰ қолдауымен сайлау органдарының кәсіби мерекесі ретінде белгіленген. Биыл бұл мереке 3 ақпанға сәйкес келіп отыр. Дүниежүзілік сайлау күні халықтың назарын азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету және сайлау үдерістерін жетілдіру мәселесіне аударуға арналған. Бұл күн азаматтардың сайлауға жалпы дауыс беру құқығын атап өтеді және жаһандық демократия үдерісін нығайтуға, сайлау туралы білімді арттыруға және олардың дауыс беруге қатысуын ынталандыруға бағытталған. Айтулы күнге орай облыстың аумақтық сайлау комиссиялары іс-шаралар даярлап, түрлі форматтарда өткізуді жоспарлап отыр.
– Бүгінде елімізде мажоритарлық сайлау жүйесін енгізу туралы ұсыныстар да айтылуда. Бұл ұсынысқа көзқарасыңыз қандай?
– Еліміз 1991 жылы өз тәуелсіздігін алғаннан бастап осы күнге дейін демократияландыру үрдісін жүргізіп келеді. Яғни демократиялық дамыған елдерге сай, Конституциясы қабылданып, биліктің үш тармағы орнатылды, сөз бостандығы жарияланды, цензураға тыйым салынды, жалпыға бірдей сайлау құқығы енгізілді. 30 жылдан астам уақыт ішінде елімізде Парламент депутаттарын сайлау да бірнеше рет өзгертілді. Ең алғашқы болып мажоритарлы жүйе қолданылса, одан кейін аралас жүйе енгізілді. Бүгінде мажоритарлы жүйе бойынша бір мандатты округтен көпшілік дауысқа ие болған үміткер сайланады. Ал аралас сайлау жүйесінде бүкіл мандаттардың тек бір бөлігі партиялық тізіммен, қалған бір бөлігі жекелеген үміткерлерге дауыс беру арқылы анықталады. Жоғарыда айтылған сайлаудың екі жүйесі де елімізде қолданыста болған.
– Былтыр ауыл әкімдерінің сайлауы өтті. Алдағы уақытта аудан әкімдері де сайланады деп күтілуде. Осы науқан еліміз үшін не берді? Халық өзінің таңдаулыларын іріктей алды ма? Жұрт арасында «бұл науқан руаралық тар- тысты өршітті» деген қауесет- тер де бар…
– Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асырудың ұлттық жоспарына сәйкес, салыстырмалы көпшіліктің мажоритарлық жүйесін пайдалана отырып, 2021 жылы 24 мамырда «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы», «Саяси партиялар туралы» және «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарына ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерін азаматтар тікелей сайлау көзделген өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Осыған орай өткен жылдың ІІ жартыжылдығында Жамбыл облысы бойынша 53 сайлау округінде (оның ішінде Талас ауданы Қаратау қаласы, Шу ауданы Шу қаласы) аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Жалпы үстіміздегі жылдың екінші жартыжылдығында облыс бойынша ауыл, аудандық маңызы бар қала әкімдерінің 33,97 пайызы тікелей сайлауға түсіп сайланды. Облыс бойынша аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің өткізілген сайлау қорытындысы бойынша сайлау учаскелерінде сайлаудың қорытындысын жарамсыз деп тану туралы негіз болмағанын, сайлау бюллетеньдерін қайталап санау фактісінің тіркелмегенін, сондай-ақ соттарға, жоғары тұрған комиссияға жекелеген учаскелік сайлау комиссияларының іс-әрекеттері туралы арыз-шағымдардан басқа, байқаушылар мен сайлаушылар тарапынан арыз-шағымдардың түспегендігін ескерсек, халық өзінің таңдауларын жасай алды және олардың ойынан шықты деуге негіз бар. Сондай-ақ әкімдерді сайлау елімізде кенже дамып келе жатқан азаматтық қоғамды қалыптастырудың басты көрсеткіші ретінде көрініс тауып, жоғарыда сіз айтып отырған рулық- туыстық байланыстар сыналып, оның қоғамда мемлекеттік сана қалыптастыра отырып, азаматтық ұлтқа ұласуымызға жол ашты деп айтуымызға болады. Мәселен, бізде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік мәдениеті осыдан он жыл бұрын жоқ еді. Халықтың бойында мұндай әлеуметтік иммунитет қалыптаспаған болатын. Ал қазір жұрт жемқорлықты, оған жол беруі мүмкін кез келген жағдайды айыптайды. Ауыл әкімдерін сайлау кезінде де халықтың басым көпшілігі осы ұстаным төңірегіне шоғырланып отыр. Дәл қазір маңыздысы – әділ сайлау өткізу, халықтың тікелей дауыс беруі және сайланған тұлғаның атқарған қызметін бақылай алуы, сол арқылы мемлекет басқаруға қатысуы, әрбір қоғам мүшесінің дара тұлға екендігіне кепілдік береді. Сондай-ақ әкімдерді тікелей халықтың сайлауы, халықтың саяси мәдениетіне де әсер етуде. Бұл – саяси реформа деп атауға тұрарлық айтарлықтай өзгеріс. Ал енді халық сайлаған әкімдердің атқарып жүрген қызметі көпшіліктің ойынан шығады ма, жоқ па, оны келешек көрсетеді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз Жолдауында 2024 жылы аудан әкімдерін тікелей сайлаудың пилоттық жобасы енгізіледі деді. Бұл саяси науқан алдағы тұрған жылдардың еншісінде.
– Биылдан бастап сайлау процесін бақылайтын еріктілерді оқыту қолға алынуда. Бұл қалай жүзеге асады, мұның берер қандай пайдасы бар?
– Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамытудың объективті процестерімен және жергілікті әкімдерді тікелей сайлаумен толықтырылған осы күн тәртібі, сайлау процесінің барлық субъектілерін сайлауды өткізудің заңнамалық және ұйымдық-технологиялық негіздерінің, оның ішінде қазіргі заманғы әлемдік практиканы ескере отырып, сайлауды байқау жүйесін сайлау процесінің дербес және тәуелсіз сегментіне айналдыру. Сондықтан байқау институтын кәсібилендіру жөніндегі одан арғы жұмыс халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнамада қолданылатын байқау регламенттеріне байқаушыларды оқытуды жоспарлы ұйымдастырудың қажеттілігі туындауда. Осыған орай Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы №19/434 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған іс-шаралар кешені қабылданды. Оның мақсаты – Қазақстан Республикасындағы сайлау жүйесіне білікті кадрлар даярлау, сондай-ақ сайлау процесіне басқа да қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеру.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыс- тық сайлау комиссиясы өзінің отырысында облысымызда сайлау процесіне қатысушылардың кәсіби деңгейін көтеру мақсатында оқу жоспарын қабылдады. Оқыту процесі екінші тоқсаннан бастап жүргізілетін болады.
– Күні кеше Мәжіліс депутаттары облыс әкімдерін де тікелей сайлау керек деген мәселе көтерді. Қазақ қоғамы бұған дайын ба? Жалпы шет мемлекеттерде бұл тәжірибе қалай жүзеге асырылуда?
– Әрине, құқықтық мемлекет пен әділ азаматтық қоғам құруды демократиялық сайлау процесінсіз елестету мүмкін емес. Сондықтан сайлау институтының қазіргі заманғы демократиядағы маңыздылығын ескере отырып, елімізде жоғарыда айтып өткенімдей, демократиялық сайлау процесі іске асырылуда. Облыс әкімдерін тікелей сайлау туралы мәселе көтермес бұрын өткен жылғы тікелей сайланған аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімдерінің есепті жылда атқарған жұмыстарын зерделеп, ол сайлау жүйесі қоғамның әлеуметтік-экономикалық дамуына қаншалықты оң үрдіс бергендігін айқындап алуымыз керек деп ойлаймын. Одан кейін алдымызда аудан әкімдерінің сайлауы тұр. Менің айтайын дегенім, мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құрылымдарын өзгерту оңай, ал оларды заман талаптарына сай кәсіби деңгейі жоғары кадрлармен сайлау жүйесімен бе, әлде жоғарғы органдардың бекітуімен жасақтау үлкен саяси және ұйымдастыру жұмыстарын талап етеді. Сондықтан екі жағдайда да мемлекет кадр даярлауды күн тәртібінен түсірмегені абзал. Ал жергілікті басқарудың қазіргі заманғы шетелдік тәжірибесі континенталдық модельді көбірек таңдайды, мұнда муниципалдық мэрі сайланбалы жергілікті кеңестің төрағасы және мемлекеттің өкілі болып табылады. Модельдің артықшылы- ғы – басқару рәсімдерін жеңілдету және қызметкерлер құрамын оңтайландыру.
Көптеген шет мемлекеттердің тәжірибесі көрсетіп отырғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы орган басшысының өз сайлаушылары алдындағы жауапкершілігі оның жұмысының нәтижелеріне оң әсерін тигізеді. Сондықтан шет мемлекеттер тікелей сайлау жүйесін таңдайды.
– Аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері қандай критерийлер бойынша сайланады? Сайлау процесі кезінде сайлау комиссиясы мүшелері мен БАҚ өкілдерінің арасында бірін-бірі түсінбеушілік жағдайы фактілері болды ма?
– «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңының 10-шы бабының 3-ші тармағына сәйкес, сайлау комиссияларының құрамдарын тиісті мәслихаттар қалыптастырады. Сайлау комиссияларының өкілеттiк мерзiмi бес жылды құрайды. Аумақтық және учаскелік сайлау комиссия- ларының мүшелерін саяси партиялардың ұсыныстары негізінде тиісті мәслихаттар сайлайды. Әрбiр саяси партия тиiстi сайлау комиссиясының құрамына бiр кандидатура ұсынуға құқылы. Саяси партия сайлау комиссиясының құрамына осы саяси партияның мүшелерi болып табылмайтын кандидатураларды ұсынуға құқылы. Ал сайлау комиссия- сының төрағасы, төрағасының орынбасары, хатшысы сайлау комиссиясының отырысында сайланады. Әлбетте сайлау процесі кезінде БАҚ-тың рөлі ерекше.
Олар Конституциялық заңда белгіленген сайлау алдындағы науқан барысы туралы және сайлау күнгі, сайлаудан кейін сайлау қорытындысын ақпарат құралдарында объек- тивті жазып-көрсетуді жүзеге асырады және сайлау процесін байқауға қатысады. Сайлау комиссия мүшелерімен жұмыс істеу барысында кейбір түсінбеушіліктер орын алған жағдайлар болды. Мысалы, пандемия кезінде өткен сайлауларда БАҚ өкілдерінің кейбіреулерінде ПТР-тесттен өткендігі туралы анықтаманың болмауы, санитарлық талаптарға байланысты олардың сайлау процесіне қатысуына мүмкіндік бермейді. Сайлау процесіне қатысушы БАҚ өкілдерінің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Орталық сайлау комиссиясымен бекітілген оқу жоспарына сәйкес, сайлау барысында қалай жұмыс жасау керектігі туралы семинарлар, тренингтер облыстық ішкі саясат басқармасымен ұйымдастырылып тұрады. Біздің облысымызда сайлау науқаны кезінде дәл осы тақырыпқа ешқандай наразылық түскен жоқ.
– Елімізде тіркелген партиялардың басым көпшілігі тек сайлау кезінде ғана «ояна бастайды». Сіздің ойыңызша, бұл біздегі партияаралық бәсекелестіктің жоқтығын білдіре ме?
– Қазақстанда алты саяси партия тіркелгенімен, біздің облысымызда сайлауға қатысуға ниет білдірген 5 саяси партияның филиалдары сайлау науқандарына қатысуда. Олар «Nur Otan» партиясы, Қазақстанның «Ауыл» социалды-демократиялық партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» Демократиялық партиясы, «ADAL» саяси партиясы және Қазақстан Халық партиясы.
Парламент Мәжілісі депутаттарын және мәслихат депутаттарын сайлауда пропорционалды сайлау жүйесің қолданылуы, барлық саяси партиялар үшін үлкен сынақ болды, себебі сайлаушылар сайлауға қатысқан саяси партияларға дауыс береді. Жеңіске жеткен партиялар Парламент Мәжілісінде және мәслихаттарда депутаттық мандаттарға ие болады. Өткен сайлаулардағы саяси партия- лардың атқарған жұмыстарын саралайтын болсақ, партиялық-саяси активтің кәсібилігін арттыру мәселесі үнемі назарда болуы керектігі байқалды.
Қазақстан Республикасында сайлау процесінің қатысушыларын оқытуды ұйымдастыру жөніндегі 2022 жылға арналған шаралар кешенінің негізінде саяси партиялардың өкілдерін де оқыту жоспарланған.
– Біздегі құқықтық мәдениетті қалыптастыру үшін қандай шараларды қолға алған жөн?
– Сайлаушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен Қазақстан аумағында сайлау институтын қалыптастырудың тарихи-құжаттық негіздері бойынша бірегей ғылыми зерттеу жүргізілді. Соның қорытындылары бойынша «Қазақстандағы сайлау тарихы» монографиясы жарық көріп, оның 3 мың данасы еліміздің кітапханаларына таратылды. Қазақстан Республикасында сайлау жүйесін дамытудың қазіргі заманғы кезеңін одан әрі зерттеудің екінші шығарылымын дайындау жүргізілуде.
Болашақ және жас сайлаушыларды электораттық-құқықтық ағарту іс-шараларын ұйымдастыру үшін жалпыреспубликалық деңгейде құжаттардың әдістемелік кешені, яғни мектеп Президентін және қалалық мектептегі өзін-өзі басқару көшбасшысын сайлау, ЖОО студенттері арасындағы олимпиада, жас мемлекеттік қызметшілер арасындағы конкурс, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының Парламентаралық Ассамблеясына қатысушы мемлекеттер азаматтарының сайлау құқықтарын сақтау халықаралық институты (бұдан әрі – ТМД ПАА ДДМХИ) бірлесіп халықаралық студенттік ғылыми пікірталастар әзірленді және енгізілді.
Сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы қалыптастырған Сайлау құқығы және сайлау процесі мәселелері бойынша тақырыптар тізбесі еліміздің жоғары оқу орындарына студенттердің, магистранттар мен докторанттардың курстық және дипломдық жұмыстары ретінде ұсынылды.
– Сіздің пікіріңізше, бүгінгі күннің әкімі қандай болуы керек немесе қазіргі басшыларға қандай қасиет жетіспей жатыр?
– Олар ең алдымен стратегиялық жоспарлау мен басқарушылық шешім қабылдау секілді қабілеттерге ие болуы тиіс. Жасыратыны жоқ, бізде кейде өз мамандығы бойынша кәсіби деңгейі төмен, өмірлік тәжірибесі мүлде аз, халықпен сөйлесуді білмейтін жастар жоғары лауазымдарға қабылданады. Міне, қателіктер осындай кадрлардан шығып жатады. Оның деңгейін көрген халықтың да, бағыныштыларының да жұмысқа деген ынтасы азая- ды. Ал кадрлар үлкен басқарушылыққа жету үшін барлық сатылардан өтуі керек. Өзінің қабілетін сол сатыларда көрсеткен адамға ғана сенім білдіруге болады.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Құрбанәлі Шахабай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.