Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мамандық таңдау – келешегіңді таңдау

0 339

«Өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспе. Біріншісі – жар таңдауда, екіншісі – мамандық таңдауда» деген аталы сөз әрбір мектеп бітірген түлекке таңсық емес. Иә, мамандықты қате таңдасаң, мамыражай ғұмыр кешпейтінің анық. Сол үшін өзіңнің оң жамбасыңа келетін салаға бағыт бұрған дұрыс. Бірақ технократтар дәуірінде өзімнің таңдауым деп гуманитарлық мамандыққа барып, сан соғып қалмайтыныңызға кім кепіл?!

Шапағат Әбдірұлы

Түлектердің басым көпшілігі шығармашылық емтихан тапсыратын мамандықтарды таңдап жатады. Оның бір себебі – емтихан тапсыру оңай деп есептесе керек. Сосын шығармашылық мамандықтарға түсіп алған соң, басқа салаға ауысып жататындары аз емес. Алайда екі жыл болды, ол жолдың да алдына тосқауыл қойылған. Яғни қазіргі таңда бір мамандықтан бір мамандыққа ауысу үшін сол ауысатын мамандық бойынша тағы да тест тапсырасыз, сосын ғана басқа мамандыққа ауыса аласыз. Шығармашылық мамандықтарды таңдаған студенттердің ішінде көбі сол шығармамен айналыспайды екен. Мысалы, дизайн мамандығын таңдағанмен, оның ішінде аяқ киім жобалап тігуге мамандар тапшы. Ал журналистиканы таңдап түсетін студенттердің 85 пайызы журналист болып шықпайды екен. Мысалы, оқуға 70 студент түссе, соның ішінде 10-ы ғана шығармашылықта қалатын көрінеді. Елімізде шамамен 129 жоғары оқу орны жұмыс істейді. Оның ішінде 33 ЖОО – мемлекеттік, 92-сі – жекеменшік, төртеуі шетелдік меншік нысаны болып табылады. Ал ел бойынша студенттердің жалпы саны 576 557-ні құрайды. Биылғы оқу жылында студенттердің саны өткен оқу жылымен салыстырғанда 4,6 пайызға төмендеген. Дегенмен мемлекеттік білім беру гранттарының есебінен 196 084 жас білім алуда, бұл студенттердің жалпы санының 34 пайызын құрайды. Ал ақылы негізде 66 пайыз, яғни 380 473 оқиды студент екен.
Қай мамандық жойылмақ?
Оқу орындарының саны жағынан Ұлыбритания, Германия, Жапония сияқты мемлекеттерден басып озып тұрмыз, алайда сол оқу орындарында берілетін білімнен ше? Әлемде 40 мыңға жуық мамандықтың түрі бар десек, елімізде 2030 жылға қарай 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 жаңа мамандық басады деген болжам бар. Тіпті бұдан кейін мамандық деген атаудан өтіп, оның орнын бағдарлама деген сөзбен ауыстыруға көштік. Білім және ғылым министрлігінің мәліметтеріне сүйенсек, 2009 жылдан бастап Қазақстанда 89 мамандық жаңадан ашылған. Оның ішінде бакалавриатта – 15, магистратурада – 13, резидентурада – 50, докторантурада 11 мамандық пайда болған. Ал елімізде 27 пайыз студент экономист болып дайындалады екен. Бірақ, бір қызығы, елде әртүрлі экономикалық мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер саны 13-14 пайыздан аспайды. Ал техникалық-кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарға зәру болып 20 мыңға жуық жұмыс орны бос тұр. Оксфорд сарапшыларының айтуынша, алдағы 20 жылда қазіргі мамандықтардың 47 пайызы жойылады. Ал қазіргі мектеп оқушыларының 65 пайызы болашақта енді пайда болатын мамандықтарды игеруі мүмкін. Шынымен де ұшқан құстай дамыған қоғамда адамдардың орнын роботтар мен жасанды технологиялар басуы ғажап емес. Биыл пандемияға байланысты көп дүние онлайн жүзеге асқанын да көзіміз көріп отыр. Ендеше, болашақта барып-келіп істейтін көп мамандық жойылып кетуі де әбден мүмкін. Мысалы, дәрігер емделушімен «Skype» арқылы байланысады, сәулетші дизайн жасау үшін компьютерлік бағдарламаларды қолданады. Осыған орай кейбір жаңа технологиялардың салдарынан қызметкерлер жұмысынан айырылуы мүмкін. Қазірдің өзінде ұшқышсыз ұшақтар мен жүргізушісіз машиналар және адамсыз сауда кешендері жарыққа шығып болды. Ал ғалымдар мен сарапшылар 2020 жылы эмбрионды емдеу, яғни іштегі ұрықтың ауруын анықтап, бала тумай жатып емдеу маманы, 2025 жылы қарай «галактикалық архитектор» мамандықтары жоғары оқу орындарында ресми түрде ашыла бастайды деп болжам жасап отыр.
Қай мамандықтың болашағы бар?
Инженерлік мамандықтар сұраныста болмақ. Яғни бүгінгі күнде құрылысшылар, технологиялық машиналар мен техникаларды, сонымен қатар машина жасаушылар сұранысқа ие болып отыр. Олардан кейін металлургтер, энергетиктер, мұнай және газ саласының, есептеу техникасының, радиотехника, электроника және телекоммуникация жұмысшылары, сонымен қатар жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің технологиясы мен құрастыру да бар. Және тау-кен ісі, автоматтандыру және басқару, прибор жасау және жылу энергетикасы саласының мамандары тұрады. Ал өнеркәсіпте кәсіби инженерлер, орта топтың техникалық мамандары мен жетекшілеріне сұраныс жоғары. Барлық өнеркәсіп саласында инженер-маркетологтардың және менеджерлердің қажеттілігі артуда, сондықтан бұл да болашағы зор мамандықтардың бірі болмақ.
IT мамандарына сұраныс жоғары болады. Веб-әрлеуші сынды ең жоғары ақылы компьютерлік мамандықтарға сұраныс артпаса, кемімейді. Сондай-ақ нанотехнология үлкен саланың бірі болып қалмақ. Оны микросұлбаларды жасау, наноөлшемдегі роботтарды жасау, сонымен қатар атомдық деңгейдегі инженерия деп үш бөлікке бөліп қарастыруға болады. Бұдан бөлек, нанотехнология барлық ғылым салаларын қамтиды. Қала берді, қазіргі уақытта ауыл шаруашылығында кеңінен қолданылып келе жатқан биотехнология да қажетті мамандықтың біріне айналмақ. Биотехнология молекулярлық медицинада, биофармацевтикалық өндірістерде және басқа салаларда қолданылады. Қазіргі таңда күннен-күнге тұрғындардың табысы артуда, орта санаттың саны да өсуде. Бұл үрдістің көрсеткішінің бірі – күн өткен сайын сапалы сервиске деген қажеттілікті туындатуда. Сондықтан сервиспен байланысты мамандықтарға да болашақта сұраныс артпақ. Сонымен қатар экология мәселесі ендігі болашақтың маңызды тақырыптарының бірі болмақ, өйткені адамзат баласы атмосфераны барынша ластап, барған сайын оның тазаруын қамтамасыз ете алмауда. Міне, осындай құбылыстарға, табиғи апаттарға сәйкес кәсіби экологтарға сұраныс арта бастайды. Ал, керісінше, 10 жылдан кейін тәжірибеге еніп, медицинада үйреншікті іс бола бастап, электроника, биотехнология саласының жетістіктерін жемісті пайдаланады. Міне, соның кесірінен медицина мамандарына сұраныс азаюы да ықтимал. Қазір кей дамыған мемлекеттерде компьютерлік жүйе адамның тамырын ұстап, оның қандай аурумен ауыратынын, қандай ем керек екенін айтып береді. Сондықтан мұндай ақылды жүйе іске қосылса, әрине, болашақта бұл мамандыққа да сұраныс азаймақ. Алайда болашақта тағамдық өнеркәсіпке деген адамдардың сұранысы күрт өсуі мүмкін. Өйткені табиғи тағамға деген талғам күннен-күнге жоғарылап келеді. Сондықтан қоспасыз азық-түліктер өндіретін кәсіпорындардың да асығы алшысынан түскелі тұр.
Өңірдегі жағдай қандай?
Өңірдегі ең ірі оқу орны саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің шығармашылық мамандықтарына құжат тапсырған талапкерлер саны 1200-ге жеткен. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 400 талапкерге артық. Әсіресе, университеттің «Дене шынықтыру мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасына 600-ге жуық талапкер құжат тапсырса, «Бастапқы әскери даярлық мұғалімдерін даярлау және Сәулет, Тынығу» білім беру бағдарламалары тобына 120-140 аралығында құжаттар тапсырған. Тағы бір айта кетерлігі, педагогикалық ғылымдар саласы бойынша білім беру бағдарламалар тобына 300 мемлекеттік грант бөлінген. Бұл жылда университеттің педагогикалық мамандықтарына бөлінетін гранттар санынан 1,5 есеге артық.
Университет жылдағымен салыстырғанда биыл студенттер үшін жеңілдіктер де қарастырған. Мысалы:

  • кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін квота (5%);
  • кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар үшін квота (1%);
  • бала кезінен мүгедек балаларды, І, ІІ топтағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар үшін квота (1%) жеңілдіктер қарастырылып отыр екен.
    Мейлі, кім болып шықса да, өз ісінің маманы болып шыға алса ғана қоғамда өз орнын таба алмақ.
    Ал үздік көпсалалы ЖОО қатарында Халықаралық Тараз инновациялық институты тұр. Бұл білім ордасы еліміздің Білім сапасын қамтамасыздандыру бойынша тәуелсіз агенттігі үздік көпсалалы жоғары оқу орындарының рейтингін жариялағанда 14-орынға табан тіреген. Бүгінде Халықаралық Тараз инновациялық институтының профессор-оқытушылар құрамы мен ғылыми қызметкерлердің біліктілігі, білім беру бағдарламалары, ғылыми-зерттеу және инновациялық бағыттағы жұмыстар, халықаралық қарым-қатынастар, ақпараттық қамтамасыз ету, түлектердің жетістіктері мен олардың жұмысқа орналасуы жоғары көрсеткіштерге ие болып отыр. Институттың материалдық-техникалық базасы да қалыптасқан. Заманауи үлгіде соғылған оқу ғимараттары, спорт кешені, шағын спорт алаңдары мен Студенттер үйі бар. Институтта бірегей ғылыми және әдістемелік орталықтары да жұмыс істейді. Агробиологиялық ғылыми-зерттеу институты, «Мал шаруашылығы және ветеринария» ғылыми-зерттеу орталығы, «Шерхантану» ғылыми-зерттеу орталығы, «Рухани жаңғыру» орталығы, «Құқықтық зерттеулер және медиация» ғылыми-әдістемелік орталығы, инклюзивті білім беру және психологиялық қолдау орталықтары бар.
    2008 жылы Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті болып құрылып, 31 білім беру бағдарламасы бойынша білім беріп, қысқа уақыт аралығында білікті мамандарды заман ағымына сай тәрбиелеп шыға алды. Университет білім беру және ғылым салалары бойынша академиялық ұтқырлық, тәжірибе алмасу мақсатында, Қытай, Германия, Польша, Малайзия, Түркия, Оңтүстік Корея және ТМД елдеріндегі алдыңғы қатардағы жоғары оқу орындарымен келісімшарттар жасасқан. Биыл 688 студент өтініш тапсырып, оның 454-і күндізгі, 234-і қашықтан оқыту технологиясы бойынша білім алмақшы. Жалпы қанша студент түсетіні әлі де толықтай белгілі емес. Мәселе санда емес, сапада деп білім беретін бұл университеттің әрбір түлегінің болашақтың бір кірпіші болып қалануға хақы бар.
    Мейлі, қай білім ордасын бітірсең де, болашақ сенің қандай білім алғаныңа қарайтын заман келе жатыр. Сондықтан әрбір студент мамандығы мен алдағы өмір жолының бағытын өзі дұрыстауы керек.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.