Қалалық қоғамдық-саяси газет

Майдан хаттары – құнды қазына

0 447

XX ғасырда жер үстінде дүрбелең басталып, фашизмге қарсы қасіретке толы қантөгістің өткенін білеміз. Бұл нәрсеге өткен күн өткеннің еншісінде деп қарауға болмайтыны рас. Себебі сол оқиғаның әсері бүкіл қазақ халқын әбігерге түсірген. Бұл – біздің тарихымыз. Мұны жақсы түсінген мұрағатшылар 1943 жылы ресми құжаттардан басқа, жеке адамдардың майданнан тылға, тылдан майданға жазған хаттарын сақтаумен айналыса бастаған. Ол хаттар әр өңірдің және «Қазақстан Ұлы Отан соғысы жылдарында» деп аталатын мұрағат қорында сақталған.

Сәндібек Піренов

Хат – тарихи шежіре. Сондықтан да майдангер хаттарында тек адамдардың жан тебіренісі, жүрек сөзі жазылған деу қате пікір. Тіпті сол хаттардан кейбір мәліметтердің дәл жауабын табуға болады. Бұл мәліметтерді құштарлықпен зерттеген мұрағатшы, ардагер журналист, жазушы болған марқұм Мақұлбек Рысдәулеттің де кітаптарынан кездестіруге болады. Сарғыш тарта бастаған майдангер хаттарын оқи бастағанда, кешегі дамылсыз соғыстан кейін тынығып, блиндажда, госпитальде не тыста бір сәт өткенді еске алып, параққа хат жазып отырған жауынгер бейнесі елестейді. Осы орайда біз де облыстың мемлекеттік мұрағатына барып, майдангер хаттарын ақтарып көрдік. Байқағанымыздай, құнды деректер жетерлік екен. Соның бірі – сұрмерген Ыбырайым Сүлейменовтің майдан даласынан жазған бірнеше хаты.

«Амандық хаты ардақты ата-анамызға Ыбырайым балаңыздан… Аман-есен жүріп жатқан боларсыздар? Бала-шағаларыңыз тегіс аман ба? Менен амандық сұрасаңыздар, мен де аман-есен жүріп жатырмын. Бөтен сөз жоқ. Қол босағанда жазған хатымды жақсылап оқыңдар. Хатты сақтап қойып, достарыма беріңдер. …Аттанғанмын Гитлерге көр қазуға. Балаң бабында. Немістер бұзық. Болмайды армандары. Батырамыз қанға оларды. Жауды жеңіп, аман барамыз еркелеп жандарыңа…», – деп барып, қара өлеңге көшеді. Осы өлең жолдарында фашистерді жеңуге атсалысқан 9 досын атап көрсетіп, олардың батыр екенін жазады. Сол хаттың соңында «Шығарған қоспасы жоқ әңгіме» деп «28.6.43 ж» жазған күнін де белгілеген. Осындай хаттардың бірінде Ыбырайым сол кездің өзінде жауынгерлерге танымал мерген болғанын айтады. Тіпті арнайы танысқалы келген адамдар да болыпты.

Елдің тыныштығы үшін майдан шебінде алысқан батыр бағландардың мақсаты – жауды жеңіп, туған-туыстарымен қайта қауышу болғаны рас. Соғыс кезінде сол сағыныш ұшқыны жауынгерлерге рух береді. «Тек қана Отан үшін» деп алысқандардың кейбірі сол бейбіт заманды көрмеді де. Бірақ тірі кезінде жазған сағыныш хаттары тарих қойнауында сақтаулы. Сол хаттарда махаббат тақырыбы кездеседі. Мәселен, зайыбы Ұяткүлдің жазған хатына майдан даласынан жуалылық Тәліпбек Сапарәліұлы жауап жазыпты:

Қалам ап жауап жаздым жарым үшін,
Хатыңды оқып көріп, қайнады ішім.
Еш адам өз қолымен тоқтата алмас,
Алланың құдіретті мынау күшін.

Ал, жарым, менен хабар енді саған,
Хатыңыз келіп тиді маған жазған.
Оқысам, сол хатыңда уайым көп,
Жаратқан қуат берсін Алла Тағалам.

Әрине, ойнап-күлер шағың емес,
Жетпейсің алыстамын созсаң құлаш.
«Сары алтын – сабыр түбі» деген сөз бар,
Алладан ықыласпен соны сұрас.

Мен тұлпар жетем саған қалмай ақсап,
Қырандай жауды жеңіп елге қайтсақ.
Түбінде жеңіс бізде, сүйген жарым,
Асықпай артын күтіп тұрды тоқтап.

Ал, жаным, аман болғын жолыққанша,
Құдайдан шындап тіле, қорыққанша.
Алды-артың таза болсын күлкі қылма,
Сұлтаның жауды жеңіп барып қалса.

Осы өлең жолдарының соңына «Сәлеммен, өзіңнің Тәліпбегің» депті хатта. Мұнда автор соғыстан аман оралатынына күмәнмен қарайтынын жазыпты. Өлеңнің соңғы жолдарында соғыс жылдарында қаралы хабар алып, кейін амалсыз екінші рет күйеуге шыққандардың тағдыры астыртын жазылған. Ақын Мұхтар Шахановтың «Ғайша» поэмасы осыған дәлел секілді. Тәліпбек Сапарәліұлы соғыстан аман-есен оралып, жары Ұяткүл екеуі бақытты да баянды ғұмыр кешкен.
Соғыс жылдарында Байзақ ауданы, Шахан ауылының тумасы Тұрғын Рүстембековтің хаттары СССР-дің шығысынан келіп жатты. Шындығында, Тұрғынның қасіретті оқиғалары майданнан келген хаттардан бұрынырақ басталған. Ол соғысқа кірмей жатып, ашаршылықтың қасіретін көрген. Алғашқы кездері бауырымен жүріп, кейін одан да ажырап қалған. Ес жиып, азамат болғанда, бауырын іздеп таба алмаған. Өмірінің соңына дейін бауырын іздеумен болды. Соғыс жылдарында елге жиі хат жазып, ол туралы хабар күтті. Хабар келмеді. Оның алғашқы хаттары соғысқа кірмей тұрып, яғни Чита маңында әскери дайындықтан өтіп жатқанда жазылған. Әкелері Күреңкейден қалған жалғыз тұяқ Зиракүл ағасының бір ғана хатын көздің қарашығындай сақтап отыр. Майдангерден қалған соңғы естелік осы ғана. Тіпті суреті де жоқ. Сол хатында майдангер ағайын-туыстың жағдайын сұрап, үйдің дәмін сағынғанын да жазыпты. «Мүмкін болса, жіберіңдер» деуді де ұмытпапты. 1919 жылы Байзақ ауданындағы Чапаев совхозында туған Тұрғын 1942 жылы әскерге алынған. Читада атты әскер құрамында әскери дайындықтан өтіп, жыл соңында фашистерге қарсы батыста шайқасты. «Боздақтар» кітабында 1943 жылы Ярославль қаласының маңында қаза тапқаны жайлы жазылады. Туыстары 1945 жылы қара қағаз алыпты.

Соғысқа Қыбырай елінің Қордай жақты мекендейтін Шойғара ұрпағынан да көптеген адам қатысты. Майданнан қайтпай қалғандар да аз емес. Солардың бірі – Иманбек Сағынбеков. Ол 1911 жылы Қаракемер ауылында дүниеге келген. Сол кездегі қазақ балалары секілді ол да 7 жасында ауыл молдасынан хат таныған. 1921 жылы Қасық селосындағы мектеп табалдырығын аттайды. Онда бес жыл оқып, Алматыдағы үш айлық мұғалімдер курсына жолдамамен жіберіледі. Қасқасуда сауатсыздар мектебін ұйымдастырып, бір жылдай сабақ береді. 1935 жылы отау құрып, Әсия есімді қызы дүниеге келеді. Мұғалімдік қызметте жүргенде, 1941 жылы 30 жасында соғысқа аттанады. Ол өзінің өлең хатын 1942 жылы Иваново госпиталінде жазған. Онда майдангердің туған жерге, туыстарына, жора-жолдастарына деген жүрекжарды сағынышы мен майдан даласында өз басынан өткен сәттері баяндалады. Сол хат жазылғаннан кейін 21 қыркүйекте госпитальден шығарылғанын, Мәскеудің Калинин қаласына келгендігін, аяқтың жарасы жазылғанымен, кемдігі көзге ұрып тұрғанын жазған. 28 қыркүйекте тағы бір хаты келген. Онда батыр Калинин қаласынан шығып, майданға кіргенін, енді бұрынғы 8-гвардия емес, 45-гвардиялық дивизияның атқыштар полкінің 2-батальон, 4-рота, 3-взводында екенін баяндайды. 1942 жылдың 17 қазанында және бір хаты, соңғы хаты келген. Сол хатта Калинин майданында екендігін, гвардиялық дивизияның өзін қорғауға ерекше құрылған пулемет батальонында болғанын жазған. Жуырда аға сержант атағын алғанын да түрте кеткен. Бұдан соң ешбір хабар-ошар болмаған.

Жау зұлым, соғысқұмар айласы көп,
Жолдастың осындайда шын пайдасы.
Түбекбай мен Сейсетай көре салып,
Екеуі жетіп келіп тез байласты.

Нұрпейісов көтеріп арқасына,
Алып кетті ағаштың қалқасына.
Мыңжасаров екеуі үш шақырым
Жердегі алып барды санчасына.

Жатқаныма осылай бір ай болды,
Жара тәуір, қан кіріп, реңім толы.
Енді біраз күннен соң құлан-таза,
Жазыламын дегендей болам ойлы.

Бұдан соң тағы барам майдан жаққа,
Маңдайға не жазды екен біздің баққа?
Жауды жеңіп, ертерек есен-аман,
Қайтар күн болар ма екен ауыл жаққа?

Соғысам жауыз жаумен Отан үшін,
Сталин көсем үшін, намыс үшін.
Қалғанша жалғыз тамшы қан денемде,
Соғысам фашистермен жинап күшім.

Қош енді, елім, жұртым, аға, бауыр,
Қалып ем бір ажалдан болдым тәуір.
Жау жеңіліп, ертерек біз жеңейік,
Тілеулес болыңыздар барлық ауыл.

Бұл жолдар майдангер жазған хаттардың бір бөлігі ғана еді.
Майдангер Дүйсен Майкөұлының хаттарынан да туған жерге деген сағыныш, жеңіске деген сенім сезіліп тұрады. Ол Қордай аудандық әскери комиссариатынан майданға шақырылған. Әрине, ол да алғашында майданға кіргенге дейін Фрунзе (Бішкек) қаласында минометшілер даярлайтын курста оқиды. Сөйтіп, Мәскеу маңында майданға кіреді. Мұрағатта сақталған бірнеше хатта Дүйсен Майкөұлының анасы Ақтиынға жазған хаты да бар екен. Ондағы деректерге сүйенсек, 42 жастағы әкесі Майкө Медеуұлы Көкшетауда екі ай әскери дайындықтан өткен соң, Мәскеуді қорғауға қатысып, кейін Ленинград маңындағы соғыста болған. 1942 жылдың қысында сол Ленинград облысының Сорокин деревнясының маңында қаза тапқан екен. Бұл кезде Дүйсен минометшілер даярлайтын курста дайындықтан өтіп жатқан. Майданда жаумен арпалысып жатқанда, отбасының жағдайын ойлап жиі хат жазып, хабар алмасып, өзінің жолдастарымен бірге жеңіспен оралатынына сенім білдірген. Бірақ қатал соғыс жас батырдың өмірін қиды. Бұл 1943 жылдың күзі болатын. Осы әулеттен үш адам соғысқа қатысыпты. Майкөнің Дүйсеннен кейінгі баласы 1927 жылы туған Исабай да ұшқыштар даярлайтын курсты бітіріп, майдан шебіне келгенде соғыс аяқталыпты.
Соғыс жылдарында жазылған майдангер хаттары – тек сол шаңырақтың ғана емес, күллі қазақ жұртына қажетті дүние. Олардың қай-қайсысын алсақ та, соғыстағы жауынгерлердің ерлік оқиғаларын оқуға болады. Солардың ішінде халық арасында Бауыржан Момышұлы мен Баубек Бұлқышевтың және бір топ жазушылардың хаттары тіпті мектеп бағдарламасындағы оқулықтарға енген. Сол үшін де майдангер хаты батырлардан қалған мирас десек те болады. Оны сақтау, келер ұрпаққа жеткізу – біздің парызымыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.