Қалалық қоғамдық-саяси газет

Махаббат та рухани жаңғыру керек

0 182

Соңғы екі жылдың бедерінде баспасөз беттерінде қайта-қайта жазылып, ел аузында жиі айтылып жүрген рухани жаңғыру тек тарих пен танымға ғана қатысты емес қой.

Бекнұр Сатыбалдиев

Меніңше, ұлы мәртебелі махаббатқа да рухани жаңғыру қажет болып тұрған секілді. Себебі жыл сайын сәуірдің 15-і келгенде, қазақ тілді ақпарат құралдарында «Махаббат күні қажет пе?» деген сауал төңірегінде пікір-талас туындап жатады. Осындай ойдың айтылып, жазылуының өзі махаббаттың мәртебесін құлдыратып алғандығымыздың көрсеткіші секілді. Бәзбіреулер мұны тек жастардың селтең құрып, сезімін білдіретін күн деп қана қарайды. Мәселеге арыдан қарап, тереңнен бойласақ, бұл күнді де ұлттың рухын оятудағы керемет идеологиялық құрал ретінде неге пайдаланбасқа?!

Қазақ əдебиетіндегі махаббат сарыны алғаш рет ауыз əдебиеті үлгілерінде көрініс тапты. Сан ғасырлар бойы ауыздан-ауызға көшіп, халық көңілінің сүзгісінен өтіп өңделді, жаңарды. Қазақтың ауыз әдебиетінде де, жазба әдебиетінде де махаббат тақырыбына арналған небір тамаша туындылар бар. Орта ғасырларда Шығыс шайырларының Тараздың арғымақ аттары мен ару қыздарын өз жырларына қосып, жүз жыл бойы жырлағанын айтамыз да қоямыз. Сол секілді Айша бибі мен Қараханның махаббат дастанының 20-дан астам нұсқасы бары да, жан-жақты зерттеуді қажет ететіндігі де анда-санда көтеріліп қоятын тақырып. Бұдан бөлек, қазақ лиро-эпостық жырларының көшбасшысы болған «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек пен Төлеген», «Қалқаман-Мамыр», одан берідегі «Мақпал қыз», «Құл мен қыз», «Күлше қыз-Назымбек», «Есiм серi-Зылиха» жырларының да көркемдiк-тарихи мəнi ерекше. Проза мен поэзияда махаббат тақырыбына жазылған шығармалар өз алдына бір төбе. Дегенмен жайшылықта ол шығармаларды насихаттап жатқан ешкім жоқ. Бірақ бұл да қазақ әдебиеті мен мәдениетінің бір бай мұрасы ғой.

15 сәуір – Ғашықтар күні биыл да үн-түнсіз өтті. «Үн-түнсіз өтті» дегенде, көксегеніміз алаулаған-жалаулаған, қызылды-жасылға толы мәні жоқ, мағынасы жоқ шаралар емес еді. Ғашықтар күнінде жоғарыда сөз еткен бай мұрамызды насихаттауға, ұлт танымындағы махаббат ұғымының ұлылығына, осы тақырыпта жазылған шығармалардың көркемдігіне мән беріп, жастар санасына сіңіретіндей кең көлемді кешенді шараларды неге өткізбеске? Осындай бір игі іс Айша ару мен хан Қарахан мәңгілік мекен тапқан көне Тараздан бастау алса нұр үстіне нұр болар еді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.