Қалалық қоғамдық-саяси газет

Маңғыстауда ауыл тұрғындары мектеп жанындағы үй құрылысына қарсы

0 198

Маңғыстау облысында мектеп іргесінен салынған үйге қатысты ауыл тұрғындары наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Экспресс К

Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылындағы №14 мектеп қоршауына өте жақын салынып жатқан жеке тұрғынүй ата-аналарды алаңдатып отыр. Себебі, бұл үй алдағы уақытта оқушылар үшін төтенше жағдай тудыруы мүмкін деп санайды.

«Басқұдық ауылындағы №14 мектеп жанынан салынып жатқан жеке тұрғын үйге қарсымыз. Қалаған жерден үй салуға кім рұқсат беріп отыр? Жерді қандай мақсатта, қандай нысанға арнап сатты? Бұл қаншалықты заңды? Біз мектеп алды ашық алаң болғанын қалаймыз. Одан балаларға спорттық нысандар, үйірмелер болғаны дұрыс», — дейді Гүлсім есімді ауыл тұрғыны.

Аудан әкімінің баспасөз хатшысының сөзінше, аталған мәселе қазіргі уақытта Мұнайлы ауданы әкімдігінің күн тәртібінде тұрған көрінеді. Бұл жағдайды әкім тікелей қадағалауға алып, жақын күндері мәселе шешімін табады.

 

«Маңғыстау облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы осы мәселені өндіріске алды. Бүгінгі таңда тексеріс тағайындалып жатыр. Құрылыс нысандарының рұқсатнама құжаттары рәсімделмеген. Тексеріс қорытындысы бойынша, қосымша ақпарат беріледі», — дейді облыстың мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының мамандары.

Мектеп іргесінде салынып жатқан үйге қатысты тұрғындар тамыз айынан бері шағымданып келе жатса да, құрылыс әлі жалғасып жатыр. Ал жаңа үйдің тура мектеп іргесінен салынып жатқаны ауыл тұрғындарына түсініксіз болып отыр.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.